Accessibility links

Тосын да таңғажайып оқиғалар әлемінде


Тосын да таңғажайып оқиғалар әлемінде

КОФЕҢІЗДЕН АШЫ ТЕРДІҢ ДӘМІ СЕЗІЛМЕЙ МЕ ?

Күнделікті ішілетін бір чәшке ыстық кофе адамға жан рахатын әкелетіндігі рас па? Мүмкін бұл керісінше мыңдаған адамдардың денсаулығымен келетін жан рахаты болар.

Кофе дәнін өндіру бүкіл әлемдегі бұл сала өндірісшілерінің жағдайын жақсарту орнына, құлдыратып бара жатқаны қалай?

Көптеген елдердегі кофе алқаптарында жұмыс істейтін шаруалар мұндағы ауыр жұмыстан белі қайысып, тапқан табысы жоғалтқан денсаулығының өтеуіне жетпей жатады. Кедей отбасыларының бұғанасы қатпаған балалары болса, мектепке барып, сауат ашып білім алудың орнына кофе алқаптарында күнге күйіп, кофе дәнін теріп, тазалау сияқты ауыр жұмыстардан қажып- шаршайды. Осының бәрін көріп- білген кезде таңғы бір кесе кофеңіздің дәмі сіз ойлағандай жұмсақ, дәмді емес қатқылдау болып сезілері айқын. Міне сондақтан да "Ютз Капи" қоры бүкіл әлемнің қоймалары мен дүкен сөрелерін қанаушылықпен емес, әділетті шарттар жағдайында өндірілген ақ-адал кофемен толтырғысы келеді.

Ежелгі майя тілінде атауы "жақсы кофе" деген мағынаны білдіретін бұл топ, жұмысшыларына қажетті жағдайдың бәрін жасап, еңбекақысын адал төлейтін, олардың денсаулығын қамсыздандырып, қамқорлық жасайтын, адамдарға және айналаға зиян келтіретін қалдықтарға тұрақты бақылау жасайтын шаруа фермаларымен ғана жұмыс істейміз деген мақсат қойып отыр. Голландияның Ахолд дүкендер жүйесіне тауар жеткізетін Ютз Капи компаниясы кофе фермаларында шартты еңбек талаптарының сақталуына алаңдаушылық білдіріп отырған бірінші компания емес. Алайда жұмысшыларын жоғарыда айтылған шарттардың бәрімен қамтамасыз еткен фермалардың ғана өндірген кофесіне қымбатырақ баға қою арқылы адамгершілік пен адамдық талаптарына үндеп отырған алғашқы компания екендігі рас.

МАХАББАТ СОҚЫР БОЛСА ДА, ТАС КЕРЕҢ БОЛМАЙДЫ...

Егер сіз түнгі ұйқыңызды төрт бөлмей, тәтті ұйықтап, жақсы түс көре алсаңыз бұл да жан рахатының бірі. Алайда... "Күнделікті Қытай" атты басылымның жазуынша , 38 жасар Жу Гүжиаңды үйленген түннің ертесі-ақ сүйіп қосылған ғашығы жар төсегінен безіп, тастай қашқан. Сөйтсе, тойдан кейінгі алғашқы түні-ақ ұйықтаған сәтте екпіні тау қопарғандай қорылға басқан күйеуінің қорқынышты даусынан шошып, кірпік айқастыра алмған жас келіншек сол түні-ақ сіңлісінің жанына барып жатқан.

Содан бері 33 жасар келіншек Люо екі жылдық жұбайлық өмірін күйеуі мен сіңлісінің үйі арасында өткізіп келген. Осы көктемде жұбайлардың кішкентай қызының дүниеге келуі, олардың өміріне аз да болса өзгеріс енгізген. Енді келіншек күніне толық жұмыс уақытын күйеуінің жанында өткізетін болып шешкен. Бірақ бір ай бойғы ұйқысыз өткен түндерден кейін, Люо бұдан әрі мұндай қиын жағдайға төзе алмаймын деп, қорылдауық күйеуінен ажырасамын деп сотқа арыз берген.

ҚАНҒА ЖОМАРТ АВСТРАЛИЯЛЫҚ АЗАМАТ

Дүние жүзі бойынша донорлық қан тапсырудан рекордты көрсеткішке қол жеткізген батыр да жомарт адам Австралияда тұрады. 66 жасар Жеймс Харисон алғаш рет донор болып өз қанын бөгде біреудің өмірін алып қалу үшін тапсырғанда 18 жаста болған екен. Үш жылдан кейін тікелей қан құю арқылы тағы да қан береді. Міне содан бергі 58 жыл уақыт ішінде бұл жомарт жан қанының 480 литрін сыйлап үлгеріпті. Бұны банкіге құйсаңыз 800-дей банкі болады немесе оншақты жеңіл машинаның бензобактарын толтыруға жетеді екен.

Австралияның Қызыл крест қоғамы қан қызметінің басшылығы елде шілденің 6-12 аралығында аталып өткен ұлттық Донор апталығы барысында Жеймс Харисонды "Австралия батыры" деп жариялап, оны Гиннестер кітабына кіретін жаңа кейіпкер деп атады. Харисонның қан тапсыру көрсеткіші бұдан бұрын рекорд деп мойындалып келген американдық Говард Дрюдің көрсеткішінен әлдеқайда асып түскен. 2003 жылы Гиннестер кітабына енгізілген Говард Дрюдің барлық тапсырған донорлық қанының мөлшері 106 литр болған.

ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚАЖЫТҚАН МЫСЫҚ.

Румынияның өрт сөндіру қызметіндегі байырғы жұмысшылар түрлі от-жалын, өрт кездерінде мысықтарды құтқаруға әбден машықтанып алғанбыз дейді. Бірақ осы уақытқа дейін олар мысықтан адамды құтқарып көрмепті.

Бухарестің тұрғыны Елизавета деген әйел Бирман мысығының өзіне жасаған шабуылынан төртінші қабаттағы балконда үш сағат бойына қорқыныш пен үрей құшағында қамалып қалған. Ұлттық газеттердің бірінің жазуынша, 49 жасар Елизавета мысығына таңертеңгі тамағын бермекші болғанда, мысық иесіне қарай атылған. Аяқ-қолдары тырналып, әжептәуір жараланған ол жан-дәрмен балконға қашып шығып үлгереді. Не үйге қайтып кіре алмай, не балконнан секіріп кетуге жан тәтті, амалы құрып айқайлап тұрған айелдің даусынан , мүмкін әлде күйеуінің қорылынан оянған көршісі балкондағы төтенше жағдайдан құрбысын құтқару үшін өрт сөндірушілер командасын жедел шақырады.

Өрт сөндірушілер балкондағы айелді баспалдақ қойып түсіріп құтқарады, мұны көрген ашу-ызалы мысық иесінің соңынан көрпесін де балконнан лақтырады. Бұл оқиғаға куә болғандар мысық мүмкін жаңа балалаған болуы мүмкін , сол себепті ана мысық әлі көзін де ашпаған балаларын тіршілік иесінен қызғанған немесе қорғаған түрі болар деген ойда қалған.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG