Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Еренғайып Қуатайұлының премьер-министр Даниял Ахметовтың қазақ тіліне немқұрайлы қарайтындығы, Алматы қаласының маңайындағы ауылдарға экстремистік топтардың келіп үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатқандығы және тағы да басқа рухани, мәдени мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

“Ақ жол Қазақстан” апталығының кезекті №28 (49) санында Еренғайып Қуатайұлының “Билікті бүйідей шаққан қарар күшін жоя ма”, Қонақбай Қожа-Нияздың “Азаматтықтың азабы” және тағы да басқа саяси тақырыпқа арналған мақалалар жарық көрген. Газеттің бесінші және алтыншы айқарма бетінде Парламент мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай мырзамен сұхбат берілген.

Ал, газеттің екінші бетінде журналист Айжан Көшкінованың, Старсбург қаласына барып келген белгілі оппозиция өкілі Нұрболат Масановпен жүргізілген сұхбатында, Еуропарламенттің ақпан қарарының қайта қаралуының неғайбіл екендігі айтылған. Нұрболат Масановтың айтуынша, Сыртқы Істер министрлігі – жалған ақпарат таратуға әбден дағдыланған, барып тұрған суайт орган.

“Сыртқы Істер Министрлігі Президентті, де, министрлер кабинетін де, қоғамдық пікірді де жаңылыстырады. Бұл жиын - Еуропарламенттің, тіптен Қазақстан мәселесін қараған, Еуропарлемент жанындағы Орталық Азиямен ынтымақтастық бойынша комиссияның отырысы емес. Қазақстан мен Еуропарламенттің парламентаралық жұмысшы тобының қатардағы отырысы” дейді Нұрболат Масанов.

Газеттің үшінші бетінде Еренғайып Қуатайұлының “Ахметов қай елдің премьер—министрі? “ деген мақаласы орын алған Автор өз мақаласында жаңадан тағайындалған премьер-министр Даниял Ахметовтың мемлекеттік тілге жаны ашымайтындығын тілге тиек еткен.

“Жиындарда Ахметов бір сағаттай сөйлейді. Оның бір секундын да мемлекеттік тілге қимайды. Сонда Ахметов қай елдің Премьер-министрі өзі? Таққа отырарда қазақ тілінде ант беріп, елді “алдағаны” кімге керек? “ деп сауал тастайды Еренғайып Қуатайұлы.

“Қазақстан Заман” басылымының кезекті санында №28 (435) “Руханият” университетінің ректоры Мұрат Жарықбаев “Шетелдік миссионерге қалай қарайсыз” деген сауалға байланысты өз ойын білдірген. Мақаладағы келтірілген деректерге сүйенсек, Қазақстандағы халықтың 70-75 проценті мұсылман, 20-22 проценті христиан, ал қалған үш проценті өзге дін өкілдері.

“Бірақ өкінішке қарай, мемлекетіміз сырттан қарағанда мұсылман мемлекеті болып саналғанымен, ішкі мәселелерде бұл жағдайда күмән туады. Біз зайырлы мемлекет болсақ та, жыл санау, күн санау, жаңа жыл мерекесі христиандық үлгіде өтеді. Сол себептен де біз зайырлы мемлекет емес, христиан мемлекетке ұқсаймыз” дейді Мұрат қажы Мыңбаев.

Газеттің бас мақаласы ретінде Әнуар Тарақовтың “Экрандағы зорлық-зомбылаққа тосқауыл” деген материалы берілген. Мақала авторының айтуынша, бүгінгі таңда теледидар бетінде неше-түрлі зорлық-зомбылықты көрсететін фильмдердің қаптап кетуі, жас ұрпақтың санасын улап жатқан көрінеді.

“Алайда бұқаралық ақпарат құралдарында қазір айтылып та, жазылып та, жатқан осы бір күрделі мәселенің нақты бірі шешімі табылмай келеді” деген мақала авторы, оның жолын батыл кесіп жүрген мемлекеттердің бар екендігін де мысалға келтіреді.

“Соңғы уақытта Италияда таңғы сағат жетіден, түнгі он бірге дейін көгілдір экранда зорлау мен порнография мүлде көрсетілмейді. Өйткені мұны заңды түрде тежейтін арнайы комиссия қадағалап отырады. Қазақстан мемлекетінде Мәдениет ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі заңдық тұрғыда талап қойып, телерадиохабарларды жартылай қазақшалағанымен, жеке меншік телеарналар қылмыстың небір түрлерін көрсететін, зорлық –зомбылықты насихаттайтын шетелдік фильмдерді көпшілікке ұсынуды әлі тимай келеді” дейді мақала авторы Әнуар Тарақов.

