Accessibility links

Британияда БҰҰ кеңесшісі беймәлім жағдайда қаза тапты.


Британия бас министрі Тони Блэр БҰҰ қару-жарақ тексеру тобының бұрыңғы мүшесі, Британия Қорғаныс министрлігінің кеңесшісі Давид Келлидің белгісіз жағдайда қаза тапқандығына өз өкінішін білдіргенімен, ол қайғылы уақиға оны аса ойландырып тастаған.

Британия полициясы хабарлағанындай, доктор Дейвид Келлидің жансыз денесі, жұма күні таңертең, Оксфордшир ауданындағы Хәрроудаун хиллде табылған.

"Мәйіттің кімдігі екендігі келесі күні толық анықталар, бірақ әзірше, алғашқы зерттеулерге қарағанда, бұл дене доктор Дейвид Келлидікі деп есептеліп отыр", дейді полиция қызметкері Дейвид Пернел.

Келлидің зайыбы Джейнистің полиция деректеріне сүйеніп "Нью Йорк Таймс" газетіне айтқанындай, Келли қасақана өлімнен қаза тапқан сықылды. Полиция Джейнистен бұл өлім жөнінде журналистерге ештеме айтпауын өтініпті.

Келли бейсенбі күні өз отбасына серуендеп келемін, деп шығып кеткеннен соң үйге қайта оралмаған.Бас министр Тони Блэр Келлидің өлімі жөнінде Вашингтоннан Токиоға қарай ұшып бара жатқан кезінде есіткен. Блэрдің жоспарында Шығыс Азия елдері сапары бар. Бас министр ғалымның бұл құпия өлімін тәуелсіз тергеушілер арнайы зерттейтін болады, деген.

"Бұл өте ауыр қаза. Дейвид Келлидің өлімі оның отбасы үшін де, біз үшін де үлкен қайғы. Келли өз отаны үшін үлкен жұмыс атқарған қоғам қайраткері еді. Оның алдағы кезде өз елі үшін атқарар еңбегі де ұшан теңіз болатын", - деген Тони Блэр тілшілерге, Жапония астанасындағы ұшақ алаңында.

Түс қайта Жапония бас министрі Койзумимен бірге өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Тони Блэрға "сіз Келлидиң өліміне жауапкершілікті мойныңызға алып, өз еркіңізбен қызметтен кеткен болар ма едіңіз?", деген тілші сауалына, бас министр жауап қатпай, жұрналистерді құрметсіздік көрсетпеуге шақырған.

"Біз бұл мәселе бойынша арнайы , тәуелсіз зерттеулер жүргіземіз. Барлық сараптама, қорытынды жасалғаннан соң, табылған дерек-мәліметтер негізінде бірер нәрсе айтуға болар. Ал әзірше сабырлы, ұстамды болғандарыңызды қалар едім", деген Британия бас министрі.

Оппозициядағы консервативті топ жетекшісі Ян Дункан Тони Блэрдан өзінің бұл Азия сапарын тоқтатып жедел Лондонға қайтуын сұраған.

"Егер мен бас министр болғанымда ол сапарды тоқтатып, бірден елге оралар едім. Шешілуі тиіс көптеген мәселелер бар. Мен Тони Блэрдің орнында болсам ол мәселелерді реттеу үшін тез кері қайтқан болар едім", дейді Ян Дуркан.

Өткен сейсенбі күні, Дейвид Келли, "Ирақтағы ықтималды химбиологиялық қарулар жөніде БиБиСи журналистіне сұхбат бердім", деп мойындағаннан соң ол Парламент мүшелері сұрақ тасқыны астында қалған болатын.

Ал, мамырдың соңында БиБиСидің қорғаныс мәселелері бойынша сарапшысы Әндрү Джилиганның "барлау қызметкерінің" дерегіне сүйеніп айтуынша, Тони Блэрдің кеңесшісі Кәмпбелл барлау әгенттерінен өткен қыркүйекте бір құпия мәліметті сұратқан. Ол күдікті ақпаратта "Саддам Хусейн режиміне қарсы әскери соғыс жариялана қалған кезде Бағдат 45 минот ішінде өз химбиологиялық қаруларын іске қоса алады", делінген екен.

Бірақ Аластер Кампбел Парламенттің Сыртқы мәселелер бойынша комитетінің айыптауларын мойындамағанымен БиБиСи өз хабарларында ол жөніндегі деректерді одан әрі әлемге тарата берді.

Парламент комитетінде шілденің 15і күні сөйлеген кезінде Дейвид Келли БиБиСидегі қорғаныс маманы Әндрү Джилиганмен екі рет, соның біреуінде, Лондондағы бір мейманханада кездескедігін айтқан.

" Сіздіңше Джилиган мырза өзінің 29-мамырда жариялаған деректерін тек қана сізден алған болды ма?", - деген сұраққа Дейвид Келли, "Меніңше олай емес, бірақ негізгі деректерді басқа кімнен алғандығын мен білмеймін", деп жауап берген.

Парламенттің Сыртқы мәселелер бойынша комитеті микробиолог Келли БиБиСиге барлық құпия деректерді берді, дегенге сенбейді. Комитеттің пікірінше, Келли "жемесе де аузы қан қасқыр" сықылды үкіметтік құпия іс-әрекеттің бейкүна құрбаны болып отыр.

Келлидің зайыбының БАҚдарына айтуынша, Парламент комитетіндегі тергеуден кейін Келли өте қиын психологиялық сезім жағдайында жүрген, өзінің күнделікті қалыпты кейпіне келе алмаған.

Комитет мүшесі Әндрү Маккинли Келлиге ауыр сұрақтар қойғандығы үшін енді өкініп отырғандығын айтады.

Ал, Британия Қорғаныс министрлігі кепілдік берілместен тұрып баспасөзбен байланысқандығы Келлидің азаматтық қызмет тәртібін бұзғандығы болып есептеледі , "бірақ енді бәрі кеш, пойыз жүріп кетті", деген.

БиБиСи тілшісімен сөйлескеннен кейін Келли жұмыстан қуыламын деп үрейленген болар , деген болжамды Министрлік жоққа шығарады.

Ал Британия газеттері Келлинің өлімі Тони Блэр мен оның кабинеті үшін үлкен дағдарыс болады, деп жазуда.

"Индепендент" газеті "міне соғыс салдарының қандай болатынының дәлелі " , деп жазса, "Файнәншыл таймс", "Келлидің өлімі Блэр үкіметіне үлкен соққы болды. Ал егер оның әдейі өлтірілгендігі рас болса, онда бұл бүкіл Британия үшін үлкен дағдарыс", деп хабарлайды.
XS
SM
MD
LG