Accessibility links

Қырғызстан "Ақ кептер" деген шағын ұшақтар жасай бастады


Экономикасы жұпыны ғана Қырғызстанда таяуда ерекше жаңалық болды. Қырғызстан өз ұшақтарын шығара бастады. Дегенмен, бұл үлкен ұшақ емес, екі адам ғана отыратын шағын көлік. Ұшақтың аты "Ақ кептер" деп қойылыпты.

Жаңа шағын ұшақтың техникалық мүмкіншіліктері өзіне сай. "Ақ кептерге" екі адам отыра алады, сонымен қоса "Ақ кептер" 4 мың метр биіктікке 80 килограмм жүк көтеріп, 800 шақырым қашықтыққа жол тарта алады. "Рейтерс" агенттігі Қырғызстанның Мәрмәр ауылынан жолдаған хабарында сипаттағандай, экономикасы шығын Қырғызстан үшін ұшақ шығару үлкен үміт артатын оқиға. Қомақты өнеркәсіп тауарын өндіру Қырғызстанда жоқтың қасы. Табиғи байлықтан мол көлемде тек алтын бар, бірақ оның өзінен мемлекеттік бюджетке салық көп түспейді, шетелдік компанияның қолына өтіп кеткен алтын өндірісінің төңірегінде ара-тұра саяси дау-дамай болады.

"Ақ кептер" ұшағын Ресей-Қырғызстан бірлескен "Эйр-Авиа Т" компаниясы шығара бастады. Жаңа ұшақтың әзірше біреуі ғана жасалды, шілденің 30-да болған тұсаукесер рәсімінде "Ақ кептердің" болашағы зор болады деген үміт басым айтылды.

"Ақ кептер" ұшағы әсіресе ауылшаруашылығына тиімді көрінеді. Бас министр Николай Танаев мұндай ұшақтың кемінде екеуі әр ауданда болса жөн деді. Мұның сыртында "Ақ кептер" ұшағы шекара әскеріне, төтенше жағдайлар мекемелеріне өте қолайлы болады, дейді бас министр Николай Танаев. "Ақ кептер" ұшағын дәріптеу мақсатында, жалпы шағын авиацияны жандандыру мақсатында жер-жерде аэроклубтарды қайта ашу, жас балаларды әуе кемелеріне, әуе спортына баулу қайта қолға алынбақ.

"Эйр-Авиа Т" компаниясы директорының орынбасары Михаил Шварцердің "Азаттық" радиосына айтқанындай, "Ақ кептер" ұшағына балама көлік бұрынғы Совет Одағында шығарылмайды. Сондықтан көршілес елдерде "Ақ кептерге" сұраныс ойдағыдай болады деген үміт айтылды.

–"Ақ Кептер" ұшағы былтыр жан-жақты сыналды. Халықаралық сертификатқа қол жеткізсек, сериялық өндірісті бастаймыз, -дейді "Эйр-Авиа Т" компаниясы директорының орынбасары Михаил Шварцер.

Ұшақтың моторы Австриядан алынса, құрамдас бөліктері Ресей, Украинадан әкелінеді, біразы Қырғызстанда жасалады. Ұшақты тез арада шығаруға Бішкек қаласының маңындағы Мәрмәр ауылында ашылған ерекше экономикалық аймақтың тәртібі жағдай жасады. Осы аймақта өндірілген тауарлардың отыз проценті ғана Қырғызстанда сатыла алады, қалғандары шетке шығарылу керек.

"Эйр-Авиа Т" компаниясының директоры Қарабай Тұрдұматов тек бұрынғы Совет Одағының емес, Малайзия, Үндістан және Пәкістанның базарларын зерттедім, "Ақ кептер" ұшағына құда түсушілер бұл елдерде мол болады дейді. Сұраныс болса кәсіпорын ай сайын үш ұшақ шығаратын жағдайда. "Ақ кептер" сияқты ұшақтардың әлемдік бағасы әдетте 60 -100 мың доллардың арасында деп жазады "Рейтерс" агенттігі. Әлбетте, Қырғызстанда жеке тұлғалардың тарапынан сұраныс көп бола қоймайды. Бес миллион халқы бар бұл елдің жартысы кедейлік санатында.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG