Accessibility links

ҰҚК-нің екі қызметкері есірткі саудасымен айналысқан


Шілденің 23-і күні 5 адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленді. Олардан 80 келіден аса марихуана тәркіленді.

Есірткі саудасымен айналысқан топ мүшелерінің екеуі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алтыншы департаментінің қызметкерлері болып отыр. Есірткі заттары ҰҚК-нің қызметкерінің бірінің гаражынан алынды. Қазіргі уақытта осы іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Астана қалалық ішкі істер басқармасының Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі басқарма бастығы Серік Аманжолов, шілденің 24-і күні өткен баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді. Ол аталған топ есіркті тасымалымен бір жылдан аса уақыттан бері айналысып келген деген тұжырым айтты.

Тұзақталған топ мүшелерінің арасында есіркті таратумен айналысқан кәмелетке толмаған жас бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қауіпсіздік қызмет басқармасы осы істі анықтауға және аталған топты ұстауға үлкен көмек көрсетіпті. Қылмыстық топты ұйымдастырушы екі адам ұсталған. Қазіргі уақытта олар Астана қалалық ішікі істер басқармасының тергеу оқшаулау орнында отыр. Тәркіленген 80 келіден аса есірткінің қара базардағы құны 1 миллион теңгедей қаржыны құрайды. Мұндай көлемдегі есірткінің тәркіленуі- Астана қалалық ішкі істер басқармасы үшін соңғы үш-төрт жылдың ішінде бірінші рет болып отыр.

- Астанаға есірткі заттары оңтүстік аймақтардан ғана жеткізіліп отырған жоқ. Ресейден де есіркті заттарын тасымалдаған солтүстік өңірдің адамдарын ұстадық. Ресейде героиннің бағасы қымбатырақ болса да бізге тасымалданып отыр,- дейді Серік Аманжолов.

Жоғарыда аталған қылмыстық топтың есірткі заттарды қандай жолмен жеткізгендігі тергеу барысында анықталмақ. Ал, жалпы Астана қаласы бойынша диспансерлік есепте тұрғандар саны 1368 адам екен. Серік Аманжолов уытқұмарлардың көбісінің емделмейтінін айтады.
XS
SM
MD
LG