Accessibility links

Европа одағына мүше елдер ауыл шаруашылығына көмек сұрайды


Европа одағына мүше елдердің фермерлері мен саясаткерлері бас қосып, Европа комиссиясынан кезек күттірмес көмектер сұрауда.

Европа елдерін айрықша ыстығымен қуырып тұрған биылғы жаз мүмкін демалушылар үшін қолайлы-ақ көрінген болар. Алайда, ауыл шаруашылығы өкілдері үшін олай бола қоймас.

Аптап ыстықтың кесірінен Германия, Франция, Италия мен Австрия және де басқа елдер биылғы жылдың астығын қажетті дәрежеде жинай аламыз ба, жоқ па деген қауіп үстінде отыр. Ауа райын болжаушылардың айтуынша, жаңбыр жаумай, оған қоса аптап күннің төбеден шыжғыруы бұл құрылықта есте бар мерзімдерден бері болмаған жағдайға әкелетінге ұқсайды.

Осы жағдайға байланысты, ауыл шаруашылығы саласына кезектен тыс көмек ретінде Франция өкіметі бірнеше шараларды әзірлеп отыр. Қазірдің өзінде астық өнімдері көлемі бұл елде қалыптағы шамадан 40 пайызға түсіп кеткен.

Ал, Германия фермерлері қауымдастығының басшысы Герд Зонлейтнердің пікірінше, қазіргі кездегі жағдайдың өзі апатты деген арнаға барып қалды. Әсіресе Германияның шығысы айрықша құрғақшылыққа ұрынып тұр. Астық егілген алқаптардың үш жарым миллиондай гектар жерлері қазірдің өзінде бір миллиард евролық көлемде шығынға ұшырап отыр.

Ал, басқа өнім түрлерінен келіп жатқан шығындарды әл-әзір есептей қою қиынға түсуде. Дегенмен, шамамен есептеулерге қарағанда, биылғы құрғақшылыққа байланысты келген қиындықтар былтырғы жаздағы су тасқыны душар еткен шығыннан бірнеше есе асып кеткен. Германияның қайбір тұстарында, тіпті астық шығыны 70, 80 пайызды құрап отыр. Осы жағдайға байланысты Германия Ауыл шаруашылық министрі Ренате Кюнаст ханым төтенше жағдайларда берілетін көмек шараларын әзірлеу үстінде.

Италияның солтүстігіндегі По өзенінің суы өзінің ең төменгі деңгейіне дейін тартылып кеткен. Ал, елдің оңтүстігіндегі Калабрия аймағындағы астық және жеміс-жидек өндірістері тығырыққа тіреліп тұр.

Европа одағына мүше елдердің ауыл шаруашылық министрлері сейсенбі күні бас қосып, өздерінің қалыптасып отырған жағдайға орай мазасыздануларын ортаға сала келіп, Ауылшаруашылық кеңесіне бұл жөнінде көмек сұрап, ұсыныстар жасады. Европа одағындағы ауыл шаруашылық бойынша бас өкілі Франз Фишлер былай деді:

- Қазіргі жағдайда фермерлердің қаншалықты дәрежеде запа шеккендігін Европа комиссиясының түсінетіндігін айтқым келеді. Біз олардың мазасыздануларын жақсы түсінеміз. Және өз тарапымыздан мүмкін болған деңгейге дейін көмектесуге әзірлік жүргізіп жатқанымызды айтқым келеді, - деді.

Дей тұрғанмен, бұл орайда көмек қолын соза қоятындай қосымша қорлардың болмай тұрғандығын да ол ашық мәлімдеді. Фишлер мырзаның айтуынша, фермерлерге күзде қаржылай жәрдем көрсетілетін болады. Тағы бір көмек көрсету жолы құрылымдық даму тұрғысындағы көмек болмақшы.

Ол көмек биылғы жылдың шықпаған өнімінің орнына төленбейтін сыңайлы. Фишлер мырзаның пікірінше, аталған көмек керісінше келер жылдардағы инвестициялық жоба қатарында көрсетілмекші. Ол сонымен қатар Европа комиссиясының уақытша мақсаттағы көмекпен қатар болашаққа арналған көмек дәрежесінің көрсеткіштерін жақын күндерде жариялайтындығын айтты.
XS
SM
MD
LG