Accessibility links

Халықаралық кешірім және Адам хұқықтарын қорғау ұйымдарының жұмыс жүргізу тәртібінің өзіндік жүйесі қалыптасқан


Халықаралық кешірім және Адам хұқықтарын қорғау ұйымдары әлем бойынша арнайы зерттеулер жүргізіп, талай тағдырларға арашашы болып келеді.

Лондондық заңгер Петер Бененсон 1961 жылы португалиялық бір топ студенттердің жергілікті ресторанда отырып, тәуелсіздік үшін тост көтергені үшін түрмеге жабылғандығы жөніндегі хабарды оқиды.

Бененсон және ол сияқты басқа да заңгерлер мен журналистер өзара біріге келіп, “Лондон Обсервер” атты газетке “Амнистияға шақыру” атты мақала жариялайды.

Мақалада сондай-ақ әлем бойынша әртүрлі елдерде өзінің саяси немесе діни көзқарастары үшін алты адамның түрмеде отырғандығы баяндалған болатын. Ол мақалада әлгіндей тұтқындарды тиісті өкіметтердің тезірек босатуына шақыруға оқырмандардың үн қосу хаттарын жолдауы сұралған болатын.

Ал оқырман хаттары күткендегіден де асып түсіп, жаңбырша жауған еді. Осы шаралар нәтижесінде өмірге Амнести Интернейшнл ұйымы келген болатын. Бүгінгі таңда бұл ұйымның құрамында 100 шақты елден бір мыңнан аса мүшесі бар.

Әлемдегі Адам хұқықтарын қорғаушы ең ірі ұйымның бірі ретінде аталған ұйым түрлі елдердегі тұтқындардың босатылуы, оларға көрсетілетін қорлықтардың тоқтатылуы, сондай-ақ саяси мақсаттағы кісі өлтірулер мен адамды жоқ етіп жіберу сияқты қатыгез әрекеттердің барлығына дерлік қарсы жұмыс атқарып келеді. Сонымен бірге, әлем бойынша өлім жазасының тоқтатылуына да күш салуда.

Жыл сайын бұл ұйым тарапынан 140-тан аса елдегі адам хұқықтарының жайы жөніндегі егжей-тегжейлі баяндамалар жарияланып тұрады. Хюман райтс вотч ұйымы болса Құрама Штаттарында орналасқан. Оның жұмысы 1978 жылы советтік блок елдеріндегі жағдайға орай басталған болатын. Бұл ұйымның штатта толық жұмыс істейтін 150-дей қызметкері бар.

Сондай-ақ Адам хұқықтарын қорғаушы аталған ұйымның кеңселері Мәскеуде, Ташкентте және Тблисиде бар. Аталған екі ұйым да өз жұмыстарын реперссиялық билікке тосқауыл қою бағытында жүргізуде. Алайда олар өз жұмыстарын авторитарлық елдердегі жағдайларды сынаумен ғана шектеп отырған жоқ. Мысалы, 2002 жылға арналған баяндамасында Құрама Штаттарында қалыптасып отырған жағдай сыналған.

Атап айтқанда, 11 қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ ресми өкілдері тарапынан бір мың екі жүздей адамның қамауға алынғандығы атап көрсетілген. Мұндай қадамдары арқылы Құрама Штаттары 1949 жылы қабылданған Женева келісіміндегі адам хұқықтарының қорғалу шарттарының өміршеңдігіне күмән туғызып отыр. Сондай-ақ өзге де елдердегі адам хұқықтарының қорғалу жайының нашарлап кетуіне түрткі болуда, - делінген аталған Адам хұқықтарын қорғау ұйымының жылдық баяндамасында. Амнести Интернейшнл ұйымының өз жұмысын қалай ұйымдастыратыны жөнінде осы ұйымдағы Орталық Европа бойынша зерттеуші Иван Фишердің айтуынша, жекелеген запа шеккен адамдармен немесе олардың отбасы мүшелерімен тікелей әңгімелесу арқылы алғашқы мәлімет жинақталады.

Содан кейін бұл мәліметтер келесі бұлақ көздері арқылы салыстырылатын болады. Қазірдің өзінде аталған ұйым үшін жұмыс істейтін журналистер мен зерттеушілердің ірі топтары бар. Олар жинақталған мәліметтердің нақты және жан-жақтылығына арнайы назар аударады. Мысалы, Адам хұқықтарын қорғау ұйымының Ташкенттегі кеңсе басшысы Матилда Богнер бұл жөнінде:

- Біз сөйлескен адамдардың көбі тікелей сұхбат беруді қаламайды. Себебі мұнда халықаралық ұйым өкілдерімен әңгімелескені үшін адамдарды қудалау кең орын алуда. Мұндай жағдайда біз кісілердің атын атамай-ақ, бүркеншік есімдерімен де бере береміз, - деді.

Бұл кеңседе бар болғаны екі-ақ адам жұмыс істейді екен. Ендеше, 25 миллион халқы бар Өзбекстан сияқты елдің қай бұрышында қандай жағдайдың орын алып жатқандығын дер кезінде тіркеп отыру қиынға соғуда деген Богнер ханым.
XS
SM
MD
LG