“Қазақ елі” газетінің кезекті №19 (266) санында Сәндібек Әлібекұлының “Дін – тәрбие мектебі” деп аталатын мақаласы мен “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовпен жазушы Бақыт Сарбалаұлының жүргізген сұхбаты берілген.

“Журналист” газетінің соңғы санында жарық көрген мақалалардың көпшілігі журналистердің проблемасына арналған. Газеттің төртінші бетінде Қазақстандағы белгілі журналистер “Шахар” телеарнасының вице-президенті Нұрлан Нұрғазин, әр түрлі телеарналардың тілшілері Дәулетхан Қыдырбайұлы, Серік Әбікенұлы, Ораз Баймұрат “Ұлттық тележоба қандай болуы керек? “ деген сауалға жауап берген.

15 шілде күні Жоғарғы оқу орындарына түсуге ниет білдіргендердің арыз беру мерзімі аяқталады. Осыған байланысты “Экспресс К” газетінің 15 шілде күнгі санында Гүлсім Күнелекованың “Есеп әлі біткен жоқ” деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақалада келтірген деректерге жүгінсек, биылғы жылы 124 мың адам Жоғарғы оқу орнына түсуге арыз беріпті. Әсіресе оқуға түсуге ниет білдіргендердің арасында қаржы саласында оқығысы келетіндер көп. Бір орынға қырық сегіз адам. Екінші орында бухгалтерлер мен аудармашылар дайындайтын факультеттер тұр. Бұл жерде бір орынға отыз үш адамнан келеді. Бұрынғыға қарағанда қазіргі кезде заң факультетіне түсуге құмартушылардың саны едәуір бәсеңдепті. Ол жерде бір орынға 24 адамнан келіп тұр” дейді мақала авторы.

Ал газеттің бесінші бетінде орын алған Ләззат Шүленованың мақаласында Қостанайдағы жүрек ауруын емдейтін мекемеге байланысты туып жатқан дау-дамай туралы айтылған. Коммуналдық мүлік және мемлекеттік сатып алу департаменті “Ем” атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік келісім шартта көрсетілген талаптарды орындаған жоқ деп мәлімдеме жасады. Алайда олардың мұндай үкімімен келіспеген аталмыш мекеменің бас дәрігері Ысқақ Есеркепов өз құқын қорғау үшін істі сотқа беріп отыр.

“Известия-Казахстан” қосымшасының 15 шілде күнгі санында Игорь Воротнойдың “Кеңсе жазады” деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақала авторының айтуынша, өткен жылдың бірінші жартысында ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері құпия түрде жұмыс жасап жүрген көптеген “террористердің” ұйымын қолға түсірген. Мысалы Алматы қаласында “Шығыс –Түркістандық ислам партиясы” деп аталатын ұйымның құпия түрде жұмыс жасайтындығы анықталған . Мамыр айында осы ұйымның үш азаматы тұтқынға алынған. Олардың үйінен неше түрлі қару-жарақ пен жарылғыш заттар табылған. Тергеу барысында ұйым мүшелерінің алыс және жақын шет елдегі экстремистік топтармен байланысып тұратындығы дәлелденген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевтың айтуынша, Алматы қаласына жақын орналасқан ұйғырлар көп тұратын ауылға, экстремистік топтың эмиссары келіп, жеті ай бойы ашықтан-ашық насихат жүргізген. Үгіт-насихат жүргізуінің арқасында ол, сол ауылда жүріп көптеген азаматтардың Ауғаныстанға кетуіне көмектескен.

Ал, осы газеттегі Светлана Алинаның мақаласында таяуда экология мәселесіне қатысты Алматы қаласында орын алған дау-жанжал туралы жазылған. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан мемлекетіне шет ел гранттарының арқасында миллиондаған доллар құйылып жатқанымен, экологияны дамытуға бір де цент түспейді екен.

“Казахская правда” газетінде Сейілбек Қышқашұлының премьер-министр Даниял Ахметовке жолдаған ашық хаты жарияланды. Сейілбек Қышқашұлы республика көлемінде меркеленетін үш тойды атап өтудің қажеті жоқ деп пайымдайды. Атап айтсақ олар, келесі жылы болатын тыңның алпыс жылдық тойы. Екіншісі 2005 жылы болатын Байқоңырдың 50 жылдық тойы. Үшіншісі, ол да 2004 жылы болатын Алматының 150 жылдық тойы.
XS
SM
MD
LG