Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда үстіміздегі жылы Батыс Қазақстан облысында 104 адамнан СПИД вирусы табылғандығы және тағы да басқа саяси, рухани, мәдени мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

“Жас алаш” газетінің 29 шілде күнгі санында жарық көрген Қазбек Құттымұратұлының мақаласында үстіміздегі жылы Батыс Қазақстан облысында 104 адамнан Спид вирусы табылғандығы тілге тиек етілген. Мақала авторының айтуынша вирустың түп-төркіні Ресей Федерациясының көршілес облыстарынан келуі мүмкін.

Басқасын айтпағанда бұл жаман аурудың түрі бейкүнә сәбилерге де шеңгелін сала бастапты. Қазір Батыс Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясы дауасыз дертіне шалынып туған екі сәби бар. Бүгінгі таңда сәбилердің алғашқысы бір жасқа толыпты, ал екіншісі алты айға толғалы тұр екен.

“Алматы ақшамы” газетінің 29 шілде күнгі санында жарық көрген Құттыбек Аймаханның мақаласында Қазақстандағы үшінші су айдыны –Балқаш көлінің де тартылып бара жатқандығы сөз болған. Құттыбек Аймаханның айтуына қарағанда, оның басты себептерінің бірі – көлге құятын ең ірі Іле өзенінің табанын кейінгі жылдары құм-саз басып, соның салдарынан өзен-суы көптеген шақырымдарға жайыла, Балқашқа жеткенде азайып құйылады екен.

“Егемен Қазақстан” газетінің 29 шілде күнгі санында жарық көрген Серік Жұмабекұлының мақаласында “Қазақстан 1” телеарнасындағы орын алған өрт апатына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары таратқан көптеген мәліметтердің шындыққа үйлеспейтіндігі баяндалған.

“Экспресс К” газетінің 29 шілде күнгі санында жарық көрген Ирина Глушконың мақаласында қазақстан-өзбекстан шекарасындағы ахуал тілге тиек етілген Мақала авторының айтуынша Өзбекстан мемлекеті шекарадан өту мәселесін тым күрделендіріп жіберген. Ендігі тұста Қазақстан азаматтары жеке куәлікпен өте алмайды. Өзбекстан мемлекеті олардан Қазақстан төлқұжатының болуын талап етіп отыр.

“Казахстанская правда” газетінің 29 шілде күнгі санында Марина Қуанышеваның, Алевтина Донскихтің және тағы да басқа редакция қызметкерлері мен авторлардың саяси, рухани, мәдени тақырыпқа арналған мақалалары жарық көрген. Газеттің екінші бетінде жарық көрген Игорь Прохоровтың мақаласында Қазақстандағы туризмді дамыту туралы мәселе қозғалған. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Қазақстан мемлекетінде таушаңғысы туризмін дамытуға мол мүмкіншіліктер бар.

“Известия Қазақстан” газетінің 29 шілде күнгі санында әскери тақырыпқа арналған мақалалар орын алған. Григорий Речкиннің мақаласында Қазақстанда Америка Құрама Штаты, Ұлыбритания және Шотландия гвардиясының қатысуымен “Дала қыраны 2003” атты әскери ойындарының болып өткендігі сөз болған. Мақала авторының айтуынша осы әскери ойынға қатысуға тиіс Ресей мен Қырызстан мемлекетінің қарулы күштерінің өкілдері белгісіз себептермен келмей қалған.
XS
SM
MD
LG