Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Зайсан қаласынан өткір мақалалар жолдап жүрген Бекен Жапаров туралы Зайсан ауданының атқамінерлерінің тұтас бір үндеу қабылдағандығы туралы және тағы да басқа саяси, рухани, әлеуметтік мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

“Азат” тәуелсіз апталығының 23 шілде күнгі санында Әлім Бейбарсовтың “Шырмауық”, Назарбек Қанафияұлының “Даңғазалық елді тұралатты” және тағы да басқа саяси тақырыптарға арналған мақалалар топтамасы берілген.

Газеттің бірінші бетінде “Біздің тілшімізбен бүкіл аудан болып күресуде” деген редакцияның бас мақаласы орын алған. Мақалада “Азаттың” күрескер қаламгерлер клубының мүшесі, Зайсан қаласынан өткір мақалалар жолдап, жергілікті әкімқаралық демократиялық қоғамға жат, ескі кеңестік жүйеге тән кертартпа іс-қимылдарын әшкерелеп жүрген Бекен Жапаров туралы Зайсан ауданының атқамінерлерінің тұтас бір үндеу қабылдағандығы туралы айтылады.

Осыған орай газеттің екінші бетінде Бекен Жапаровтың “Зайсандағы Жанақовтың демократиясы” атты мақаласы жарық көрген. Бекен Жапаровтың айтуына қарағанда 1999 жылы 10 қазандағы жергілікті мәслихат сайлауы Жанақовтардың сценарийі бойынша жүргізілген. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, сол жылы ақпан айында Жанақовтың кеңсесінде аудандық мәслихаттың болашақ депутаттарының тізімі жасалған. Бұл тізімде ауданда беделді, шындықты бетке айтатын Шәкира Анаева, Уәлихан Тұрдыбеков, Мұратбек Зайтынов, Жетпісбай Әбдірахманов сияқты азаматтар болмай шығыпты.

“Бір ғажабы Президент Назарбаевтың нұсқауы, Қазақстанның заңдары аяқасты етілсе де, әкімнің қылшығы қисаймайды. Президент аппаратына, облыс әкіміне жазылған арыздардан ешқандай нәтиже жоқ. Тексеурушілер келсе жауып кетеді. Оның қорытындысын Жанақов күні бұрын біліп, жиындарда алдын-ала айтып отырады. Оның Елбасы аппаратында кезінде қызметтес болған мықты қолдаушылары бар деседі” дейді мақала авторы.

Газеттің үшінші бетінде жарық көрген Назым Ниязидың мақаласында кешегі Кеңес Одағы кезінде Арал теңізінің қақ ортасынан орын тепкен “Возрождение” аралында қырық жыл бойы бактериялық қаруларды сынайтын полигон болғандығы туралы айтылады. Мақала авторының айтуынша, бұл жерде жануарлармен қатар адамдарға да жасырын түрде сынақ жүргізіліп келген.

“Бірлі-жарым балық аулауға теңізге шыққан балықшыларды ұстап алып, қайығын теңізге батырып жіберіп, өздерін сынақ жасайтын жерге әкеліп, ешкімге көрсетпей сынақ жасаған. Соңғы демі бітер кезде оны басқа жаққа апарып, терең шұңқыр қазып, өлі денені күл қылып өртеп жіберіп отырған” дейді мақала авторы Назым Ниязи.

“Алтын Орда” газетінің кезекті №28 (182) санындағы Айша Құрманғалиқызының “Ел неге жұмыссыз” атты мақаласында экономикалық ілгерілеушіліктер мен құйылып жатқан мол қаржының әлеуметтік мәселелерге оң ықпалын тигізе алмай отырғандығы тілге тиек етіледі. Ресми деректер республика халқының үштен бірінің күнкөрісінің төмендігін айтады.

Ауылдарда кедей тұрғындарының орташа үлесі 39 процент, кейбір аудандарда 80 процентке жетіп отыр. 1996 мен 2002 жыл аралығында туберкулез ауруы 85 процентке, жүкті әйелдер анемиясы 60 процентке өскен. Ішкі істер министрлігінде тіркелген мектепке бармайтын балалар санының 75 проценті кедей отбасыларынан екен. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, еңбек рыногындағы жұмысшы күші сан жағынан да, сапа жағынан да сұранысты қанағаттандыра алмайды.

