Accessibility links

Коммунистер «Қазақстанның демократиялық таңдауын» сынады


Қазақстан коммунистер партиясының Алматы қалалық комитеті мен Жұмысшылар қозғалысы қалалық бөлімшесінің өкілдері «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігін сынға алды.

Жұма күні Қазақстан коммунистер партиясы сол қанатының Алматы қалалық комитеті мен Жұмысшылар қозғалысы қалалық бөлімшесінің өкілдері журналистерді баспасөз мәслихатына жинады. Оған 1-шілде күні Алматыда болып өткен «Қазақстан мен Ресейдегі экономикалық, әлеуметтік және саяси реформаларды салыстыру және талдау» атты конференция аясында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің саяси кеңесі мен Ресей Оңшыл топтар Одағы арасында өзара бірлесіп әрекет ету жөніндегі келісімнің орнауы, сондай-ақ, Қазақстанға НАТО-ның бас хатшысы Джордж Робертсонның келуі себеп болыпты. Жұмысшылар қозғалысы Алматы қалалық бөлімшесінің төрайымы Сақып Жаңабаева бұл тұрғыда:

«Қазақстанның демократиялық таңдауы саяси кеңесінің мүшелері таяуда Ресейдің Оңшыл топтары одағының жай ғана мүшесі Баранниковты шашылып-төгіліп қарсы алып, Қазақстанның саясатында жүрген атышулы азаматтарын аяғына жығып берді. Ал оның соңынан Қазақстанға НАТО- ның бас хатшысы Джордж Робертсон келіп, Президенттің қабылдауында болды. Негізі, бұл жағдайлар бір-бірінің жалғасы сияқты. Өйткені қазірде АҚШ, Ресей, Жапония сынды мемлекеттер елдегі адам құқтары мен демократияны алға тартып, Қазақстан әскерін өз қалауларына қарай сәйкестендіруге тырысуда. Аталған оқиғалар - осының көрінісі. Алайда, өздерін оппозициямыз, халықтың жағдайын ойлаймыз деп жүрген ДВК-лықтардың өздері, бұған қарсы тұрмақ түгілі, , қит етсе, АҚШ-тан немесе Ресейден араша сұрайды, соларға қарай жүгіреді. Ал жұмысшылар қозғалысының өкілдері бұған қарсы», - дейді.

Сақып Жаңабаеваның пікірінше, бұл - Қазақстан халқына туған үлкен қауіп. Өйткені, ондай қадамдардың ешқайсысы да қарапайым халық мүддесін қорғауды көздемейді.
XS
SM
MD
LG