Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда Қазақстанда есірткіге еліккендердің санының жыл өткен сайын көбейіп бара жатқандығы туралы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, рухани мәселелерге қатысты мақалалар жарық көрген.

“Ақ жол Қазақстан” басылымының кезекті санында жарық көрген мақаласында Жожақсы Төлек Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкісінің төрағасы Григорий Марченконың республикадағы орташа жалақының 22,665 теңгені құрайтындығын айтып, жасаған мәлімдемесіне, күмән келтірген. Мақала авторының пайымдауынша, мұнай компанияларындағы қызметкерлердің 1000 –2000 доллар алатын табысы Григорий Марченко мырзаға мұндай қорытынды жасауға мұрындық болып отыр.

“Қазақ елі” апталығының кезекті №22 (269) санындағы газеттің екінші бетіндегі жарық көрген редакция мақаласындағы келтірген деректерге жүгінсек, 2050 жылы Қазақстан халқы 10 пайыз кеміп, 13, 3 миллионға жетуі ықтимал. Американдық “Грани РУ” атты есеп-санақ орталығының мәліметіне қарағанда, үмітіміз ақталмай, тұқымымыз өспей қалатын түрі бар. Сол жылы өзбектер 37,2 миллион адамға өседі. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері бойынша Гүржістан халқы 43 процентке азайып кетеді екен.

Журналист Есенгүл Кәпқызының Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Баян-Өлгийдегі бөлімшесінің төрағасы Мизамхан Күнтуғанұлымен жүргізген сұхбатында екі елдің арасындағы ахуал әңгіменің арқауы болған. Мизамхан Күнтуғанұлы тілшіге берген сұхбатында, 1993 жылдан бері екі елдің арасын жалғайтын тас жол салып беруді өтініп келетіндігін тілге тиек еткен.

“Қазір Қазақстанға Ресей арқылы баратын айналма жолымыз 1400 шақырымға созылады. Егер төте жол салынса, екі елді байланыстыратын жол 500 шақырымды ғана құрар еді” дейді Мизамхан Күнтуғанұлы.

“Заң” газетінің кезекті №36 (472) санында жарық көрген Қалкөз Жүсіптің мақаласында бүгінгі таңдағы есірткіге еліккендердің қатарының жыл өткен сайын көбейіп бара жатқандығы баяндалған. Ресми мәліметтерге жүгінсек, бүгінгі таңда Қазақстан мемлекетінде елу мыңдай нашақор тіркелген. Дегенмен мақала авторы олардың саны үш жүз мыңнан асады деп пайымдайды. Әлемдегі есірткінің 4/3 бөлігін өндіретін Ауғаныстаннан таралатын есірткі тасымалдайтын негізгі жол Орта Азия мемлекеті арқылы өтетіндігі аян. Дегенмен Орта Азия елдері арқылы Ресейге, одан әрі Еуропаға таралып жатқан есірткі мөлшерін ешкім дөп басып айта алмайды. Мақала авторының айтуына қарағанда, Ауғаныстаннан ағылған есірткіні былай қойғанда, Шу өңіріндегі тұнып тұрған жабайы сор өнімінің бағасы төмендеп, екінің бірі пайдалана алатындай деңгейге жеткен. Ол аз десеңіз, жер-жерде есірткі егіп пайда табатын кәсіпкерлер де шығып жатыр. Алматыда өткен жылы ғана есірткіге қатысты 1200 қылмыстық іс тіркеліпті.

“Жас қазақ” газетінің кезекті санында жарық көрген Гүлжанат Шонабайдың мақаласында Сара Қыбырайқызы аттты емші әйел туралы айтылған. Жаркент өңірінде жұрт қатарлы есепші болып қызмет істеп жүрген Сара апай аяқ астынан ауырып ешкім емін білмейтін ауруға ұшырайды. Бір аптадан кейін оның түсіне аруақтар кіріп “Ораза ұста”деп аян береді. Міне сол кезден бастап Сара Қыбырайқызының алақанына емшілік қасиеті дариды.

“Экспресс К” газетінің 2 тамыз күнгі санында жарық көрген Гүльмира Матхаликованың мақаласында қаржы министрлігінің басшылығына, басқа мекемелердің қарызын төлуге тура келіп отырғандығы айтылған. Аталмыш мекеменің басшыларына “Тессельшафт Берлин” атты немістің банкісіне қазынадан 18,5 миллион доллар төлеуіне тура келген.

“Новое поколение” апталығында жарық көрген Ольга Малахованың мақаласында Тұрар Рысқұлов ауданындағы жүріп жатқан құрылыс жұмыстары туралы айтылған. Мақала авторының айтуынша, адамдардың сана-сезімін әлі күнге шейін қайтадан қалпына келтірілген үйлеріне кіруден қорқатын үрей билеген. Өйткені өткен сенбі күні де Луговойда тағы да жер сілкінісі болған.

“Мегаполис” апталығының тілшісі Ахас Тәжутовқа берген сұхбатында Америка сыртқы саяси ведомствасы басшысының орынбасары Ричард Ли Армитидж мырза, Америка Құрама Штаты мен Қазақстан мемлекеті қарым қатынасының тек мұнай мен газ секторларымен ғана шектелмейтіндігін әңгіме қылған.

“Біз екі елдің арасындағы саяси және сауда қарым-қатынасының дамуына көп көңіл бөліп отырмыз. Сондай-ақ әлеуметтік, әскери және мәдени қарым-қатынастарды да нығайта түспек ойымыз бар. Таяуда мен ресми іссапармен Қазақстанға барып, осы мәселелерді талқыламақ ойым бар” дейді Ричард Ли Армитидж мырза.

“Деловая неделя” апталығының кезекті санында жарық көрген Анна Шатерникованың мақаласында Маңғыстаудағы оба індетінің өршіп кетуі мүмкін екендігі айтылған. Бүгінгі таңда осы ауруға шалдығуы мүмкін деген күдікпен 140 адам дәрігерлердің бақылауына алыныпты.

“Страна и мир” апталығының кезекті санында жарық көрген Зира Наурызбаеваның мақаласында трайбализм мәселесіне байланысты терең талдау жасалынған.
XS
SM
MD
LG