Accessibility links

Журналистер Жақиянов жатқан абақтыға жіберілмеді


Тәуелсіз журналистер, Қазақстандағы тәуелсіз басылым “Азат” газетінің бас редакторы Батырхан Дәрімбет пен газет шолушысы Дінәш Нұрмұхамбет Ғалымжан Жақияновпен кездесе алмады.

Тәуелсіз журналистер, Қазақстандағы тәуелсіз басылым “Азат” газетінің бас редакторы Батырхан Дәрімбет пен газет шолушысы Дінәш Нұрмұхамбет шілденің 28-i күні мемлекеттік қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен жеті жыл бас бостандығынан айрылған Демократиялық таңдау қозғалысының жетекшісі, бұрынғы Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақияновтың жағдайын білу үшін Құсмұрындағы абақтыға барған. Бірақ түрме бастығы Сергей Жодко журналистерді Ғалымжан Жақияновпен кездестірмеген.

Осыдан бір апта бұрын Америка елшісінің екінші хатшысы Глип мырза мен сыртқы істер министрлігі және әділет министрлігінің мамандары Құсмұрындағы абақтыға барғанда, түрме бастығы “абақтыға қазақстандық журналистер келмейді, түрмеде отырғандардың жағдайын білмейді, таныспайды, осы уақытқа дейін бірде-бір журналист Жақияновтың жағдайын сұрауға келген емес” деген арыз-шағымын айтқан көрінеді.

Енді сол абақтыға барған тәуелсіз журналист Дінәш Нұрмұхамбеттің айтуынша, түрме бастығы журналистерден ат-тонын ала қашқан.

“Түрме бастығы бізден жасырынып шығып кетіп, жоғары жақпен сөйлескен болу керек, ұялы телефонын алып кеткен, біраздан соң келіп, мен сіздерді Жақияновпен кездестіре алмаймын деп айтты”, – дейді Дінәш Нұрмұхамбет.

Дінәш Нұрмұхмбет Жақиянов жайында ойын былайша сабақтайды:

“Мені жазушы ретінде Ғалымжан Жақиянов сияқты қазақтың үлкен тұлғалы азаматының түрмеде жатқаны алаңдатады. Біз оны қайткен күнде де абақтыдан шығарып, халқына қызмет етуіне жағдай жасауымыз керек”.

Ғалымжан Жақиянов отырған абақтыға журналистерді ертіп барған Парламент Мәжілісінің депутаты, Демократиялық таңдау қозғалысы саяси кеңесінің төрағасы Төлен Тоқтасынның айтуына қарағанда, Қазақстандағы түрмелердің бастығы болып жаңадан тағайындалған Нұрлан Смағұлов Жақияновты сұрақтың астына алып, қысым көрсеткен көрінеді.

“Смағұлов мырза Ғалымжанға неге сізге депутаттар жиі келеді? Неге Ресей думасының депутаттары сізге қатысты жиі мәселе көтереді? Неге батыстың, Американың елшілері сіздің жағдайыңызға алаңдаушылық білдіріп, сізді жиі сұрайды? деген сауалдар қойыпты. Оған Ғалымжан бұл сұрақтарды сол депутаттардың, елшілердің өздеріне қойғаныңыз дұрыс болар еді деп жауап беріпті”, – дейді депутат Төлен Тоқтасын.

Депутаттың айтуынша, Ғалымжан Жақияновты қайткен күнде де абақтыдан шығару керек, түрмеде отырғаннан еш нәтиже шықпайды. Бірақ кешегі кездесуінде де Жақиянов “Мен ешкімнен кешірім сұрамаймын, кінәлі емеспін” деген сөздерін қайталапты. Алайда Төлен Тоқтасын үстіміздегі жұмада Демократиялық таңдау қозғалысы саяси кеңесінің мүшелері бас қосып, белгілі бір шешімге келеміз дегенді айтты.

Ал абақтыға барған журналистер Батырхан Дәрімбет пен Дәнеш Нұрмұхамбетке түрме бастығы Әділет министрі Оңалсын Жұмабековтен рұқсат қағаз алып келсеңіздер ғана Жақяновпен кездестіре алам депті. Енді журналистер Әділет министрінің атына өтініш қағаз жазып отыр.
XS
SM
MD
LG