Accessibility links

Қырғыз ұлт өкілдері Қытайда аманат-кепілдікте ұсталып отыр


Қытайдан бірнеше мыңдаған долларға ақысыз алған заттары үшін саудагер қырғыздар өз туыстарын немесе достарын Қытайда кепілдікке тастап кетіп жатыр.

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің жоғары ресми тұлғаларының бірі Руслан Қазақбаевтің пікірінше, Қытайда осындай жолдармен кепілдікте қалып отырған қырғыз азаматтарының саны 40 шақты болуы мүмкін.

Ал, Қырғыз шекара бекетіндегі қызметкерлердің айтуынша, бұл көрсеткіштің 100 адамға барып қалуы ғажап емес. Қазақбаевтің мәліметтеріне қарағанда, төлемақы орнына қалдырылған ол азаматтар сол саудагер қырғыздардың не жақын туысы немесе досы боп келеді. Қанар арқалаған ол саудагер жарықтықтар да “Алған заттарымды әйтеуір бір сатып болып, төленетін ақшаны жинап келіп, бауырымды не болмаса досымды кепілдіктен алып қайтармын”- деген үміт құшағында болады, әрине.

Өкінішке орай олардың кейбіреулері қажетті ақшаны жинақтай алмастан, сол күйі хабарсыз кетеді. Ал, өз еріктерімен берілген тұтқындық мерзімі ұзарған сайын Қытайда қалған азаматтардың хал-ахуалы қандай күйде қалады десеңізші. Ондай ұзаққа қалып қойғандардың төлқұжаттарын қытайлық әріптестері тартып алып, сақтап қояды екен. Өздері болса сол зат иесі қытайлық іскер адамның үйінде, болмаса арзан бір жатақта тұрып жатады.

Қазақбаевтің сөзіне қарағанда, кепілдіктегі ол адамдарға Қытайда қорлық көрсетіп жатыр-, деген ақпараттар әзірге болған емес. Қырғызстанның Қытайдағы консулдығы өкілдері сондай кепілдіктегі кейбір қырғыз бауырларды іздеп барып, кездескен екен. Жағдайлары жаман емеске ұқсайды. Қырғыз Сыртқы істер министрлігінің сөзіне қарағанда, мұндай тәжірибе сауда жасаушылар арасында кем дегенде үш жылдан бері қолданылып келеді. Бұл жағдай жөнінде өткен жылғы Қытайға сапары кезінде елбасы Асқар Ақаев та пікіралысулар өткізген болатын.

Аманат-кепілдікте қалған сондай үш қырғыз азаматы өткен аптада, жүрген жерлерінен қашып шығып, шекарадан өтпек болған кездерінде Қырғызстан шекарашылары тарапынан ұсталған болатын.

Солардың бірі, 25 жасар Ынтымақ Молдобаев Қытайда 2001-ші жылдан бері аманат-тұтқында отырған екен. Қырғыз шекара жасақтарының басшысы Чолпонбек Турусбековтың бұл оқиға жөнінде Азаттық радиосына білдірген пікірі мынандай. Қырғызстан мен Қытайдың 860 километрге созылып жатқан ортақ шекарасы бар.

Совет одағы құлап, жаппай жұмыссыздық белең алғалы бергі кезеңде, кедейлік қамытын киген мыңдаған қырғыз азаматтары үшін қытай іскер адамдарымен осындай әріптестік орнату- жан бағудың бірден-бір мүмкіндігі болып қалған. Қырғыз саудагерлері Қытай заттарын үлкен жүк тасығыш көліктермен және автобустармен тасып әкеліп сатуда. Өткен айға дейін Қытаймен арадағы барыс-келіс, ешқандай визасыз еркін болатын. Мұның өзі аталған бизнес түрінің гүлдене өсіп кетуіне мүмкіндіктер туғызған еді.

Оның үстіне Қытайдың Шығыс Түркістан, яғни Шыңжаң-Ұйғыр және Қашқар аймақтарында тұратын іскер адамдар қырғыз және ұйғыр тілдерінде сөйлейді. Мұның өзі екі жақ арасындағы сауданың кедергісіз еркін жүруіне жағдай жасағандай. Осындай көтерме саудамен айналысушы қырғыз ағайындар негізінен Бішкектегі Дордой базары мен Ош қаласындағы Қарасу базарында сауда жасайды. Не болмаса базарда тұрып сататындарға өз заттарын таратып беріседі.

Қарапайым қырғыздар үшін 40, 50 доллар тұратын Түркиялық сапалы аяқ киімдерді алғаннан гөрі 5, 6 долларлық Қытайда жасалған сапасыз аяқ киімді сатып алу тиімді көрінеді де тұрады. Қырғызстандағы орташа айлық көлемі 50 доллар шамасында. Соңғы айдағы виза тәртібінің орнауы мен жоғарыда баяндалғандай, аманат-кепілдікте адамдардың ұзақ қалып қалуы сияқты жағдайларға қарамастан, екі ел арасындағы мұндай сауда қарым-қатынасы алдағы уақытта да жалғаса беретін болады-, дейді көптеген қырғыз ағайындар.
XS
SM
MD
LG