Accessibility links

Ираққа байланысты АҚШ пен Түркия арасы сынға түсуде.


Ирактың солтүстігіндегі жағдайды бақылаудан шығармауға Түркия тарапының тырысуы - Америка Құрама Штаттарымен арасындағы қарым-қатынастарына салқындық түсіруде.

Ұзақ уақыттан бері Ирақтың солтүстігінде түркиялық мыңдаған әскерилердің өзіндік бақылау орнатып келе жатқаны рас. Ондағы басты мақсат- Түркияның оңтүстік-шығысындағы негізінен күрдтер тығыз орналасқан аймақта, кезінде Күрт автономиясын құру үшін қанды қырғындарға мұрындық болған күрт көтерілісшілерін ұстау.

Бұл жөнінде Құрама Штаттары айрықша сөз етпей келген еді. Алайда, соңғы әзірде Ирақтың солтүстігіндегі жағдайға байланысты, НАТО-дағы бұл екі одақтас елдің, яғни АҚШ пен Түркияның қарым-қатынастары бұрынғыдан гөрі өткірлене түскенге ұқсайды. Күрт көтерілісшілерінің болашақтағы белсенділігінен қауіптенген Түрік тарапы сол себепті де Ирактың солтүстігіндегі өз мақсат-бағытын өзгерткісі жоқ.

Түркия елі АҚШ бастаған коалицияның Ирақтағы соғысына қарсы болған тұста, керісінше Ирақтың солтүстігіндегі күрттер коалиция күштерінің енуіне барынша қолдау көрсеткен болатын. Солтүстік Ирақ күрттері ықпалының одан әрі нығаюы Түрік жерінде террорлық әрекеттердің одан әрі күшейе түсуіне әсер етеді деген қауіппен ресми Анкара бұл іске барынша жіті қарауға тырысуда.

Үстіміздегі аптада Түркия Сыртқы істер министрі Абдулла Гүл Вашингтонда болып, онда ол АҚШ елбасының орынбасары Дик Чейни, мемлекеттік хатшы Колин Пауел мырзалармен кездесті. Анадолы ақпарат бұлағына берген сұхбатында Гүл мырза екі ел қарым-қатынасының жақсы арнада екендігіне тағы да сендірді.

Қос ел арасындағы теке-тірестер осы жылдың наурыз айында басталғаны белгілі. Себебі, Ираққа қарсы соғыста коалиция әскерлерінің түрік жерін пайдалануы жөніндегі Вашингтон өтінішін ресми Анкара қабылдамай тастаған болатын. Ол аз дегендей, осы айдың бас кезінде Америка әскерилері Ирақтың солтүстігінде Түрік арнайы күштерінің бір топ өкілдерін ұстап, екі күндей қамауда қалдырған еді.

Бұл Түрік өкілдері Ирақтағы күрт басшыларын өлтіру жоспарын жүзеге асыруға тырысқан, - деген айып тағылған-ды. Бәрібір күрт көтерілісшілері тарапынан қауіп басылмай тұрған сәтте өз әскерлерін бұл аймақтан шығарғысы келмейтіндгін ресми Анкара айқын түрде мәлімдеп келеді. Ирақтың солтүстігіндегі Түрік солдаттарының саны- бір жарым мың мен бес мың арасында. Оған дәл саны белгісіз арнайы қызмет өкілдерін қосыңыз.

Көтерілісшілерге қарсы Түркиямен бірге тізе қоса күресетіндігіне Құрама Штаттары уәде беріп келеді. Бірақ мұндай ұсынысқа ресми Анкара сене қалған сыңай байқатпауда.

- Мүмкін Ирақ түркмендерін арнайы жаттығулардан өткізу, болмаса қаруландыру арқылы Түркия тарапы солтүстік Ирақтағы жағдайды қалыпты арнасынан шығарып жіберуге тырысатын сияқты, - деген де жорамалдарға баруда АҚШ әскери өкілдері. Себебі, түркмендер этникалық жағынан түріктерге туыс боп келеді, - дейді олар.

Мұндай толып жатқан түсініспестіктерге қарамастан, АҚШ пен Түркия өзара әріптестікті өрістету жөнінде біріккен мәлімдеме де жариялаған болатын. Тіпті ресми Анкара Ираққа өзінің бейбітшілік сақтау күштерін жіберуге де уәде берген еді. Мұндай ұмтылысты АҚШ тарапы, әрине, үлкен ықыласпен мақұлдауда. Себебі, Ирақтың солтүстігіндегі түрік күштеріндей емес, бұл баратын жасақтар АҚШ әскерилерімен бірлікте жұмыс жүргізетін болады.

Оның үстіне 2001 жылы біраз тұралауға душар болған ел экономикасын көтеру үшін де ресми Анкара Вашингтонға арқа сүйеуге мәжбүр. Сондай-ақ Құрама Штаттары өз кезегінде Түркияның Европа одағына мүшелікке өтуіне барынша күш салып келеді. Ал, Түрік компаниялары болса, Иракта тиімді келісім-шарттарға қол жеткізуге тырысуда. Екінші жағынан, Құрама Штаттары үшін Түркия- осы аймақтағы дәстүрлі одақтастардың бірі.

Ал, Ирақ жерінде Күрт мемлекетінің құрылуына АҚШ-тың қарсы болмауы мүмкін екендігі де түркиялықтарды ойландыруда. Сондықтан да, солтүстік Ирақтан Түрік әскерлерінің шығарылуы деген сауал басы ашық мәселе күйінде қалуда.
XS
SM
MD
LG