Accessibility links

Европаның қайта құру және даму банкі Өзбек үкіметінен жаңа реформалар талап етеді


Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау халықаралық ұйымы хабарлағанындай, Европа қайта құру және даму банкі Өзбекстан үкіметінен жаңа реформалар талап етуі мүмкін.

Европадағы қайта құру және даму банкі алдағы Ташкент сапары кезінде Өзбекстан үкіметінен жаңа реформаларды талап етуі керек деп есептейді Human Rights Watch ұйымы.

Мамыр айындағы жылдық жиыннан кейін Европа қайта құру және даму банкі Өзбекстанға келесі бір сапарға бармақ. Міне сол сапар алдында халықаралық адам құқықтары ұйымы Европа банкіне арнайы хат жазып, Өзбекстандағы адам құқықтарының аяқасты болуы, азаматтардың ретсіз қорлануы, азапталуы жөнінде көптеген дерек-мәліметтер берген.

Мамырдағы Ташкент жиынынан кейінгі 2-3 айда ғана адам құқықтары бойынша Өзбекстанда талай заңсыздықтар орын алған.

Мемлекеттік абақтыда азаптау кесірінен екі азамат өліп, саяси себептермен тағы да екі құқық қорғаушы қамауға алынған.

Шілденің 21-і күні басталатын Ташкент бас қосуына Европа банкінің ресми тобын жаңадан тағайындалған бас хатшы басқарып бармақ.

"Европа банкі Өзбекстанда өткен мамырда болған жиынды табысты болды деп аспандатып, ол елде орын алған көптеген кемшіліктерге көз жұмғандай болды-, дейді Human Rights Watch- тің Европа мен Орта Азия бойынша бөлім директоры Елизабет Андерсон-, Бірақ кейбір жaғымды, дұрыс істермен қатар көптеген кемшіліктердің , келеңсіздіктердің де орын алғандығын мойындап , оларға жіті назар аударылса жаман болмас еді" дейді директор.

Біріншіден, халықаралық ұйым адам құқықтарын қорғаушылар бейбіт бой көрсетулерге шығып, наразылық жиындарын ұйымдарстыруға қатысқан Ахмаджон Мадумаров сықылды белсенділердің өзінің адамдық, азаматтық құқығына, тағдырына араша болу керек деп есептейді.

Ахмаджон Мадумаровтың өзгелердің адамдық құқығына байланысты жасаған ізгілік іс-әрекеттері үшін оның ұлын қамауға алып, жалғыз өзін бір камераға жауып қинаған.

Ал ұлының олай азапталуына әкесінің "менің отбасым қуғындауға ұшырады" деген жанайқайы ғана себепші болған дейді бөлімше директоры.

Тағы да, Банктің мамыр бас қосуынан кейін, үш апта өтер-өтпестен белгісіз біреулер Ділобар Худойбергенованың үйіне телефон шалып, оны қыспаққа ала бастаған. Хұдойбергенова ,"Өлім жазасына, кісі азаптауына қарсы бейүкіметтік аналар ұйымында" қызмет істейді.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінен бір офицер Худойбергенованың әкесіне телефон шалып, егер оның қызы белсенділігін тоқтатпаса, ұлдарының бірін түрмеге жабамыз деп қорқытқан.

Сол сияқты көптеген заңсыздықтарға сүйеніп, Human Rights Watch Европа банкінен, алдағы сапар кезінде, Өзбекстан үкіметі алдына талап қойып, адам құқықтары бойынша реформалар жасалуын сұрауы керек деген.

Ұйымның ұсынысы бойынша, бір жылдық мерзім ішінде 3 стратегиялық мәселе іске асырылуы тиіс.

1-сі, саяси жариялылық және БАҚ бостандығы, 2-сі, азаматтық тәуелсіз топтардың еркін іс-қимылы және оларды тіркеу, 3-сі, адам құқықтары бойынша жағдайдың реттелуін қадағалау. Бұған БҰҰ үсынған азаматтардың азапталуы жөніндегі дерек-мәліметтер де жатады.

Human Rights Watch Европа банкіне жолдаған хатында алдағы жиындардың табысты болуы үшін 12 ұсыныс жасаған. Олардың ішінде Өзбекстандағы барлық бейүкіметтік ұйымдардың заңдастырылып тіркелуі және олардың Банктың жылдық жиындарында қатыстырылуы да бар.

Human Rights Watch сондай-ақ, Банктен Европа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымы, БҰҰ, Ташкенттегі шетелдік елшіліктер және азаматтық ұйымдарды да қатыстыра отырып, ұсынылған шаралардың іске асырылуын қадағалауды талап еткен.

Ол үшін Банк Өзбекстанға жылына бірнеше рет өз өкілдерін жіберіп , реформалық бағдарламаның іске асу жағдайын зерттеп, тиісті қорытынды жасап, оның нәтижелерін жұртқа жариялап отыруы керек деп есептейді.
XS
SM
MD
LG