Accessibility links

Қазақстан үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуға неге соншалықты құштар?


Қазақстан үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуды негізгі мақсат деп соңғы кезде жар салып келеді.

Алайда, бұдан не Қазақстанға, не осы халықаралық ұйымға келіп кетер пайда жоқ сияқты. "Азаттық" радиосына талдау жасаған талдаушылар Қазақстанның экономикалық саласында жемқорлық асқынып тұрған жағдайда елдің экономикасын халықаралық талапқа жеткізу мүмкін емес дейді.

Қазақстан бас министрі Даниял Ахметов үкіметтің соңғы жиынында Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуды басты мақсат деп жариялады. Бұл мақсат реформаға дем береді, экспортқа бағытталған экономиканы арттырады, дейді Даниял Ахметов. Дүниежүзілік сауда ұйымында 146 мемлекет бас қосқан, олар бір-бірінің саудасына мейілінше жағдай жасайды, квота шектеуі, баж салықтыры деген мәселелерде бірауыздық танытады.

Дүниежүзілік сауда ұйымының баспасөз-хатшысы Джозеф Бош "Азаттық" радиосының тілшісі Антуан Блуаға берген мәліметінде Қазақстан үкіметі расында да ұйымға қосылу келіссөздерін жеделдетуге күш салып отыр дейді. Қазақстан сауда қатынастарын реттейтін заңдарын Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына келтіруге келісті, дейді Джозеф Бош. Бұл деген сөз – кеден ережелері, шетел компанияларына лицензия беру тәртібі, автор құқықтары, шетел инвестицияларын қорғау деген мәселелер енді неғұрлым ашық да жеңіл болуға тиіс.

Бұрыңғы совет республикаларынан Дүниежүзілік сауда ұйымына бірінші болып 1998 жылы Қырғызстан қосылған. Ресейдің өзі бұл істе асығыс танытпаған, ұйымға қосылу жөнінде енді-енді келіссөз жүргізіп жатыр. Британияда орналасқан "Экономист Интеллидженс Юнит" институтының аға зерттеушісі Дафни Тер-Сакарян Дүниежүзілік сауда ұйымына қосыулдан не Қазақстанға, не осы халықаралық ұйымға келіп кетер пайда жоқ дейді:

-Орталық Азия елдерінің базарлары тым оқшалауланған. Олардың өзара бейресми әдет-ережелері қалыптасқан. Географиялық тұрғыдан қарағанда олар тек бір бірімен сауда жүргізе алады. Орталық Азия елдерінің биліктері ашық, либералды болмағандықтан олардың саудасы қиын жағдайда. Орталық Азия елдері Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаларына мойынсұнғанымен кеден жүйесіндегі сыбайласқан жемқорлығымен, кең-көлемдегі контрабандалық саудасымен көзге түсіп отыр, - дейді Дафни Тер-Сакарян.

Сайып келгенде Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылудан Қазақстанның тіпті алғашқы кезде ұтылып қалуы да ықтимал, дейді "Экономист Интеллидженс Юнит" институтының зерттеушісі Дафни Тер-Сакарян. Себебі, Қазақстан өнеркәсібі тым әлсіз, мұнай мен метал салалары болмаса экономика салалалырының басымы халықаралық деңгейге сай емес. Халықаралық ұйымның талабына сәйкес Қазақстанның барлық базары әп сәтте ашыла қалса, сырттан келетін тауарлар ел экономикасын басып тастамақ.

Әлбетте, Қазақстан үкіметі мұны есепке алмай отырған жоқ, отандық жоғары технологиялық тауарларды шығара бастау керек, инновациялық саланы арттыру керек деп Қазақстан басшылығы тарапынан айтылып отыр. Мәселен, Қазақстан парламенті сенатының Экономика, Қаржы және Бюджет жоспарлауы комитетінің мүшесі Бақберген Досмамбетов бұл мақсатқа екі жылда қол жеткізуге керек деп шот қағады:

- Біздің тауарлар ол кезде өту үшін сапасы, бағасы, барлығы сай келу керек.Бүгінгі таңда ондай жағдай бізде жоқ. Біздің ойымызша, екі жылдың ішінде біз әлде де өніміміздің сапасын көтеріп, осындай басқа елдермен конкуренция жасай алатын жағдайға жетуіміз керек дейміз. Егерде бұны жасамайынша біз ешқандай пайда таппаймыз, керісінше зиян шегеміз.

Қазақстан парламенті депутаттарының бірі Бақберген Досмамбетов ғасырлардың шаруасын, байқап отырсақ, екі жылға сидырып қойды. Алайда, Дафни Тер-Сакарян сияқты талдаушылар мұндай оптимизм танытпайды. Қазақстан басшылары батыс мұнай компанияларынан пара алыпты деген сот тергеуі белсендеген сайын, Қазақстан үкіметі батыс ұйымдарымен етене жақын болуға жан таласып отыр, дейді Дафни Тер-Сакарян:

- "Қазақгейт" шатағының салдарынан Қазақстанға жақында өте қатты қысым жасалды. Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынасыңыз нашарлап тұрса – батыс қауымдастығымен жақындасуға құштар екеніңізді көрсетуге мәжбүрсіз. Сондықтан Қазақстан үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу жөнінде, НАТО әскери ұйымымен серіктестік жөнінде аяқ астынан қызылсөз бастады, - дейді Дафни Тер-Сакарян.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG