Accessibility links

Орталық Азия мен Кавказ елдерінде сәбилер денсаулығы сын көтермейтін жағдайда.


Орта Азия мен Кавказ елдеріндегі сәбилер өлімі ТМД-ның басқа мемлекеттеріндегі жағдаймен салыстырғанда бес есе көп-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Антуан Блуа арнайы мақаласында.

БҰҰ жанындағы Балалар қоры өзінің жыл сайынғы Әлем балалары денсаулығына арналған әлеуметтік бағдар баяндамасын жариялап отыр. Мұнда негізінен Орталық және Шығыс Европа мен ТМД елдері мемлекеттеріндегі жағдайлар талданған. ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Карол Белами Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында сол елдердегі сәбилер өлімі жөніндегі ресми мәліметтер мен шындық жағдай арасындағы айырмашылықтың өте үлкен екендігін айтқан.

-Мәліметтердің көрсетуіне қарағанда, сәбилер өліміның деңгейі біз ойлағаннан да жоғары болып отыр. Тіпті ресми деректерде көрсетілгеннен де тым жоғары болуда, - дейді Белами ханым.

Зерттеулерге қарағанда, Әзірбайжанда әрбір мың сәбидің 74-і бір жасқа жетпестен қайтыс болып жатады екен. Ал, ол елдегі ресми деректер бойынша әрбір мың баланың 17-сі ғана осындай жағдайға ұшырауда.

Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымының өлшемі бойынша сәбидің дүниеге келген алғашқы сәттеріндегі кез-келген тіршілік белгісі шынайы өмір ретінде саналады. Ал, Совет өкіметінен қалған әдет бойынша ТМД елдерінде тек бала демін ала бастағанда ғана ол тірі туылған боп есептеледі. Ал, зерттеуші мамандардың айтуынша, мерзіміне жетпей шала туылған сәбилер мен салмағы тым төмен боп дүниеге келген балаларды бұл елдерде жеті күнге дейін тіпті дүниеге келді деп тіркемейді де екен.

Ондағы медициналық қызметкерлердің көздегендері- сәби өліміне байланысты жауапкершіліктерді өз мойындарына алмау. Демек сәби өліміне байланысты шын мәніндегі толық көрініс ЮНИСЕФ-тің тексеруінен кейін де, түсініксіз күйінде қалып отыр. Бұл айтылғандарға қосымша, шалғай ауылда тұратын отбасылары балаларының дүниеге келгендігі жөніндегі төлқұжатты кешіктіріп алып жатады.

Мысалы, 1990 жылдың өзінде Тәжікстанда алты мен 11 айлық арасындағы сәбилердің 40 пайызы дер кезінде тіркелмегендер екен. Ендеше сол 11 айға дейін шетінеп кеткен, әлгі тіркелмеген сәбилер саны да беймәлім күйінде қалып отыр деген сөз.

ЮНИСЕФ-тің аталған баяндамасында көрсетілгеніндей, Орта aзиялық бес мемлекет және Гүржістан, Армения, Әзірбайжанда сәбилер өлімінің деңгейі Орталық және Шығыс Европа мен ТМД елдерінің басқа мемлекеттеріндегі жағдаймен салыстырғанда бес есе көп болып тұр. Ал, өнеркәсібі дамыған Батыс елдерімен салыстырғанда 12 есе көп. 1990 жылдары аталған елдердің ішінде сәбилер өлімі ең көп ел -Тәжікстан деп аталып, онда әрбір мың баланың 89-ының шетінегендігі, ал ең төменгі көрсеткіш Арменияда орын алып, онда әрбір мың баланың 36-сының қаза болып отырғандығы осы баяндамада айтылған.

Балалар дәрігерлерінің пікірінше, сәбилердің алғашқы айында шетінеуінің басты себебі, аналардың бала көтерер қарсаңдағы және аяғы ауыр кезеңдегі денсаулығының нашарлығына тікелей саяды. Мұндай жағдайды Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Педиатрия департаментінің басшысы Доскеева ханым да растап отыр. Алматыдағы Балалар хирургиясы орталығының басшысы Камал Ормантаевтің бұл жөніндегі пікірі мынандай: “Балалардың денсаулығы төмендеп кетті. Балалардың көбісі- ауру. Анемия деген ауру. 70-80 пайызы амения, яғни қанның аздығымен ауырады. Соған байланысты денсаулықтары төмендеп кетті”.

Сондай-ақ мамандардың пікірінше бала ағзасында йодтың жетіспеушілігі де жағдайды қиындата түсуде.

Ауаның радиоактивті заттармен былғануы да сәбилер денсаулығына тікелей әсер етуде. Бұл жөнінде Невада-Семей экологиялық қозғалысының мүшесі Жеміскүл Әбдімәлікқызы:

-Семей полигонындағы әсерден үлкен және төмен дәрежедегі радиацияны алып, халық өте ауыр жағдайға ұшырап қалды. Оның 50 пайызы- балалардың ауруы. Әсіресе балалардың мүгедек боп тууы, ең бастысы іште жатқанда ауруларға шалдығуы-, дейді.

Осы айтылған жағдайларға қарамастан, БҰҰ жанындағы Балалар қорының атқарушы директоры Карол Белами ханымның пікірінше, ең бастысы аталған елдерде бұл проблеманың бар екендігі мойындалып, ол нақты түрде зерттелуі тиіс. Сонда ғана балалар денсаулығын жақсарту бағытында көптеген шаралар жүзеге аса бастайтын болады. Ол үшін әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылуы тиіс.

Осы орайда Қырғызстанда 2000 жылы жан басына шаққандағы әлеуметтік шығындар 10 долларды әзер құраған екен. Белами ханым сонымен бірге әйелді босандыруға байланысты әлемдік медицинада қалыптасқан тәжірибелерден бұл елдер мамандарының да үйренері көп дейді. Сондай-ақ бала тәрбиесінің денсаулық жағдайына орай ата-алараға да арнайы ілімдер берілгені жөн дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG