Accessibility links

Өзбекстанның шекара мәселесіндегі асыра сілтеуі Орталық Азиядағы сауданы төмендетіп отыр


Өзбекстан айналасына мина қойып тастағаннан кейін Орталық Азиядаға шекара мәселесі қиындағаны белгілі.

Әлі белгіленбеген, нақтыланбаған шекараларға мина қойылған соң Қырғызстан мен Тәжікстанның отыздан аса азаматы қаза тапты. Аймақтағы сауда қатынастарына үлкен нұқсан келтірілді. "Халықаралық дағдарыс тобы" деген ұйым осыған байланысты Өзбекстанға қатысты талапты күшейтуді ұсынады.

Өзбекстанның айналасында даулы жер көп. Соған қарамастан Өзбекстан үкіметі миналарды қойғызып, Ауғанстаннан келуі мүмкін моджахедтердің жолына бөгет жасадық деп біледі. Ауғанстаннан төнген қауіпті Америка Құрама Штаттары терроризмге қарсы ашқан соғыс тежеді. Өзбекстанның ертерек орнатып тастаған миналары бұған қарамастан шекаралас аймақтарда талай азаматтың өмірін қиып жатыр.

Сол миналарға жарылған азаматтардың бірі Ұлықбек Төлебаевтың жесірі Зира Чонқара ауылында төрт баласын жалғыз бағып қалды, деп жазады "Франс пресс" агенттігінің тілшісі Ник Колеман Ферғана дариясынан жолдаған хабарында. Зираның күйеуі шекаралас жерде қой бағып жүріп, қаза тапты. Зира оның жан жолдасының күнәсі не екенін білмейді, қарапайым азаматтар саяси айтыс-тартыстың құрбанына неге айналатынын түсінбейді. Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Илхом Зәкіров "Франс пресс" агенттігіне берген сипаттамасында миналарды пайдаланудан басқа амалымыз жоқ, шекараны тұтастай күзету үшін талай жұртты қатыстыру керек, арнайы жабдық керек, қыруар ақша керек дейді. Сондықтан ауыл мен қалалардан мүлдем қашық жерлерде миналарды қоюға мәжбүрміз, дейді Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Совет замамында жасалған бұл миналар жарылғанда әдетте отыз метр айналаға темір сынықтарын шашады. Бұл миналар Чонқара сияқты кедей ауылдардың тұрғындарына қауіп төндіргенімен қоса Орталық Азия аймағының саудасын ақсаңдатты. Өзбекстанның дара билеуші президенті Ислам Кәрімов өзбек ақшасының дағдарысын тежеу мақсатында шеттен тауар кіргіздіртпей отыр. Бірақ қайнаған қара базар Өзбекстан билігі орнатқызған дуалдарды мойындағысы келмейді.

Өзбекстан басшылығы, мәселен, Қырғызстанмен шектескен кейбір ауылдардағы көпірлерді құлатқызса – екі жақтың жұрты қайыққа отырып, аспа көпір жасап, сауданы одан әрі жалғастырып жатыр. Әлбетте, мұндай сауда контрабандалық жолмен іске асады, ешбір саудагер салық төлеп жатқан жоқ. Шекара күзетуге міндеттелген сақшылар параны әдетке айналдырды, шалағай шекараны жаппай бұзуға өздері қол ұшын созады. Ош облысы полициясы бастығының орынбасары Еркін Есеналиев "Азаттық" радиосына айтқан сұхбатында Шарқансай өзенінен өтпек болған жүздеген адам суға түсіп жатыр, өлім қаупіне тап болып жатыр дейді:

- Өзбекстан тараптагы әріптестеріміздің мәліметі бойынша, ақырғы үш жылдың ішінде Шарқансай каналында жүздеген кісі суға түсіп, өлімге душар болды. Бұлардың арасында шекара бұзғандар, өздері түсіп кеткендер бар. Биыл шағын, резеңке қайықпен өтеміз деп бір топ кісі суға түсіп, өлімге душар болды.

Орталық Азия елдерінің шекара мәселелерінің қиындағаны алға басуға септігін тигізбейді, дейді "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында Дүниежүзілік банктің аймақтық директоры Деннис де Трей. Халықаралық саудасын арттыру үшін бұл елдердің тату тәтті болғаны жөн, дейді Деннис де Трей. Әйтпеген жағдайда көршілес елдердің тұрмысы қиындай береді. Мәселен, Тәжікстандағы орташа табыс жан басына шаққанда былтыр айына не бәрі 13 долларды құрады. Бельгияда орналасқан "Халықаралық дағдарыс тобы" деген ұйым Өзбекстанға қатысты талапты Америка Құрама Штаттары күшейтсе жөн дейді. "Президент Ислам Кәрімов еске сарыннан ауытқымайды, бейбіт шешім табуға әуес емес, бұл өз кезегінде терроризмді қысқартпайды, қоздыра түседі", дейді "Халықаралық дағдарыс тобы".

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG