Accessibility links

Соғыстан кейінгі Ирақта әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігі қорғалмай отыр


Адам хұқтары ұйымы Бағдад пен Ирақтың басқа да қалаларындағы қауіпсіздік жағдайының нашарлығынан әйелдер мен қыздар өздігінен көшелерге, сыртқа шығудан шектеледі, өйткені оларда ұрлап, бір жаққа зорлықпен алып кетеді деген қорқыныш басым дейді.

Аталған топ осындай оқиғаларды бастан кешірген 70-ке тарта кейіпкерді сауалнамаға қатыстырған. Олар Саддам уақытындағы әйелдерді ұрлау, зорлап алып қашу сияқты жайттердің АҚШ бастаған коалиция күштері кезеңінде де оншалықты өзгере қоймағандығын айтқан.

Адам хұқтары ұйымының жариялаған хабарларында соғыстан кейінгі Бағдадта әйелдер мен қыздардың ерлер тарапынан зорлық-зомбылық қатынастарға душар болуының қатты алаңдатарлығы соншалық, тілшілер ондай жәбір көрушілердің кейбірімен тілдесіп, сұхбаттасуға, мұндай оқиғалардың себеп-салдары мен түп-тамырының қайда жатқанын білуге тырысқан.

Әрине бұл жақындағы "The New York Times" басылымында жазылған жайдан оңай емес. Онда журналист Нила Баннержи қатардағы отбасында қалыпты өмір сүріп жатқан 9 жасар Санария есімді қызбен кездеседі. Тілші мұнда бақытты балалық шақтың әрбір алаңсыз күніне қуанып, ойыншықтарымен ойнап, тұлымшағы желбіреп жүрген, көңілінде ешқандай кірбің жоқ сәби бейнесін суреттеген. Санария көп оқиды, болашақта мүғалім болғысы келеді.

Бірақ журналистпен қоштасар сәтте ауызғы бөлмеде кішкентай қыздың сыбырлап айтқан бір ауыз сөзі оқиғаны мүлде өзгертіп жіберген. Санария түн мезгілінде өзін өлтіргісі келетін бір бұзақылардың шабуыл жасайтындығын, сондай қорқыныштан ұйықтай алмайтындығын айтқан. Сонда барып, Санарияның 28 жасар үлкен әпкесі отбасындағы ұятты жағдай туралы тіс жарған. Кішкентай қыздың әкесі мен ағалары оны бөтен біреудің зорлап, зәбірлеп кеткенін сүйекке түскен таңба деп есептеп, сәбиді айыптайтындығын айтқан.

Мақалада ең бірінші рет үлкен бір адамның есік алдындағы баспалдақта отырған Санарияны сүйреп алып кеткендігі, ал оны тоқтатпақшы болғандарға қарсы қолындағы қаруымен оқ атып қорқытқаны турасында жазылады. Әлгі адам ойына келген айуандығын жасап, шыңғырған қызды қорлап болған соң ғана жіберген. Содан бері Санарияның әкесі жәбірленген қызын күн сайын бамбук таяғымен сабайтындығы жөнінде жазылған.

Санарияның басынан өткен бұл жағдай Адам хұқтары ұйымының соғыстан кейінгі Ирақта әйелдер мен қыздарға қатысты тіркеген осындай 70-ке тарта оқиғасының біреуі ғана. Бұл жәйттердің өзі-ақ қыздар мен әйелдерді сыртқа жалғыз-жарым шығудан үркітіп тастаған. Олар өте бір қажетті жағдайда бір жаққа баратындай болса, қастарында ер адам туыстарының бірі еріп жүреді.

