Accessibility links

"Еуразия шеңбері" жастардың халықаралық екінші ақпараттық форумы


Қыркүйектің 8 мен 13-і аралығында Ыстықкөлде "Еуразия шеңбері" атты жастардың халықаралық екінші ақпараттық форумы өтеді.

Шығармашылық бағдарламаға қатысуға 15-35 жас аралығындағы журналистер шақырылған. Бұл туралы Азаттық радиосына дүйсенбі күні кеңсесі Алматыда орын тепкен аталған шараның ұйымдастыру комитетінен хабарланды.

Форумды ұйымдастырушылар арасында Қазақстандағы Жастардың МедиаОдағы, "Шығыс жобасы" қоғамдық қоры, ҚР мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Ресейдің ИТАР-ТАСС ақпараттық агенттігі, Қазақстан және Ресейдің журналистер одағы, Мәскеудің ЮНПРЕСС шығармашылық бірлестігі, Ресейдің Халықтар достығы Университеті, ҚР Ұлттық телерадиохабарларын таратушылар Қауымдастығы мен "Қазақпарат" Ұлттық ақпараттық компаниясы бар.

Бас қосуға Қазақстан, Ресей, Қығызстан, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Руанда және Перулік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады деп межеленген.

Жастар ақпараттық форумының жалпы отырыстарында "Біртұтас ақпараттық кеңістік- уақыт талабы" , "Жастардың Бұқаралық ақпарат құралдары : нақты ахуал және болашақ" , "Ақпараттық рыноктің жаҺандануы және журналистің даралығы ", "Қазіргі заманғы әдеби тіл : қазіргі ахуал және даму жолдары", "Жаңа ақпараттық технологиялар және жаңа БАҚ-тар" деген тақырыптар бойынша пікірталастар өткізіледі.

Сондай- ақ, форумда Олжас Сүлейменов және Евгений Евтушенко сынды ақындар, "Қазақпарат" Ұлттық ақпараттық компаниясының бас директоры Ғаділбек Шалахметов, Қазақстанның саяси және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ЮНПРЕСС шығармашылық бірлестігінің президенті Сергей Цымбаленко, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев , "Класс" телекомпаниясының директоры Людмила Зайцева, Ресейдің "Пока все дома" телебағдарламасының жүргізушілері Тимур Кизяков пен Андрей Бахметьевтер жас журналистерге арнап, мастар-класстар өткізеді деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG