Accessibility links

Ирақты уақытша басқаратын Кеңес ел президентін сайламақ


Ирақты уақытша басқаруға Америка Құрама Штаттары тағайындаған Кеңес Ирақ президентін және өкіметін сайламақ.

Енді бұл басшылықтың жаңа Ирақ өмірінде қаншалықты рол атқаруы мүмкін екендігі туралы радиомыздың Бағдадтағы тілшісі Чарлз Рекнагел жолдаған хабардан мағлұмат аласыздар.

Ирақты басқаруға АҚШ тағайындаған уақытша Кеңес осы аптада Ирақ президенті мен өкіметін белгілемек.Бұл Кеңестің өзі жұмыс істей бастағанына небары екі апта болды.25 кісіден тұратын Кеңес Ирақ президентін де, өкімет басын да өз араларынан сайламақ.Әзірше Ирақ президенттігінен басты үміткер 80 жастағы Аднан Пачачи болып отыр.

Аднан Пачачи Ирақтың бұрынғы Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі болған дипломат.Ирақтан 1969 жылы кетіп қалған.Ол Ирақтан кеткеннен кейін араға жыл салып Ирақтағы билікті Саддам Хусейіннің Баас партиясы екінші рет қолға алды. Ирақтағы азшылық сунит мұсылмандарына жататын Аднан Пачачи өзінің шетелдегі өмірінің көпшілігін Біріккен Араб Әмірлігінде өткізді.

Сол елдің азаматтығын алды.20 жыл Әмірлік өкіметінде министр болып қызмет атқарды.Сол жерде зейнетке шықты.Аднан Пачачи Ираққа осы биылғы мамырда американдық өкіл Залмай Халилзадтың шақыруымен келді. Саясатшы ретінде Пачачи Ирақтағы Америка әскерінің ролін қолдамады, Ирақтағы басшылықты тікелей БҰҰ басқаруы керек деп білді.

Өткен аптада Лондонда жасаған мәлімдемесінде Пачачи Ирақта бір жарым жыл ішінде жалпы халықтық сайлау өтуі керек деп білетінін мәлімдеді:

- Егер біз уақытты үнемдер болсақ бұл үдеріс бір жыл мерзімге созылуы мүмкін. Алайда мен қайткен күнде де бұл үдеріс бір жарым жылға созылмауы керек деп білемін.

Бүгінде Пачачи Тәуелсіз демократтар ассосациясы деп аталатын өз партиясын құрып отыр.Бұл партияның әзірше Ирақта қолдаушылары көп емес.Алайда Ирақ халқы Пачачилерді жақсы біледі.Монархия тұсында оның әкесі де, туыс ағасы да, өгей әкесі де әр жылдары Ирақ өкіметін басқарған. Пачачилерді ирақтықтар ғана емес, Ирақ төңірегіндегі араб елдері де жақсы біледі және құрметтейді.

Екінші жағынан Ирақтағы шииттердің бас көтеруінен сескенген араб әлемі сунит Пачачиге іш тартары хақ. Жаңа Ирақта президент болуға екінші бір үміткер саяси тұлға Ахмад Чалаби.Бүгінде 58 жастағы Чалаби Ирақтан шетелге отбасымен бірге кетіп, 13 жасынан бастап Америкада тұрып білім алған тұлға. Чалаби Ирақтың 60 пайызын құрайтын шиит мұсылмандарының өкілі.Шетелдегі Ирақ Ұлттық Конгресінің негізін қалаушы. Чалаби де, Пачачи де өткен аптада соғыстан кейінгі Ирақ делегациясын тұнғыш рет БҰҰ -на бастап барды. Осы сапарында Ахмад Чалаби БҰҰ-ын осы делегацияны Ирақтың уақытша өкіметі деп тануға шақырды:

- Біздің Ұлттар Ұйымының, аймақтағы көршілеріміздің Таяу Шығыс елдерінің қолдауын алуымыздың маңызы ерекше.Біз үшін олардың Ирақта болып жатқан оқиғаларға оң көзбен қарауы қажет-ақ.

БҰҰ аталмыш Ирақ делегациясын құрметпен қарсы алғанымен, оларды Ирақ өкіметі деп мойындаудан бас тартты. Басқарушы Кеңес Ирақ өкіметін алдағы бір апта көлемінде тағайындамақ.Басқарушы Кеңес, сондай-ақ, елдің жаңа Конституциясының жобасын да жасағалы отыр.Ирақтың ұлттық бюджетін де белгілегелі отыр.Ирақтың шетелдердегі елшілерін де тағайындамақ.Уақытша басқарушы Кеңес туралы Құрама Штаттар президенті Джордж Буш осы ай басында былай деген еді:

- Ирақ Басқарушы кеңес құрды.Кеңеске Ирақтың барлық топ өкілдері кірді, Кеңесте діни топтарға да, әйелдерге де орын тиді.Кеңес министрлерді белгілей бастады, жаңа бюджетті қарай бастады.Кеңес жуырда жаңа Конституция жобасын жасамақ, сайлау өткізу жолдарын қарамақ.
XS
SM
MD
LG