Accessibility links

“Қазақстан ДСҰ-ына енуге 50 пайызға дайын”


Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Жаннат Ертілесова осылай дейді.

Қазақстан Республикасы Дүние жүзілік сауда ұйымына мүше боп енуге дайындық жұмыстарын жасауда.

Осындай ұйымға кіру Қазақстан үшін қай жағынан тиімді және тиімсіз жақтары қандай болмақ деген мәселе төңірегінде біз экономика саласы мамандарының пікірін білген едік. Жалпы мамандар Қазақстан Республикасының осы ұйымға кіруін құптаған пікірлер айтты. Бірақ жан-жақты талдау жұмыстарының аса қажеттілігін де жоққа шығармайды.

Мәселен, Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау жөніндегі Агенттік төрағасының бірінші орынбасары, экономист Жаннат Ертілесова, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі қажет деп есептейді және оның бірнеше себептері бар дейді:

- Дүниежүзілік сауда ұйымына енудегі талаптардың бірі- біздің заңдарымызды халықаралық өлшемдерге сәйкестендіру. Өкінішке қарай біз, бірқатар бағыттарда бұл принциптерден өте алшақ кеттік. Дамыған елдер сүйенетін халықаралық тәжірибе бар. Әдетте, біздің өз ерекшеліктеріміз бар деп айтушыларды мен экономист ретінде түсінбеймін.

Екінші мәселе, біздің ірі көршіміз-Қытай дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып енді. Егер біз Қытайға қарағанда мейлінше қиын жағдайда болсақ, оның Қазақстан үшін ауыр экономикалық салдары болуы мүмкін. Үшіншіден, Ресей де Дүниежүзілік сауда ұйымна кіру алдында. Ал, ол біздің саудадағы негізгі әріптесіміз. Егер, Ресей Қазақстаннан бұрын Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше боп кіретін болса, мен экокномист ретінде, бұл Қазақстан үшін тиімсіз деп есептеймін, - деді ол.

Оның айтуынша, өйткені, Ресей келіссөздердің басқа жағында болады. Ол Қазақстанға қандай да болмасын жағдайларда өз талаптарын қоюы мүмкін.

- Біздің өзара экономикалық қарым-қатынасымызда жекелеген проблемалар бар. Оны бәрі біледі. Өйткені, түсінікті, нарық біреу және біз, бір-бірімізбен экономикалық қандай да болмасын жүйеде үнемі бәскелестікке түсіп жатамыз. Ең бастысы, Дүниежүзілік сауда ұйымына енудің талаптарын мен пайдалы деп есептеймін, - деді Жаннат Ертілесова.

Оның айтуынша, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау-бұл келіссөздердің мәселесі.

- Дүниежүзілік сауда ұймына кіру-бұл бизнес. Бұл келіссөздер процесі. Сондықтан да кім қандай бағытта ұтады деген мәселе. Бұл Қазақстанның ұстанымына байланысты, - деді Жаннат Ертілесова.

Ал, егер Қазақстан ДСҰ-ына Ресейден бұрын енген жағдайда оның тиімділігі қандай болмақ деген сұраққа Жаннат Ертілесова, аталған ұйымға мүше болған елдің келіссөздерде басымдылығы болатындығын айтты.

Сондай-ақ ол Қазақстанда айтарлықтай қаржы отандық тауар өндірушілерге бағытталғанын, мәселе, бұл қаржының мақсатты, өз орнымен жұмсалуында екендігін айтты.

Ал, Қазақстанның аталған ұйымға енуінің тиімсіз жағы қандай болмақ?

Жаннат Ертілесова, бұған төмен бағаның болуын, белгілі бір мерзім ішінде экономиканың кейбір секторында айтарлықтай қолдаулардан бас тартуға тура келетіндігін айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда шикізаттық емес салалар дамытылуы қажет.

Жаннат Ертілесова Қазақстан ДСҰ-ына енуге 50 пайызға ғана дайын деп есептейді.

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшесі Бақберген Досмамбетов, Қазақстан ДСҰ-ына әлі екі жылсыз кірмейді, өйткені, келіссөздерді әлі де жүргізу керек деген пікір айтты.

Оның айтуынша, Қазақстан, бұл ұйымға кіру дайындығын осыдан жеті жыл бұрын бастаған. Қазіргі кезде соңғы процедуралары жүргізілуде. Бұл ұйымға кіруге әлі екі жылсыз болмайды дегенді айтты.

Бұл ұйымға енудің Қазақстан үшін пайдасы бар ма, жоқ па деген мәселеде де сұрақ бар дейді депутат Бақберген Досмамбетов.

- Кейбір елдер қоғамға кіргенмен, тіпті Американың өзі фермерлерге субвенция беріп отырады. Бірақ біздерге рұқсат етпей тұр. Кірсеңдер оның бәрін тоқтатасыңдар дейді. Ол кезде көрші елдерден тауарлар ағыла бастайды. Біздің тауарлар өтуі үшін бәсекелестік қабілеті, бағасы бәрі сай болуы керек. Бүгінгі таңда ондай жағдай жоқ. Екі жыл ішінде әлі де өнім сапасын көтеруіміз керек. Бәсекеге түсетін жағдай жасауымыз керек. Мұны жасамайынша, ешқандай пайда болмайды, - деді Бақберген Досмамбетов.

Бақберген Досмамбетовтің пікірінше, аталған ұйымға енуде жан-жақты сараптау, зерттеу жұмыстары жасалуы қажет. ДСҰ-ына енудің қазақстандық тауар өндірушілерге қандай оң ықпалы болмақ деген мәселеге орай Бақберген Досмамбетов, егер қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері дүниежүзілік сапаға сай болса, отандық тауар өнідірушілер үшін аталған ұйымға енудің оң әсері болады дегенді айтты. Ал, ұйымға кіріп алып, өнімдерді нашар, алмаймыз деп жатса, онда біз зиян шегеміз деді ол.

Сенат депутаты Бақберген Досмамбетов, сондықтан да отандық өнімнің сапасын көтеру керек деп есептейді.
XS
SM
MD
LG