Accessibility links

Солтүстік Корея ядролық бомба жасауға дайын екендігін жариялады


Солтүстік Корея жақында ядролық бомба жасау үшін жеткілікті деңгейде плутоний өндіргендіктерін мәлімдегеннен соң, АҚШ пен Қытай бұл мәселе бойынша бірер мәмілеге келу жолында дипломатиялық әрекеттерді бастап кетті.

Тілшіміздің сәрсенбі күні хабарлағанындай, АҚШ мемлекеттік хатшысы Колин Пауелл өз әріптесі, Қытай Сыртқы істер министрі Ли Джаошиңге телефон шалып, Солтүстік Кореяның ядролық бомба жасау жөніндегі жағдайын талқылаған.

Бейжин мен Вашингтон Солтүстік Корея еліндегі бұл мәселе бойынша бірер игі нәтижеге қол жеткізу мақсатында тағы да жаңа дипломатиялық шараларға кірісті.

Ғалымдардың айтуынша, егер Пхеньяннан алынған хабарлар рас болса, Солтүстік Корея қолда бар қазіргі материалдардың көмегімен кемінде алты ядролық бомба жасай алады екен.

Британиядағы Лийдс университетінің Солтүстік Корея бойынша маманы Айдан Фостер-Картердің айтуынша, Пхеньянның 8 мың ядролық таяқша жөнінде айтқан мәліметі әсіре асырып айтылған дерек болуы мүмкін, бірақ ақиқаттан да алыс емес. Дегенмен оны дәлелдеу үшін әзірше мүмкіндік жоқ.

- Егер бұл саладағы жұмыс қаңтарда басталған болса, ол өте тез жасалған. Себебі халықаралық атом энергиясы агенттігі оған дейін бірнеше жыл бойы Солтүстік Кореядағы Йоңбйоң ядролық зауытын бақылап келген болатын. Бұл арада қиын екі мәселе бар. Біріншісі, барлау қызметі деректерін растау оңай емес, Екіншісі , "Солтүстік Корея қорқыту үшін ғана алдап отыр" деу тағы да қиын -, дейді зерттеуші Фостер-Картер.

Солтүстік Корея осыдан 9 ай бұрын ядролық бағдарламаны қайта жалғастырамыз деп жариялағалы бері өзінің белгілі талаптарын қойып келеді. Соның негізгісі – АҚШ-пен тікелей өзара келіссөздерге отыру. Солтүстік Корея АҚШ-тан басқыншылық әрекеттеріне бармау жөнінде кепілдік сұрайды. Ал АҚШ болса ондай шартқа келісім бермей отыр.

Міне енді, кезінде өзін бейтарап ұстаған Қытайдың өзі бұл мәселеге белсенді кірісіп отыр. Қытай Сыртқы істер министрінің орынбасары Дай Биңгуо Пхеньянда үш күн бойы келіссөздер жүргізіп, сәрсенбі күні Бежінге қайтты.

Дипломаттардың айтуынша, Бежін АҚШ , Солтүстік Корея және Қытай арасында өзара үш және екіжақты келіссөздер жүргізілуін ұсынып отыр. Ал көкек айында Бежінде өткен алғашқы үшжақты келіссөздер нәтижесіз аяқталған болатын. Қытай Солтүстік Кореяның ең негізгі сауда-саттық әріптесі және жақын одақтасы ретінде кез - келген жанжалға қарсы. Негізгі әңгіме АҚШ-та болып тұр.

Германиядағы Триер университетінің Корея бойынша сарапшысы Себастьян Харниш бұл жағдайға орай былай дейді.

- Қазіргі кездегі негізгі мәселе – Солтүстік Корея мен АҚШ үкіметінің өзара келіссөздерге отыруы жағдайы. АҚШ-та бұл мәселеге орай түрлі көзқарас бар. Қытайдың ол екі ел арасындағы бұл мәселені реттеуге шамасы келуіне мен онша сеніңкіремеймін.

Ал британиялық зерттеуші одан да әрі кетіп, осыдан екі жарым жыл бұрын билікке келген Буш әкімшілігінің Корея жөнінде ешқандай саясаты болған жоқ. Қазір де жоқ. Сондықтан дағдарыс өз бетінше өрши берді дейді.

Вашингтондық кейбір саясатшылар ядролық соғыспен қорқытпақ болған Солтүстік Кореяға санкциялар жариялап, стратегиялық блокада орнату ләзім десе, өзгелері Кореяның талаптарына көне салмай келіссөздерге отыру қажет дейді.

- Солтүстік Корея президенті Ким Жоң-ил біржақты қарусыздануға, әсіресе Ирақ соғысынан кейін, бара қоюы екіталай. Сондықтан екі тарап та ақылға салып ойланғаны жөн болар, - дейді Фостер-Картер.

Зерттеушінің айтуынша, президент Ким Жоң-илдің тірліктеріне түсіну оңай емес. Сондықтан, АҚШ, дұрыссың деп, Солтүстік Кореяның желкесінен қаға отырып, артын байқа, дегендей ескерту жасамаса, бұл дағдарыс жуық арада реттеле қоймас.

- Ирақтағы жағдайды көре отырып президент Ким Жоң-ил, "алдымен, "зұлымдық ошағы" дейсіздер, кейін қару-жарақ тексеру инспекторларын кіргізуге мәжбүрлейсіздер, олар кеткен соң соғыс ашып басып аласыздар", деп кінә тақса, мен таң қалмаған болар едім, - дейді британиялық зерттеуші.

Ал, Германиялық сарапшы Себастьян Харништің айтуынша, Солтүстік Корея өзінің ол ядролық қаруымен , уақыты келгенде бәрібір , түбек аймағына да, АҚШ-қа да бірқатар күрделі мәселені туындатуы мүмкін.

- Солтүстік Корея өзіне көрші елдерге, әсіресе Оңтүстік Кореяға өз қысымын жасап келді . Өз үлгісімен өзге елдерді де ядролық жолға салуы ықтимал. Бұл өте қауіпті. Егер Солтүстік Корея өз мүмкіндіктерін басқа жерлерге де осылайша ұсынатын болса, онда АҚШ үшін бұл оңайға түсе қоймас, - дейді Себастьян Харниш.

Егер Солтүстік Кореяның әлемге әйгілеп айтып келе жатқан жоспарлары, шынымен-ақ, іске асатындай болса, Ирақ пен Ауғанстандағы жағдай оның алдында ойыншық болып қалуы мүмкін дейді талдаушылар.
XS
SM
MD
LG