Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда соңғы жылдардағы жалған ғалымдардың қаптап кеткендігі туралы және тағы да басқа саяси, рухани, мәдени мәселелерге арналған мақалалар жарық көрген.

“Қазақ әдебиеті” апталығының 25 шілде күнгі санында жарық көрген, газеттің бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің “Асқар тауға бұққан жараспайды” деген мақаласында, соңғы жылдардағы жалған ғалымдардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткендігі және оның қоғамға тигізіп жатқан залалды әсері тілге тиек етіледі.

Мақала авторының айтуынша, кейінгі жылдары білікті жігіттер “Журналистика академиясы” дегенді ашып, қаламдас әріптестерге “академик” деген ат тарата бастаған. Мысалға, өткен жылы “Алтын жұлдыз” жүлделерімен марапаттау кезінде бәйге тапсырған үлкенді-кішілі публицистердің бәрін шетінен “академик” деп хабарлап жатыпты. Ақын Ұлықбек Есдәулет өз мақаласында “академик” атағын берудің бизнестің түріне айналып кеткендігіне де тоқталып өтеді.

“Бұл күнде лауазымды қалталы шенеуніктерге әкімдер мен министрлерге, бизнесмендерге алдымен кандидаттық-докторлық диссертация жазып беретін, кейін тез арада қорғататын еті тірі іскер ғалымдар, тіпті кейбір ғылыми институттар да пайда болды. Бұл күнде осы құбылыс билікті шенді байшыкеш-бишікештердің арасында модаға айналды. Оған ешқандай тосқауыл көре алмай тұрмыз. Егер қажет болса оларға кейбір білдей профессорларыңыздың өзі жетекші болып, ақылы көп, ақшасы аз жоқ-жітікті тауып беріп, диссертациясын жаздырса, атағы арбаға симайтын ақсақал академиктеріңіз зыр жүгіріп жүріп қорғатып береді” дейді ақын Ұлықбек Есдәулет.

“Заң” газетінің кезекті №34 (470) санында жарық көрген Әскер Әбілқайырұлының мақаласында, Солтүстік Қазақстан облысында оралмандарға байланысты талаптардың орындалмай жатқандығы тілге тиек етіледі. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, оралмандарды жұмыспен қамтуда, әлеуметтік қорғауда және басқа да мәселелерде олқылықтарға орын берілген.

Жергілікті әкімдіктер, көші-қон және демография мәселесімен айналысатын мекемелер оралмандардың өтініштері мен мұң-мұқтаждарына жеңіл-желпі, жүрдім-бардым қарайды. Сондай-ақ оралмандарға бөлінген тиісті мемлекеттік қаржының орнымен жұмсаламайтыны, оларға үй сатып әперуде көптеген жолсыздықтарға жол берілгені де - Әскер Әбілқайырұлының мақаласында егжей-тегжейлі баяндалған.

“Қазақстан Заман” басылымының 25 шілде күнгі санында жарық көрген белгілі журналист Марат Тоқашбаевтың мақаласында, “Хизб ут Тахир” исламдық ұйымы мүшелерінің Қазақстанда өз үнпарақшаларын таратып жүргендігі баяндалады. Мақала авторының айтуына қарағанда, саяси мақсатты көздеген бұл үнпарақшаларда ең алдымен Өзбекстанда “сайтан жолындағы үкіметті” құлатып онда және оған көрші елдерде бұртұтас Ислам халифатын құру идеясы насихатталған.

“Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында үнпарақшалар таратып жүрген жерінен ұсталған “шатақ” ұйымның эмиссарлары негізінен Өзбекстандағы құрылысты күштеп құлатуды көздейтінін айтады. Ал Қазақстан мен Қырғызстаннан олар ең алдымен қолдау күтеді.

“Қазақстан мұсылмандары бізді қолдап кетсе, Өзбекстан ислам жұмхриятын құрсақ, одан кейін Қазақстан мен Қырғызстанға ауыз салып Орта Азияны ислам халифатына айналдырсақ” – олардың ішкі есебі осыған саяды. Тым құрыса аймақта тұрақсыздық туғызсақ дейтін есекдәмесі де жоқ емес” дейді мақала авторы Марат Тоқашбай.

Сонымен қатар осы аптада “Ақиқат” журналының жетінші саны оқырмандардың қолына тиді. Журналдың бұл жаңа санында жарық көрген жазушы Сапабек Әсіпұлының “Тантал азабы” қандай азап?” деректі мақаласында Қазақстандағы жергілігікті халықтың ауыр тұрмысы туралы айтылады.

