Accessibility links

Американлықтар арасындағы адам шығыны Ирақтағы қауіпсіздік мәселесіне назар аудартып отыр


Дүйсенбі күні Ирақта 32-інші АҚШ қосыны өлтірілді, Вашингтон Ирақтағы ауыр жағдайды ескеріп қырықүйекке жоспарлаған негізгі әскерлерін шығару жоспарын кейінге қалдырып отыр.

Өткен аптада Африкаға сапары барысында АҚШ елбасы Ж. Буш ақпарат құралдарының өкілдеріне : "Ирақтағы қауіпсіздік мәселесінде біздің ешқандай да қиыншылықтарымыз жоқ... Біз әр кісімен жеке-жеке сөйлесуге мәжбүрміз. Бізге қатаң болуға тура келеді" деді.

АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд өткен аптаның соңында, қосындарға шабуылдардың жиілеп кетуінде американдықтарға қарсы орталықтан басқарылатын әрекет болуы мүмкін деді. Баспасөз маслихатында Қоғаныс министрі 150 мың американдық қол жайғасқан Ирақта американдықтарға қарсы күштер емін -еркін әрекет етуге дәрменсіз деді:

- Режимге берілгендер күллі елде одақтастар күштеріне қалаған уақытында шабуылдай алады деген пікір қалыптасқан. Бірақ бұл олай емес. Ирақтың басым бөлігінде тұрақтылық бар.

АҚШ ресми өкілдері Ирақтағы американ қолын кеңейтудің керегі жоқ дегенімен, Рамсфелд егер қажет болса қосымша қол аттандырылатындығына тоқталды. Бірақ осы аптадағы кезекті шабуылдан соң Вашингтон Ирақтағы АҚШ жаяу әскерінің таңдаулы 3-інші дивизиясының 10 мың жауынгерін елге қайтару жоспарын кейінге қалдырып отыр. Аталмыш дивизия сарбаздарының басым бөлігі аймаққа өткен жылдың қырқүйегінде келіп, Бағдадқа соғыс барысында бірінші болып кіріп, қала мен оның айналасын күзетуді өз мойнына жүктеді.

Талдаушылардың айтуынша, соғыстан кейінгі шығындар, АҚШ-ты Ирақтағы тұрақтылықты сақтау үшін өзінің ең таңдаулы қосындарын қалдыра тұруға мәжбүрлейді.

Женевада орналасқан Европаның Саяси Қауіпсіздік Орталығының басшысы Жулиан Линдли Френч:

- Бұл Саддам Хусейн режимінің өзіндік стратегиясы, олар өздерінің ерте ме, кеш пе жеңілетіндіктеріне көздері жеткен соң, федайындарды демалысқа жіберіп, кейін олар американ және британ қосындары шоғырланған Бағдад пен солтүстіктегі Тикрити маңында шабуылдарын жасауда, өкінішке қарай менің ойымша бұл болады деп күтіліп еді , - дейді, өз ойын жалғастырып ол, - Мен үнемі пайымдайтынмын, егер сіз араб әлемінің қақ ортасына 200 мыңдай американ және британдықты орналастырсаңыз, онда олар кездесетін қиыншылықтар оңай болмайды. Көптеген себептермен АҚШ пен Британияны жек көретін қауымдастық өкілдері бар.

Талдаушының айтуынша, АҚШ күн сайын өз қосындарынан айрылып отырғанда Вашингтон тұңғыш рет Ирақтағы тұрақтылықты қалпына келтіру үшін американдықтар бұндай шығындарға баруға әзір ме соны анықтап алулары керек. АҚШ-тың саяси және әскери басшылары Ирақ соғысы басталмас бұрын ондағы бейбітшілкті сақтау мен үкіметтік құрылым мәселесінде пікр алмасулардан бойын аулақ ұстағанымен, қазіргі жағдайда сонымен бетпе-бет келіп отыр.

Өткен аптада 1 мың американдықпен өткізілген сауалнамаға сай олардың басым көпшілігі Ирақтағы американдықтар арасында шығындардың болуына наразы. Эй-Би-Си Ньюз бен " Вашингтон пост" газетінің өткізген жедел шолуы мынаны анықтады, тек сұралғандардың 57 пайызы соғыс қажет деген, ал көкек айында Саддам биліктен құлатылғанда соғысқа 70 пайыз американдық қолдау көрсеткен болатын.

Осы айда АҚШ орталық әскери басшылығынан кеткен генерал Томми Фрэнкс өткен аптада, американ сарбаздары Ирақта төрт жылға шейін қалады деген болатын. Буш әкімшілігі "Ирақта дамыған демократиялық жүйе құрылып, өзін-өзі басқару құрылымдары қалпына келтірілгенше ғана американдық әскер қалады" деп уәде берген болатын-ды.
XS
SM
MD
LG