Accessibility links

Уотергейт шатағы үкіметтің жұмысы жария болғаны ләзім дегенді көрсетті


Отыз жыл уақыт өткен соң, Уотергейт шатағының мүлдем жаңаша тарауы ашылып отыр.

Демократиялық партияның кеңселеріне құпия микрофондар қойылғаны анықталып, президент Ричард Никсон қызметтен түсірілген болатын. Никсонның жақын адамдарының бірі Джеб Стюарт Магрюдер құпия микрофондар Никсонның бұйрығы бойынша орнатылды, Никсон саяси қарсыластарының алдағы сайлаудағы негізгі қимылдарын білгісі келді дейді. Саяси талдаушылар мәлімдемені сенімсіздікпен қабылдады.

Уотергейт деген үлкен шатақ осыдан 29 жыл бұрын бұрқ ете түскенде, АҚШ президенті Ричард Никсон қызметінен кетірілген болатын. Конгрестің яки АҚШ парламентінің төменгі - Өкілдер палатасы президент Никсонды істі деп тапты, саяси былыққа былғанған кейбір қызметтес адамдарын жазадан құтқармақшы болды деп қорытынды жасады. Бұл – 1974 жылы 8 тамызда қабылданған шешім. Импичмент тәртібі арқылы орнынан түскен президент Никсон тіпті сотқа тартыла жаздады. Уотергейт шатағы, АҚШ тарихында ерекше орын алған жоғары басшының әшкереленуі - "Вашингтон пост" газетінің екі тілшісінің таза еңбегі.

Енді міне отыз жыл уақыт өткен соң Уотергейт шатағының мүлдем жаңаша тарауы ашылды. Президент Никсонның жақын адамдарының бірі Джеб Стюарт Магрюдер тың мәлімет айтты. Джеб Стюарт Магрюдер сол кезеңде Ақ үйде байланыс бөлімін басқарды, Никсонның сайлау штабында екінші басшы болды. Уотергейт шатағының негізінде жатқан құпия микрофондар 1972 жылы Демократиялық партияның кеңсесінде президент Никсонның бұйрығы бойынша орнатылды, Никсон бәсекелестерінің алдағы президенттік сайлаудағы іс-қимылдарын білгісі келді, дейді Джеб Стюарт Магрюдер.

Отыз жыл бойы тіс жармай келе жатқанын бұл азамат "кезінде менен ешкім ешнәрсені жөндеп сұрамады " деп түсіндірді. Алайда, талдаушылар мен тарихшылардың көпшілігі бұл түсініктемені қабылдаған жоқ. Солардың бірі – Конгрестің төменгі палатасында Республикандық партияның атынан депутат болған Билл Френзел деген азамат:

- Джеб Стюарт Магрюдердің аяқ астынан тілі шығып, кез-келген азамат осыдан отыз жыл бұрын сөнген деп қабылдайтын шаруаны қозғағаны маған әдеттен тыс ерекше жағдай ретінде көрінеді. Өткен кезеңде бұл мәселе жеткілікті қарастырылған болатын.

Басқа бір талдаушы – Лерри Сабато деген тарихшы Магрюдердің мәлімдемесіне мүлдем сенуге болмайды деген пікірде. Джеб Стюарт Магрюдер тірі қалған соңғы күәгер, оның сөзін жоққа шығаратын ешкім қалмады дейді Вирджиния университетінің үкімет және сыртқы істер профессоры Лерри Сабато:

- Никсон бұл дүниеде жоқ. Мәселеге қатысқан көптеген негізгі тұлғалар да өлді. Өте үлкен қылмыс жасады деп кезінде табылған, абақтыда отырып шыққан тұлға – Магрюдер мырза - енді аяқ астынан мынандай мәлімдеме жасап отыр. Бұл істі білетін куәләрдің арасынан Магрюдер ғана жер басып жүр жалпы. Никсон жайында айыптаудан да зор нәрсе айтылып отыр.

Уотергейт шатағының барысы американдық баспасөздің қызметін жаңаша бағалауға септігін тигізген болатын. Журналистер сұрақ қойып, жауап алудан қалған болатын, олар саясаткерлерге шүйлігетін не болмаса жекелеген ақпараттың жетегінде кетіп қалатын дейді "Азаттық" радиосына пікір білдірген талдаушылар. Мұның салдарынан америка халқы газеттердің жазғандарын сенімсіздікпен қабылдайтын болды. Мұны бүгінгі тұрмыста да байқауға болады. Ақ үйдің баспасөз хатшылары мен журналистердің арасында қарым-қатынас өзара сенімді емес. Сайып келгенде бұдан қалың жұрт ұтылады, қоғам үкіметтің қызметі жөнінде шектелген ақпарат алады.

Бірақ, Уотергейт шатағының жақсы нәтижелері де баршылық дейді Лерри Сабато:

- Уотергейт шатағының жақсы бір тұсы – ол үкімет пен саясаткерлерді күннің жарығына шығарды. Жариялылықтың мол болғаны жақсы екенін үйрендік, құпия нәрсені ашу – дұрыс шаруа екенін білдік. Үкіметті күннің жарығына шығару – жүйедегі сыбайласқан жемқорлықты қысқартудың негізгі жолы екеніне көз жеткіздік.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG