Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда өз отанына қайтып оралып, қайыршының кебін киіп, қайтыс болған Әдірахман Елеукеновтың тағдыры туралы және тағы да басқа саяи, рухани, мәдени тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

“Түркістан” апталығының 24 шілде күнгі санында жарық көрген Есенгүл Кәпқызы “Қазақ қай жерде де қазақ” деп аталатын бас мақаласында Моңғолияның батысында орналасқан Баян-өлгий аймағындағы іс-сапары туралы баяндайды.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Моңғолиядағы қазақтардың саны 140 мыңға жеткен. Негізінен мал кәсібімен айналысатын Моңғолиядағы мал басы – 1 млн 300 мыңға жетеді екен. Биыл Моңғолияның өз алдына отау тігіп, тәуелсіз мемлекет болғанына тура 82 жыл болыпты. Мақала авторының айтуынша, басқа қандастарымыздан гөрі Баян-өлгийдегі қазақтармен ата-жұрт арасындағы байланыс тығыздау көрінеді.

“Баянөлгийліктер “Хабар” және “Қазақстан” ұлттық телеарналарын көре алады. Сондай-ақ Қытайдың Шыңжан өлкесіне тарайтын өлкелік “Шыңжаң” телеарнасы да 12 сағат бойы көрермендердің көзайымы болады екен. 1991 –1994 жылдар аралығында Қазақстанға қоныс аударған отбасылар 12 мыңға, адам саны 45 мыңға жеткен” деген мақала авторы екі елдің арасында туындап отырған қиыншылықтарды да тілге тиек етеді.

“Бұрын мерзімді басылымдардың бәрі баянөлгийлік қандастарымыздың рухани қажеттілігін өтеп келген болса, бүгінде ол да мүмкін болмай отыр. Газет-журнал да, ақын-жазушылардың шығармалары да мұндағы қазақ оқырмандарының қолына тимей отыр. Тағы бір ескертетін жайт Қазақстан мен Баян-өлгий арасында сауда қарым-қатынасы жоқ. Кеңес Одағы кезінде осы Баян - өлгий аймағынан Ресей мен Қазақстанға тірідей мал айдалатын. 1990 жылдан кейін бұған күрт тиым салынған” дейді мақала авторы.

“Ана тілі” апталығының 24 шілде күнгі санында жарық көрген Бекбосынов атты қарт ұстаздың мақаласында Қостанай қаласындағы жалғыз қазақ мектебінің мүшкіл хәлі туралы баяндалады. Мақаланың қысқаша мазмұнымен таныстыратын болсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын ата-аналар жаңа қазақ мектебін салып беруді талап еткен.

Міне осы оқиғадан кейін қала әкімшілігі ең нашар, ескі жобамен салынған, дәлізі тар, жөндеу жұмысы жүргізілмеген №10 орыс мектебін босатып беруге мәжбүр болған. Мақала авторының айтуынша қалаға оралмандардың келуі мен қоныс аударушылардың көбеюіне байланысты бұл мектеп те таршылық жасаған. Сонымен мектепке күрделі жұмыс жүргізу мәселесі де тек үстіміздегі жылы ғана қолға алыныпты. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, қаладағы қазақ балаларының тек отыз проценті ғана ана тілінде оқиды.

“Қалалық білім басқармасының бастығы А.А.Шек қазақ мектебінің проблемасына басы ауырмайтын адам. Аппаратында қазақша білетін мамандар мен әдіскерлер жоқтың қасы. Қала әкімінің орынбасары М.С.Тукенов сөз жүзінде жанашырлық жасағанымен, іс жүзінде жәрдем жасамай отыр” дейді мақала авторы.

“Журналист” газетінің кезекті №8 санында жарық көрген Дидар Амантайдың мақаласында бүгінгі таңдағы бұқаралық ақпарат құралдарының жетістігі мен кемшін тұстары сөз болады. Мақала авторының айтуына қарағанда қазіргі кездегі бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықты қолдан жасауды әдетке айналдырыпты. Бұл өз тарапынан қоғамдық санаға кері әсерін тиігізіп жатқан көрінеді.

“Жалған ақпаратты кең ауқымда жылдам тарата отырып, өкімет билігін түбегейлі нығайтты. Әрбір жеке адамның тағдыры қазір ақпарат көздерінің ырқында, жау қылам десе –жау қылады, дос қылам десе – дос қылады. Дидар Амантайдың пайымдауынша соңғы жылдары пайда болған Интернет-басылымдардың іс-әрекеті де заң шеңберіне симай, ол басылымдар ойына келген дүниесін жасап жатқан көрінеді.