Бағдадтағы Адам хұқтары ұйымының өкілі Хания Мұфти былай дейді:

- Шындығында соғысқа дейін мұндай оқиғалардың қаншалықты орын алғаны жөнінде мәліметтер жоқ. Бірақ әрине бұндай жайттердің кең таралғаны турасында ұғым- түйсік болған, сіз білсеңіз, кей кездері түйсіктің өзі шындыққа жанасымды мықты күш болады. Міне осындай шабуылдар жөнінде жиі естіп, қауіп-қатер қай жағымнан келіп қалады деген үрейдің өзі-ақ әйелдердің жабық есіктен шықпай қамалып отыруларына себеп болады, - дейді адам хұқтары ұйымының өкілі.

Хания Мұфти Саддам билігі кезінде мұндай оқиғалардың нақты дерегі болмаған, болған күннің өзінде ол соғыстан кейінгі тонау барысында жойылып жіберілген дейді. Полицияның кейбірі Адам хұқтары ұйымының өкілдеріне Саддам үкіметі тұсында аптасына осындай бірнеше оқиға тіркелетін деп айтқан, ал қазір алдын ала мәліметтерге қарағанда мұндай жәйттер әрбір үш айда бір-екі рет қайталанып отыратын көрінеді.

Адам хұқтары тобы жәбірленіп-жапа шегушілер жасөспірім қыздардан бастап, орта жастағы әйелдер болатындығын айтады. Әдетте оларды қаруланған адамдар бейсауат көшеде келе жатса, ұстап алып, машиналарына басып алып кетеді екен. Хания Мұфти 15 жасар қызды бір топ ересек балалар ұстап алып, иесіз ұйде қамап отырған жерінен қашып шыққан, шамасы әлгі қызды ол балалар жас қыздарға жыныстық зәбірлеушілерге сатпақшы болған дейді.

- Бұл қыз екі әпкесімен бірге басқа да жас қыздар бар, бір үйде қамалып ұсталғанын айтты. Менің ойымша онда әлгі қыз білмейтін бір топ адамдар ұстаған балалар да болған. Қыз сонда болған кездерінде әпкесінің зорланғанын және де кейбір қаржылық келісімдердің жасалғанын айтты, сіз білсеңіз, бұл балаларды түрлі саудаға салу, - деген Хания Мұфти.

Адам хұқтары ұйымы мұндай жыныстық өрескел зорлық-зомбылық оқиғалары жөнінде жергілікті әйелдер топтарынан білген. Көп ретте зәбір-жапа шегушілер өз отбасыларына бұл жөнінде айтудан қорқып, жасырып-жабады, өйткені ол бетке салық болатын масқара жағдай деп есептеледі. Және ондай бақытсыздыққа душар болған қыз да, әйел де жеңіл мінезді, тәртіпсіз, тәрбиесіз деген ұғым қалыптасады. Ондай отбасымен құда болуға ешкім де оншалықты құлықты, ниетті болмайды.

Міне мұндай көзқарас пен қарым-қатынас Ирақтың заң кодексі әйелдерді ұрлау мен зорлау қылмыстарына қатаң айыппұл белгілеп, кейбір жағдайда мұндай қылмыс жасаушыларды өлім жазасына кесу үкімін қарастырғанына қарамастан сақталып отыр.

Адам хұқтары ұйымы Ирақтағы қазіргі уақытша әкімшілік полиция күштерін қайта құруда оның қатарына әйелдерді де қабылдауы керектігі жөнінде ұсыныстар айтады. Сондай-ақ осындай қылмыс жасағандардың сот жауапкершілігіне тартылуын қаматамасыз ету керек, жоғарыда айтылған 70 зорлық-зомбылық оқиғасының тек екеуінде ғана қылмыскерлер табылған дейді.

"Қауіпсізідіктің, әсіресе, әйелдер үшін қамтамасыз етілмеуі елдің экономикасына да елеулі әсер етуде. Өйткені көптеген жұмыс орындары бос қалған, әйелдер жұмыс істейтін кілем тоқу фабрикалары барлық жабдықтары істен шықпаған болса да, қаңтарылып тұр" деп жазады американдық "The Wall Street" басылымы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG