Accessibility links

Шығыс Қазақстандағы қылмыс Алматы қаласы мен Қарағанды облысынан көп


Шығыс Қазақстан облысы халқының саны жағынан көлемді аймақтардың бірі. Мұнда 1 миллион 700 мыңнан аса халық тұрады.

Оны бұрынғы Семей облысының Шығыс Қазақстан облысының құрамына кіруінен деп түсінуге болады. Осы өндірісті аймақта соңғы жылдары қылмыс деңгейінің өсуі белең алып отыр. Бұл орайда қылмыстың жолын кесу, заңдылықтың сақталуына қол жеткізу Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы үшін сындарлы міндет болуда.

Хәкім Көшқалиевтің Шығыс Қазақстан облысының прокурор болып қызметке кіріскеніне үш айдан асты. Облыс прокуроры мамандар мәселесіне мән беріп отырғанын айтты.

- Бұрын осы жерде болған басшылардың көпшілігі, командалық әдіспен бірнеше адамдар алып келеді, сөйтіп өз адамдарын қояды. Мен ол жолмен жүрген жоқпын. Қарауымда 400 адам бар. Бір айдан аса уақыт сол мамандардың жұмысын зерттеп, жақсы мамандарды жауапты қызметтерге бекітіп, бостау, жалқауларын орындарынан босатып, басқа қызметтерге ауыстырдым. Жалпы жұмыс жаман емес. Бір жүйеге келген сияқты. Прокуратура жүйесінің қадағалау қызметінің бағыты көп. Бірнеше басқармалар бар. Тағы бір айта кететін мәселе, мүмкін кемшілік, бұл жерде менің әріптестерім, кабинеттік әдіске үйреніп, соған қалыптасқан. Кабинеттен шықпай тек құжатқа сүйеніп, қағазбен жұмыс жасайды. Осында келгелі бері бірнеше шара өткіздік. Соның ішінде жасөспірімдер колониясында өткен спорт түрлерінен жарысты айтуға болады. Сол балаларды көрмей, тек қағазға сеніп, шешім қабылдағаннан гөрі, сол балалармен кездесіп көріп жатса ол бір басқа. Жан ашитын сәттер көп. Меніңше, прокуратураның көзқарасы сәл де болса өзгереді деп ойлаймын. Әрине, заңның аты-заң. Заң жолымен жүруіміз керек. Алайда, адам жанына байланысты мәселені де ескеруіміз керек. Себебі, заңға барсақ, мысалы, ұрлық үшін бес жылға да бір жылға да, шартты жаза беруге де немесе айыппұл салуға болады. Бұл арада айтпағым, өрімдей балаларды көргеннен кейін прокурорлар ойланады. Жұмыстың көпшілігі кабинетте емес, сыртта халық арасында болғаны дұрыс. Сонда мәселенің дұрысы мен бұрысын байқап шешуге болады, - дейді ШҚО прокуроры.

Оның айтуынша, жалпы облыс прокуратурасының жұмысы жаман емес. Бірақ, соңғы үш жыл көлемінде қылмыс көп жасалатын облыстардың қатарында болып отыр.

- Бүгінгі күні ШҚО-сы қылмыстар саны жағынан Алматы қаласы мен Қарағанды облысындағы қылмыстық көрсеткіштерден асып түсіп отыр. Өйткені, Алматы мен Қарағанды облысында қылмыс көп жасалатын. Тағы бір айта кететін мәселе, ШҚО-ында 13 колония және 2 тергеу оқшаулау орыны бар. Ал, сан жағынан алғанда, Қарағанды облысында 10 колония бар. 13 колонияда 12 мыңнан аса адам жазасын өтеуде. Оның ішінде әйелдерге және жасөспірімдерге арналған колониялар бар.

Біз облыс прокурорына жалпы, қылмысты азайтудың жолы бар ма деген сұрақ қойған едік. Ол өз пікірімен былай бөлісті.

- Осыдан 5-6 жыл бұрын ШҚО көрсеткіштерге қарағанда бірінші орында болады деп ешкім ойламаған болар. Сол уақытта үлкен талдау жасалып, қылмыстан сақтандырудың бағдарламасы қабылдануы керек еді. Ондай облыстық бағдарлама былтырғы жылы қабылданды. Қылым орын алғаннан кейін оны аз уақыттың ішінде жою өте қиын. Біз жаңа тәсіл ойлап табамыз деп ойламаймыз. Бұрыннан қалыптасқан тиісті шаралар бар.

Әңгіме барысында ШҚО-ының прокуроры қызметті халық арасында жүргізуге көп көңіл бөлетінін байқатты. Бұл орайда, осыдан бір аз уақыт бұрын бір қазақы ауылда бір қайғылы оқиғаның орын алғанын айтты.

- Оның айтуынша, осы облыстағы бір қазақы ауылда бір әйелді әлдекімдер зорлаған, бір ай жарым бойы әлгі әйел бұның бәрін көтере алмай, оның бер жағында әділдік таба алмай, өзін-өзі асып өлтірген. Сондықтанда тек кабинетте емес сол халықпен кездесіп, құқық түсіндіру жұмыстарын көп ұйымдастырған дұрыс. Бұл қылмыстан сақтандырудың тек бір жолы.

Хакім Қөшқалиевтің айтуынша, арыз-шағым айтып келушілер көп.

- Екі-үш жылдап созылып кеткен арыздар бар.Менің әріптестерімде ондай адамдарға бұлар бұрыннан жазып келеді деген ой қалыптасқан. Кім қалай тексерсе де, мысалы, соғыс ардагері 5 жылдан бері тектен-текке жазбайды ғой. Зейнеткерлер де келмейді. Сондықтан біздің қызметкерлердің жұмысында шикілік бар деп санаймын. Кезінде Өскеменде “Шыңғысбанк” деген екінші деңгейдегі банк құрылған. Сол 1997 не 1998-ші жылы банкроттыққа ұшыраған. Салымшыларының дені зейнеткерлер. Шамамен 400-ден аса адам. 70 миллион теңгедей ақша жоқ. Бұл мәселені шешуге тырысамын, оның бір аяғы болуы керек. Осыған байланысты құрылған ерекше топ мәселемен айналысып жатыр.

Хәкім Көшқалиев, экология саласындағы заңдылықтардың сақталуын жүзеге асыру барысында қолға алынған шаралармен де бөлісті.

- Экологияны қадағалап отыратын прокуролар бар. Орманды алқаптарды өрттен аман-сақтау, бұл өте терең мәселе. Осы жерде Бесқарағай ауданы бар. Сонда тоғай бар. Сол жердегі тоғайдың мәселесін бүгін ертең шешпесек те, сол жерге, тоғайға мораторий жарияланса деген ұсыныспен Бас прокурордың, жергілікті әкімнің атына ұсыныспен шықтым. Мораторий екі жылға,себебі, ағаштың өсуі, демалуы керек. Мораторий болса, ол жерге тиым салынады.

Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы қоршаған ортаны қорғау заңдылықтарының сақталуын осындай іс-шаралар арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Әрине, мұның бәрі аз уақытта қол жеткіземіз дейтіндей шаруа емес,-дейді облыс прокуроры.
XS
SM
MD
LG