Ал жазушы Қуандық Түменбайдың “Деңгей” мақаласында түрлі деңгейдегі қайраткерлер туралы, өмір деңгейі туралы, адамдардың рухани әлемі жөнінде кеңінен сыр шертіледі. Сондай-ақ жұртшылық Махамбет жөнінде сыр шертетін Нәбиден Әбутәлиевтің “Тағдыр” атты материалын, Михаил Усовтың “Қазақ сахарасында” атты тарихи материалының жалғасын журналдың осы санынан оқи алады. Журналда жарық көрген жазушы Құрал Тоқмырзаұлының “Сұрақ көп, жауап аз” ой-толғауында қоғамымыздағы кейбір келеңсіздіктер туралы айтылады.

“Начнем с понедельника” апталығының 25 шілде күнгі санында Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдігінің үйлестірушісі Фикрет Акчура мырза газет оқырмандарының көптеген сауалдарына жауап берген. Фикрет Акчура мырзаның айтуынша Ауғаныстандағы акциялар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің қолдауымен жасалынған. Алайда Ирактағы әскери коолицияның акциясына Қауіпсіздік кеңесі өз келісімін бермеген.

Сонымен қатар Фикрет Акчура мырза Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы қызметіне де еркеше тоқталып өткен. “Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының он екі агенттігі жұмыс істейді. Олардың көздеген мақсаты Үкіметке және Қазақстан халқына елдегі саяси және экономикалық реформалардың қалыптасуына көмек көрсету. Біріккен Ұлттар Ұйымының есеп-шотына түсетін ақшалардың басым бөлігі қоршаған ортаны қорғау және кедейлікті жоюға арналған бағдарламаларға жұмсалады” деген Фикрет Акчура мырза соңғы жылдарда мемлекет басшыларының мұрагерлікті өз балаларына тапсырып жатқандығына байланысты да алаңдаушылығын білдіріп өткен.

“Новое поколение” апталығының 25 шілде күнгі санында Андрей Губенконың “Ашықауыз- Қаржы министрлігінің табысы” деп аталатын мақаласы жарық көрген. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, егер де бұрын-соңды мемлекеттік құпияны жариялап қойған адамдар жауапқа тартылса, ендігі тұста ол азаматтар айыппұл төлеп-ақ құтылып кететін көрінеді. Өйткені 17 шілде күні үкімет “Мемлекеттік құпия болып табылатын деректер мен мәліметтерді жариялау немесе жоғалту барысында Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне келтірілген шығынды белгілеу тәртібі” туралы заңды бекітіп жіберді.

“Мемлекет- ашықауыздарды жауапқа тарту арқылы табыс табуды көздеп отыр. Дегенмен ендігі тұста аса құпия болып саналатын мемлекеттік құпияны жария қылған азамат қазынаға белгілі мөлшерде ақша төлеп жауапкершіліктен құтылып кете салады. Міне сол себептен де алдағы уақытта мемлекеттік құпияны сату да әлдекімдердің қалтасын ақшаға толтыратын қарапайым бизнестің бір түріне айналып кетуі ықтимал” дейді мақала авторы.

Тапсырыспен өлтірілген бұрынғы өндіріс министрі Қайролла Оспанов көз жұмарының алдында, өзіне өшіккен Бай деген азаматтың атын айтып үлгірген болатын. Газеттің бірінші бетінде орын алған Ольга Медведеваның “Байдың ісі” деп аталатын мақаласында осы Бай деген азаматтың кім екендігі және Қайролла Оспановқа не себептен өшіккенідігінің тарихы баяндалады.

“Караван” апталығының 25 шілде күнгі санында жарық көрген Андрей Петренконың мақаласында американдық компанияның қолына өтіп кеткен Екібастұз ГРЭС –і төңірегіндегі дау-дамай туралы мәселе қозғалған. Мақала авторының айтуынша американдық инвесторлар келісім –шартта көрсетілген 450 миллион доллар тұратын бағдарламаны орындамаған. Басқаша сөзбен айтқанда инвесторлар осыншама көлемдегі ақшаға ГРЭС – 1 ге жабдықтар алуы және күрделі жұмыс жүргізуі тиіс еді.

Кейіннен Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше станцияны қолға түсірген американдықтар Екібастұз ГРЭС-інің тағдырына мүлде қолын сілтей салған. Компания келерден бұрын ГРЭС –1- де сегіз блок жұмыс істесе, бүгінгі таңда бар-жоғы екі-ақ блок іске қосылып тұр” дейді мақала авторы. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, енді бір бес-алты жылдан кейін ГРЭС-1 өз жұмысын тоқтатуы ықтимал.
XS
SM
MD
LG