Accessibility links

Ирақтағы коалиция күштерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық басым.


Ирақтағы АҚШ әскерлеріне күн сайын шабуылдардың жасалуы мұндағы қауіпсіздікке деген алаңдаушылықты күшейтіп отыр. Енді Саддам Хуссейіннің екі ұлы өлтірілген соң, мұндай қастандықтар одан әрі де ұлғая түсе ме, деген де қауіп жоқ емес.

Сейсенбі күні Ирақта жол жиегінде болған жекелеген жарылыстарда екі американ солдаты қаза тапты. Мұндай жайттардың өзі Саддамның екі ұлы өлтірілді деген хабарлардан кейін, коалиция күштеріне қарсы кек қайтару шабуылдары ұлғайып кете ме деген алаңдаушылық туғызуда.

Вашингтонның мәлімдеуінше, Саддам Хусейіннің қос ұлы Ұдай мен Құсай дүйсенбі күні АҚШ жасақтары Ирақтың солтүстігіндегі Мосул қаласындағы олардың жасырынған үйіне шабуыл жасаған кезде, кескілескен ұрыста қаза тапқан.

Мосул қаласы Ирақтың солтүстігіндегі "сунниттер үшбұрышы" деген атпен белгілі аймақта жатыр. Бұл аймақ Бағдадтың солтүстігі және батысымен шектеседі, сондықтан да бұл өңірде жай тұрғындармен араласып кеткен Саддамның жақтастары баршылық.

Сейсенбі күні таңертеңгілік ертемен Мосулға жақын жерде АҚШ-тың әскерлер сапы өтіп бара жатқан жолдың жиегінде қолдан жасалған жарылғыш құралдың жарылуынан бір жасақ қаза тауып, алтауы жараланған.

Ал Бағдадтың батысындағы Рамади қаласына жақын жерде әскерлерге жасалған осындай тағы бір шабуылдан бір америка солдаты қаза тауып, екеуі жарақат алған.

Өткен мамыр айының бірінде АҚШ президенті Джорж Буш Ирақтағы басты соғыс қимылдары аяқталды деп жариялағаннан бері де, барлығы американың 41 солдаты, британияның 6 солдаты түрлі қақтығыс, шабуылдар салдарынан қаза болған. Америка жасақтары Ұдай мен Құсайдың өлімі өздеріне қарсы ұйымдастырылып келген партизандық астыртын қастандық қимыл-әрекеттердің енді азаюына себеп болатын шығар деп үміттенеді. Алайда олар әлі де болса, Саддам жүйесінің қалдықтарынан қатаң сақтану шараларын ұмытпау керектігін де айтады.

АҚШ-тың Ираққа бастаған соғысына қолдау білдірген саяси жетекшілер де, оптимистік көзқараспен қатар сақтық тұрғысындағы пікірлерді де білдіреді. Австралияның премьер-министрі Джон Ховард Ұдай мен Құсайдың өлімінен кейін Ирақта тұрақтылық қалыптасады деп күтетіндігін айтқан.

- Ирақтың көп адамдары ескі режим әлі де қайтып орала ма деп, қауіптеніп келді, енді Саддамның екі ұлының өлгеніне көздері жетсе, бұл олардың мұндай алаң көңілден құтылуына жасалған бір қадам болар еді және бұл қауіпсіздік жағдайына қосылған үлкен үлес болары да айқын. Мен мұны асырып айтқым келмейді, бірақ та психолигиялық тұрғыдан алғанда бұл алға қарай жасалған үлкне қадам, - деп атап көрсеткен Джон Ховард.

Британияның премьер-министрі Тони Блэр сейсенбі күні бүкіл Ирақта мерекелік от шашулар болып, тойланып жатуы - Вашингтон АҚШ пен Британия жасақтарына қарсы партизандық шабуылдар ұйымдастырушылар деп айып тағатын, Ирақ тұрғындарының басым бөлігі - Саддам режимінің қалдықтарына қолдау білдірмейтіндігін көрсетті деген.

- Бұл жаңа Ирақ үшін ұлы күн. Ұдай мен Құсай Хуссейіндер бүкіл әлемге қауіп төндірген жаппай қырып-жою қаруы бағдарламасы үшін ғана емес, азапталып-қиналып өлтіріліп, енді қабірлері табылып жатқан Ирақтың мың-мыңдаған жазықсыз тұрғындарының өлімі үшін де жауапты болатын режимнің басында болған тұлғалар. Тойланып мерекеленіп жатқаны елдің оларға қандай ашу-ызалы болып келгендігінің белгісі, - деген Британия премьер-министрі.

Ал Ирақтағы американдық әкімшілік басшысы Пол Бремер Вашингтонда Ұдай мен Құсайдың өлімі мұндағы Америка жасақтарының қауіпсіздігін оншалықты көп арттыра қоймайды деген. Оның айтуынша, алдағы бірнеше күндерде кек алу шабуылдарын күтуге болады. Бремер сейсенбі күні Саддамның ұлдарының өлімі туралы бастапқы мәлімдеулерінде аса сақтық танытқан.

- Менің Саддамның ұлдарының өлімі жайында жалғыз-ақ айтарым – бұл шындығында Ирақ адамдары үшін де, бұл қимылдарда өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсеткен Америка күштері үшін де айрықша үлкен күн болды, - деп атап көрсеткен ол.

Ирақтың солтүстігіндегі АҚШ жаяу әскерлерінің 4-ші бөлімшесіндегі капитан Сиин Ноулан Ұдай мен Құсайдың өлімі Ирақтағы АҚШ бастаған коалиция күштерінің ең бір жақсы ісі болғанын көрсетеді деген Ассошейтед пресс агенттігіне. Ноулан сондай-ақ мұның өзі ең ақырында партизандық науқанды әлсіретеді деп есептейді.

Дегенмен де, барлық пікір мұндай емес, АҚШ армиясының сержанты Колин Фредерик енді мүмкін кек алу шабуылдарының басталуына дайын болу керек болатын шығар деген. Талдаушылар да егер бұған дейін коалиция күштеріне жасалып келген қастандық шабуылдарын Саддамның жақтастары ұймыдастырған болса, онда Вашингтонның енді кек қайтару науқанын күтуі шындыққа жанасымды дейді. Дегенмен де олар алда шабуылдар бірқатар азаюы тиіс, өйткені бұрынғы жүйе қалдықтары сенім күшін жоғалта бастады деген де пікірлер айтады.
XS
SM
MD
LG