Accessibility links

Қазақстанның Аграрлық партиясы жергілікті мәслихаттарға 300 үміткер ұсынып отыр


Шілденің 16-сы күні Астанада Қазақстанның Аграрлық партиясының 4-і съезі өтті.

Съезде қаралған басты мәселе--қыркүйек айының 20-да өтетін облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар сайлауларына аталған партиядан үміткерлер ұсыну. Парламент Мәжілісінің депутаты, Аграрлық партияның мүшесі Қайрат Шалабаев «Алдағы уақытта мәслихаттарға шаруашылық қатынастары, жергілікті қаржы мәселелерін шешу мүмкіндігі беріліп, беделі өсетін болады. Сондықтан партия жетекшілігі алдағы сайлауларға зор маңыз беріп отыр»,-дейді.

Қазақстан Аграрлық партиясының 4-і съезіне республиканың барлық аймақтарынан 150-ден астам делегат қатысып, жергілікті мәслихаттар депутаттығына 300 кандидат ұсыну туралы шешімге келді.

Парламентте Аграрлық партияның фракциясы жұмыс істейді. Оған Мәжіліс пен Сенаттан 11 депутат мүше. Парламенттің соңғы сессиясында аграрлық фракцияның депутаттары ауылшаруашылығы жерлеріне жекеменшік енгізуді көздейтін Жер кодексінің қабылдануын қолдағаны мәлім. Дегенмен Аграрлық фракцияның мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Шалабаев жаңа Жер кодексінің болашағына күдікпен қарайды. Оның пікірінше, Жер кодексі қабылданғанмен ауыл шаруашылығындағы жағдай бұрынғысынша қала береді.
XS
SM
MD
LG