Accessibility links

Алматыда Ұлттық мәдениетті жаңғырту және Қазақстан патриотизмі атты семинар кеңес өтті


Сәрсенбі күні осы тақырыпта «Достық» үйінде өткен басқосуға түрлі мәдени ұлттық ұйымдардың жетекші өкілдері, өнер саласының адамдары қатысты.

Семинарға Қазақстан президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің қызметкері Гүлнара Аннакулиева қатысып, баяндама жасады. Бұрын Түркмен ұлттық мәдени орталығының жетекшісі қызметін атқарған ол қазір президент әкімшілігінде жүріп, халықтар достығы, ұлттық патриотизмді, осында тұрып, өмір сүріп жатқан әр елдің өкілдері Қазақстанға қызмет ету қажеттігін насихаттаушы.

- Енді бір айдан соң, Қазақстан Конституциясының қабылданған күні аталып өтеді. Ал содан кейін республикада тілдер мерекесі жалғаспақ. Қазақстанда тұрып жатқан әрбір ұлт өкілдері өз тілін ұмытпай, сонымен қатар, мемлекеттік тілді де меңгергені абзал, - деді өз сөзінде Гүлнара Аннакулиева.

Ал Шешен ұлттық мәдени орталығының жетекшісі Ахмед Мурадов Қазақстан халқында патриоттық сезім қалыптасқан дегенді айтады.

- Мейлі, қандай ұлттың өкілі болсын, кім өзін патриотпын деп сезінсе, сол Қазақстан деген мемлекетті де құрметтеуі тиіс. Әрине, қазақтар өзін үлкен патриот сезінеді, ол заңды да. Ал шын мәнінде осында туып, өмір сүрген, Қазақстаннан басқа жерді білмейтін әрбір азамат өзін осы елдің патриоты санайды, - дейді Ахмед Мурадов.

Осы басқосуда сөз алғандар Қазақстанда ұлттық мәдениетті жаңғырту, ел патриоты болу мәселесін көтеріп, ойларын ортаға салды.
XS
SM
MD
LG