Accessibility links

Евгений Жовтистің депутаттық сауалға берген жауабы


Қазақстандық адам құқтары мен заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтистің депутаттық сауалға берген жауабы

Бұдан бұрын хабарланғанындай, 7 жылға бас бостандығынан айрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің лидері Ғалымжан Жақияновқа рақымшылық жасау жөніндегі оның жұбайы Қарлығаш Жақиянова тарапынан Президент атына жазылған өтінішті Президент жанындағы рақымшылық жасау жөніндегі комиссия қанағаттандырмаған болатын.

Осыған орай, Қазақстан парламентінің депутаттары Зәуреш Батталова мен Серікболсын Әбділдин Қазақстандағы адам құқтары мен заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюроға депутаттық сауал жолдаған. 25 шілде күні «Навигатор» интернет басылымы бетінде аталған депутаттық сауалға Қазақстандағы адам құқтары мен заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтистің берген жауабы жарияланды.

Онда Евгений Жовтис аталған жағдайға құқықтық сараптама жасай келе, комиссия тарапынан Ғалымжан Жақияновқа рақымшылық жасауға қатысты Қарлығаш Жақиянова өтінішінің қабылданып, қаралмауы, заңдық тұрғыдан негізделмеген деген анықтама береді.

«Негізінде, Қазақстанда жазасын өтеушілерге рақымшылық жасау шарасына қатысты баптар ҚР-ның Ата заңында, Қылмыстық кодексте, сондай- ақ Қылмыстық- атқару кодексінде көрсетілген. Сонымен қатар, 1996 жылдың 7 мамырында қабылданған қаулыға сәйкес, жазасын өтеушілерге рақымшылық жасау көп ретте, сотталғандардың өз өтініші бойынша қаралады.

Алайда онда, мұнан басқа жағдайларда жазылған өтініштің қаралмайтындығы атап көрсетілмеген. Онымен қоса, ҚР Қылмыстық – атқару кодексінің 168-бабына жасалған түсініктемеде: « Рақымшылық жасау шарасы нақты бір жеке адамға қатысты сол адамның өтініші немесе оның туыстары мен жұмыс істеген ұжымының ,сондай- ақ, түзету колониясы әкімшілігі тарапынан жазылған өтініш бойынша жүзеге асырырылады» делінген.

Сондықтан да Қарлығаш Жақиянованың оның жолдасы Ғалымжан Жақияновқа рақымшылық жасау жөніндегі Президент атына жолданған өтінішінің ешқандай да Қазақстан заңдарына қайшы келмейтіндігін атай келе, біз оған Президент жанындағы рақымшылық жасау жөніндегі комиссияға аталған дәйектемелерге сүйене отырып, қайтадан өтініш жазуды ұсынып отырмыз» дейді Адам құқтары мен заңдылықтардың сақталуы жөніндегі халықаралық қазақстандық бюро жетекшісі Евгений Жовтис.
XS
SM
MD
LG