“Интернет-басылымның ең сорақы жері –тақырыпты талқыға салатын бейресми форумы. Форум сізден мекен-жайды да, аты-жөніңізді де талап етпейді. Ел авторды жерден алып жерге салады. Аузына келгенін айтады. Жауапкершілік жоқ жерде ешқандай қасиет те жоқ” дейді мақала авторы. Мақаласының соңында Дидар Амантай ақпарат көздерінің, сайлау науқаны кезінде бірден-бір соғыс құралына айналып кететіндігіне тоқталып өткен.

“Время” апталығының 24 шілде күнгі санында мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев, “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Қазбек Қазкенов, Азаматтық партияның орталық комитетінің бірінші хатшысы Азат Перуашев пен “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов “20 қыркүйекте болатын сайлау әділ өтеді деп ойлайсыз ба?” деген сауалға байланысты өз көзқарастарын білдірген.

Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев, өзі депутат болып сайланған Павлодарда, сонымен қатар таяу арада Екібастұзда болып қайтқанын, осы болған жерлердің бәрінде де қазіргі кезден бастап қысым көрсетіліп жатқандығын тілге тиек еткен. Серікбай Әлібаевтың айтуынша, өз кандидатураларын депутаттыққа ұсынғысы келген адамдарға билік адамдары олардың өте алмайтындығын ашықтан-ашық айтып жатқан көрінеді.

“Биліктің арқасында депутат болатындардың тізімі менің ойымша алдын-ала жасалып қойып, әкімдердің тартпасында жатыр, Ал, Балиева ханымның таза демократиялық сайлау жөніндегі айқай-шуы Қазақстан халқын адастырудың кезекті науқаны ғана” дейді Серікбай Әлібаев.

“Отан” партиясы төрағасының орынбасары Қазбек Қазкеновтың айтуынша, оппозиция өкілдері сайлау әділетсіз өтіп жатыр деп дабыл қағу арқылы атқарушы билікке қысым жасағысы келіп отыр.

“Сайлау әділетсіз өтіп жатыр деп шулайтындардың ешқайсысы да іс жүзінде өз сөздерінің растығын дәлелдей алған жоқ”дейді Қазбек Қазкенов.

Азаматтық партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Азат Перуашев та алдағы сайлау әділ өтеді деп есептейді. “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов “Сайлау туралы жаңа Заңның” қитұрқы тұстарының көп екендігіне тоқталып өткен. Болат Әбіловтың айтуына қарағанда бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетінде әділ сайлаудың өтуі мүмкін емес.

“Мегаполис” апталығының 24 шілде күнгі санында жарық көрген Алина Пактың мақаласында өз отанына қайтып оралып, қайыршының кебін киіп, қайтыс болған Әдірахман Елеукеновтың тағдыры туралы баяндалады. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, 2001 жылы Әбдірахмен Елеукенов Қарақалпақстаннан Ақтөбеге көшіп келеді. Бірақ Ақтөбеге көшіп келгенімен, квота ала-алмай біраз уақыт бойы әуре-сарсаңға түсіп қатты қиналады.

Әкімшіліктегілер оралманға қол ұшын берудің орнына, егер бұл жақ ұнамаса келген жағыңа кете бер деп қорлайды. Міне осындай ит қорлықты көре жүріп Әбдірахман Елеукенов денсаулығынан айырылып қайтыс болады. Бүгінгі таңда оның балалары мен немерелері қаланың сыртындағы бір бөлмелі аядай бөлмеде өмір сүріп жатыр” дейді мақала авторы. Сондай –ақ газеттің осы санында Юлия Смолинаның “Құпия көмірқышқылдар”, Александр Тонкопряденконың “Әке, балық дегеніміз не?” және тағы да басқа әлеуметтік, саяси, рухани тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген. Газеттің он төртінші және он бесінші бетінде саясаттанушы, тарих ғылымының докторы Әзімбай Ғалидың философ Ғарифолла Есімнің жаңа кітабы туралы көлемді мақаласы орын алған.

“Экспресс К” газетінің 24 шілде күнгі санында жарық көрген Андрей Мануйловтың мақаласындағы келтірілген деректерге сүйенсек, соңғы кездері Алматы қаласында жарылғыш заттар ұстап жүрген көптеген азаматтар қолға түскен. Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қырық жастағы Оралбаев деген азаматты тінту барысында, оның қойнынан граната тапқан. Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің қызметкері Мұрат Жұматаев жарылғыш заттың РГД-5 гранатасы екендігін анықтаған. Сол секілді Түрксіб ауданындағы патруль қызметкерлері Ситнин деген азаматтың құжатын тексеру барысында, оның сөмкесінен жарылығыш құрал ИМ-85 электорлы детонаторын тәркілеген.
XS
SM
MD
LG