Accessibility links

Соғыс ардагерлеріне жеңілдік жасалмақ


Астана қаласында тұратын екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері коммуналдық төлемдерді төлеуден босатылатын болады.

Қала әкімі Темірхан Досмұхамбетов тиісті құрылымдарға осы мәселеге байланысты бұйрықты жедел дайындауды тапсырды. Бұл туралы тамыздың 5-і күні Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Астанада тұратын соғыс ардагерлері қарастырылып отырған жеңілдікті қуанышпен қабылдауда. Солардың бірі, соғыс ардагері Каматай Тоқабаев жалпы астанада тұратын соғыс ардагерлері үшін жасалып жатқан игі істердің көптігін айтты:

Өте жақсы шешім. Бұрынғы әкімдер де 50 пайызға болса да жеңілдіктер жасады. Жаңа әкім өзінің жігерін көрсетіп жатқаны шығар. Соғыс ардагерлерін тек жеңіс күні еске алмай жеңілдік жасайын деп жатқаны болар. Оған рахмет.

Коммуналдық қызметке ақы төлеуден босатуға шешім шығарды. Жағдайымыз жақсы. Ақшамыз үнемделеді. Ертең ана дүниеге кетсек, керек емес пе?

Ал, екінші топтағы мүгедек, соғыс ардагері 78 жастағы Шаухат Наурызбаев, пәтер кезігінде тұрғанына бірнеше жыл болыпты.

Қызымның қолында тұрамын. Әлі пәтер алған жоқпын. Бүгін-ертең беремін деумен 12 жылдан бері күтіп келемін. Қашан беретінін білмеймін. Кезек жетпей-ақ қойды. Кеше тағы да қосымша құжаттарымды тапсырдым. Бәрі пәтер де мәшина да алды, менде әлі пәтер жоқ. Ал, зейнетақым жақсы, оған ренішім жоқ.

Қария Шаухат Наурызбаев, 1960-шы жылдары тың игеру кезінде Ресейден көшіп келіпті. Содан бері Қазақстанда тұрамын дейді.

Астана қалалық Ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыру комиссиясының төрағасы Қайдар Меңдіқұлов жалпы, соғыс ардагерлеріне қатысты мәселенің бәрі шешімін тапқанын айтады. Сонымен бірге «Ардагерлер туралы» заң жобасы қабылданса бұл санаттағы істер толық шешілер еді дейді.

- Қала әкімшілігінің алдына қойылған мәселенің бәрі түгелімен шешілді деп айтуға болады. Тек жалғызілікті ардагерлердің интернат үйіне сұраныстары бар. Сондай-ақ «Ардагерлер туралы» заң жобасы қабылданса, мәселе толық шешіледі ғой.

Қайдар Меңдіқұлов, пәтер кезегін күткен ардагерлер қалалық тұрғын-үй департаментінде тізімде тұрғанын айтты.

Қаланың жаңа әкімімен кездескенде бұл мәселе көтерілді. Әкім бұл мәселе шешіледі деп уәде берді.

Соғыс ардагерлерін коммуналдық қызметке ақы төлеуден босату үшін қалалық бюджеттен 12 млн. теңге бөлінбек. Бүгінгі күні Астанада екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 1000-нан аса ардагер тұрады.
XS
SM
MD
LG