Accessibility links

Баян-Өлгийге автокөлiк қатынасы ашылды


Қазақстан мен Монғолия арасында жолаушылар тасымалдайтын автокөлiк қатынасы ашылды.

"Жаңа маршрут екi мемлекетте өмiр сүрiп жатқан ағайын-туыстардың аралас- құраластығын жандандыру мақсатын көздейдi. Дегенмен, мұның басқа да қыры бар. Шет елдермен қарым-қатынастарды жандандырудың бiр арқауы -- автокөлiк жолдарын пайдалануға үлкен мән берiлiп отыр" деп хабарлайды, Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнен.

- Жол қатынасы бұған дейiн негiзiнен жүк тасымалдауға пайдаланылып келсе, ендi оны жолаушы тасымалдау саласымен қатар дамыту көзделуде. Осыған орай, жүк және жолаушылар тасымалдау жөнiнде көршiлес мемлекеттермен Үкiмет аралық келiсiмдер жасалуда. Қарағанды—Астана—Павлодар—Баян өлгей жолаушылар тасымалдау маршрутының ашылуы--соның жемiсi, - дейдi аталған министрлiктiң баспасөз қызметiнiң жетекшiсi Қайырбек Сәдуақасов.

Бұл жобаның өмiршеңдiгi сыналған алғашқы сапарлар сәттi өткен. Ендi оны тұрақты маршрут деуге болады. 45 кiсiлiк автобус екi аптада бiр рет қатынайды.

Автокөлiк байланысын дамыту бағытындағы алғашқы үкiметаралық келiсiмдердiң бiрi -1993 жылы Қазақстан мен Монғолия арасында жасалған едi. Дегенмен, жол қатынасының қиындығынан екi ел арасындағы автокөлiк қатынасын жандандыру қиынға соғуда. Тоқсаныншы жылдардың басынан берi Өскеменнiң үстiнен төте жол салу мәселесi көтерiлiп келедi. Бiрақ ол сөз жүзiнде қалуда. Жолаушылардың жаңа маршруты да Ресейдiң Алтай республикасы арқылы айналма жолды шиырлап өтеуге мәжбүр.
XS
SM
MD
LG