“Қазақ елі” газетінің кезекті № 20 (267) санында Фадли Әлидің “Түріктерде – тамыз, қазақта - желтоқсан”, Ыбырайым Сүйінұлының “Орыс бастап, қазақ қостап” және тағы да басқа саяси, рухани тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

Газеттің бесінші және алтыншы айқарма бетінде Қазақстан Республикасы Көші-қон және демография жөніндегі агенттігінің төрайымы Алтыншаш Жағанованың “Демографиялық даму – еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің басты кепілі” атты мақаласы берілген.

Газеттің бірінші бетіндегі редакцияның бас мақаласында Ресейдегі Астрахань облысында күй атасы Құрманғазыға зәулім мұражай салынып жатқандығы туралы баяндалған. Құрманғазының зәулім мұражайы қазан айында пайдалануға тапсырылатын көрінеді.

“Егемен Қазақстан” газетінің 23 шілде күнгі санында Бақтияр Тайжанның “Науалар өз зауытымызда құйылады”, Жолдасбек Шөпеғұлдың “Құбырдың шын құны қанша” атты мақалалары мен “Қазақстан Республикасының су кодексі” жарық көрген. Газеттің екінші бетінде Сұңғат Әліпбайдың Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімовпен жүргізген сұхбаты берілген.

“Аргументы и факты Казахстан” қосымшасының 23 шілде күнгі санында жарық көрген Александр Рожковтың мақаласында Текелі қаласының ауыр тұрмысы туралы проблема тілге тиек етіледі. Мақала авторының айтуынша бүгінгі таңдағы Текелінің ұсқыны Сталинград соғысынан кейінгі қалаларды еске түсіреді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында геологтар бұл жерден кен орындарын ашқан болатын.

1952 жылы бұл ауылға қала дәрежесі берілді. Кеңес дәуірі кезінде бұл қалада өмір қайнап жататын. Ал қазіргі кезде қалалық әкімшіліктен басқа жерлердің бәрінде өлі тыныштық жайлаған. Өйткені әкімшілікте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр” дейді мақала авторы. Мақала авторының айтуынша, билік халықты ылғи да жалқаусың деп жазғырудан басқа түк бітірмейтін көрінеді. Алайда жеме-жемге келгенде халыққа қандай жұмыс тауып берерін әкімшіліктегілердің өздері білмейді.

20 қыркүйек барлық дәрежедегі мәслихаттар сайлауы. “Новости недели” апталығының 23 шілде күнгі санында жарық көрген Асқар Омаровтың мақаласы сайлау тақырыбына арналыпты.

“Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, әр түрлі қозғалыстар мен партиялардың атынан 7954 адам өз кандидатураларын депутаттыққа ұсынып отыр. Олардың ішінен облыстық мәслихатқа – 1940, аудандыққа – 3818, және қалалық мәслихатқа түсуде бағын сынамаққа –2196 адам бел буыпты.

Алайда бұл мәліметтердің өзгеруі ықтимал. Өйткені Орталық сайлау комиссиясына құжаттардың барлығы түсіп үлгірген жоқ. Сайлауға түсетіндердің саны жағынан Алматы бірінші орында тұр. Сонымен қатар Астана қаласында да депутаттық мандат үшін үлкен күрестің болатын сыңайы байқалады. Бұл жерде қалалық мәслихаттағы 25 орынға 163 адам таласады.

“Экспресс К” газетінің 23 шілде күнгі санында жарық көрген Ләззат Шүленованың мақаласында Қостанай облысының сегіз ауданында төтенше жағдайдың жарияланғандығы туралы айтылған. Мақала авторының айтуынша бұл өңірде толастамай жауған жауын, сепатриоз атты егін ауруының тарауына мұрындық болған.

Биылғы жылы мемлекет 178 мың гектар жерге себуге химиялық дәрі-дәрмек берген. Алайда ол дәрі-дәрмектерді ауру тараған 460 мың гектар жерге жеткізу мүмкін болмай тұр. Жергілікті шенеуніктер дабыл қағып мемлекеттік орындарға қайта-қайта хат жазғанымен одан түк нәтиже шықпай отыр. Ал қымбат химялық дәрі-дәрмектерді сатып алуға ірі шаруа қожайындарының да мүмкіншілігі келе бермейді” дейді мақала авторы.

Газеттің бірінші бетінде берілген Альбина Ахметованың бас мақаласында үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегінен бастап, оқушылардың мектепке киіп баратын жаңа оқу формасы болатындығы туралы баяндалған. Мақала авторының айтуына қарағанда кедейлік жайлаған Қазақстан мемлекетінде ол форманы сатып алуды көптеген ата-аналардың қалтасы көтермейді.
XS
SM
MD
LG