Accessibility links

Халықаралық жарыстарға қатысқан қазақ оқушылары


Осы аптада қазақстандық мектеп оқушылары үш бірдей халықаралық білім жарыстарында жүлделі орындарды еншіледі. Жапон елінің астанасы Токиода математика пәні бойынша өткен жарыста павлодарлық 10 сынып оқушысы Қуат Есенов жеңімпаз атанып, алтын медальға ие болды.

Осы жарыста ақтөбелік 11 сынып оқушылары Бауыржан Бектеміров пен Бауыржан Ұрғынышбаев күміс жүлдені иемденсе, тағы бір ақтөбелік оқушы Мейрам Мырзаболатов пен республикалық физика-математика мектебінің шәкірті Дәурен Аужани қоладан алқа тақты. Бұдан өзге қазақстандық мектеп шәкірттері шілденің 4-і мен 11-і аралығында Грецияның астанасы Афиныда химия пәнінен өткен халықаралық олимпиядада 3 күміс және 1 қола жүлдені, шілденің 9-ы мен 16-сы аралығында Белорусь Республикасының астанасы Минск қаласында биологиядан өткен халықаралық жарыста 2 қола жүлдені олжалаған.

Жалпы соңғы жылдары әртүрлі халықаралық жарыстардан жеңімпаз атанып, жүлде алып келіп жүрген қазақстандық қарадомалақтар саны аз емес дейді Қазақстанның білім және ғылым министрлігіндегі жалпы орта білім басқармасының бастығы Ділдаш Рысқұлбекқызы. Ол қазірде министрлік тарапынан республикадағы дарынды балаларды қолдауға арналған шаралардың атқарылып отырғанын айтады.

- Осыдан бес жыл бұрын дарынды балаларға қамқорлық жасау жөнінде президентінің өкімі шыққан болатын. Қазір республикада дарынды балаларды оқытатын 22 мектеп бар, үкімет қаулысымен елде «Дарын» орталығы құрылды. Бүгінгі таңда дүниежүзі көлемінде озық білімімен танылған оқушыларымыздың қатары 80-ге жуық. Оларды еліміздің «Алтын қоры» деп атауға болады, - дейді ҚР білім және ғылым министрлігіндегі жалпы орта білім депараменті басқармасының бастығы Ділдаш Рысқұлбекқызы.

Осы жолы халықаралық білім жарыстарынан жүлде алып отырған қазақстандық оқушылар арасында 10 шәкірт орта мектепті биыл аяқтапты. Енді олар өздері жүлде алған пән бойынша өз білімін жоғары оқу орындарында жалғастыруға тілек білдірсе, оларға үкімет тарапынан білім гранттары тегін берілетін болады.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG