Accessibility links

Парламент Мәжілісінің мүшесі Төлен Тоқтасынов Семей өңірін аралап шықты.


Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысы жетекшілерінің бірі, Парламент Мәжілісінің мүшесі Төлен Тоқтасынов Семей өңірін аралап шықты.

Семей халқы ата-баба жерін сатуға қарсымыз дейді

Таяуда Қазақстан Парламентіне Шығыс Қазақстан облысының нөмірі 19 Оңтүстік Батыс сайлау округінен сайланған Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов Семей өңіріне барып, Жарма, Аягөз, Тарлаулы, Үржар аудандарын аралап, сайлаушыларымен кездесіп қайтты. Қазақстан мемлекеті алдағы үш жылды ауыл жылы деп жариялағаны белгілі. Ауыл жылында ауыл халқының тіршілігімен танысу үшін, осы сапарға “Азаттық” радиосының тілшісі де еріп барған еді. Енді Абай, Шәкәрім сынды қазақ халқының ұлы перзенттері дүниеге келген жердің, 1949 жылдан 89 жылдарға дейін жарты ғасыр бойы атом жарылысынан көз ашпаған Семей топырағы халқының бүгінгі тыныс-тіршілігі, күн көрісі жайынан оқырмандарды хабардар етуді жөн көрдік.

Белтеректе немесе Ләйләнің көз жасы

Алдымен екі мыңға жуық халқы бар, жеті жүзге шамалас сайлаушысы бар Жарма ауданы Белтерек ауылына табан тіредік. Белтерек ауылында жалғыз Қажыгелді атындағы орта мектеп бар. Бұл мектепті кезінде 1994-97 жылдары Үкіметті басқарған, қазір оппозицияда, сырттай 10 жылға сотталып, шетелге бас сауғалап кеткен Әкежан Қажыгелдиннің атасы Қажыгелді салғызып, өзі осы мектепте ауыл балаларына дәріс беріпті. Содан бері бұл мектептің аты Қажыгелді есімімен аталады екен. Белтерек ауылында осы мектептен басқа мәдениет ошақтары жоқ. Мәдениет үйінің тас-талқаны шыққан. Онда тек жайылып жүрген ауыл малдарының мөңіреген дауыстары шығады.

Ауыл жұрты Парламент депутаты Төлен Тоқтасыновпен кездесу кезінде бірден «Біз Сізді теледидардан неге көрмейміз, Сізді көрсетпейді ме, әлде мүлдем сөйлемейсіз бе?» деп дүрсе қоя берді. Бұған Қазақстан билгіне қарсы пікірлер айтып жүрген, Демократиялық таңдау қозғалысын басқарып жүрген депутат “мені теледидардан көремін деп үміттенбей-ақ қойыңыздар, себебі сіздердің депутаттарыңыздың пікірлері билікке ұнамайды” деп жауап қайтарды.

Осы сапардан байқағанымыз, ауылда жер дауы басталып та кеткен сияқты. Халықтың көпшілігі ең алдымен жердің сатылуына қарсы наразылықтарын білдірді. Ауылдың үлкен анасы «жердің шайыры кетті, ағайынның қадірі кетті, осы уақытқа дейін ағайындасып өмір сүрген едік, енді өз күніңді өзің көр деген заманда жерді жыртып күн көрейік деп балаларға трактор сатып алып едік, енді жерді сатамыз деп жатыр, жер алуға әкімшілікке барсақ, ондағылар сіздерге беретін жер жоқ, жердің бәрі сатылған деп отыр» деп мұңын шақты.

Ал осы ауылдың Қабдол Орынбаев деген ақсақалы депутатқа өзінің сөздерін Президентке жеткізуін сұрады. «Белтерек ауылының халқының атынан сәлемдемемді Президентке айта барыңыз. Егер ұнамаса, келіп мені атып тастасын»,–дейді Қабдол ақсақал. Ол кісі Мемлекет басшысына « Егер Президент жерді сататын болса, ұлымды әскерге жібермеймін. Өйткені жері жоқ адамның Отаны жоқ. Әке-шешем осында туды. Бала-шағаларым осында өсті. Жерді сатып, қара халықтың қалтасынан ақша шығарып, елдің көсегесін көгертем дегенге сенбеймін» деген сәлемін айтты.

Белтерек тұрғындарының бас көтерер ақсақалдары, жерге байланысты референдум өткізу керек деген бастамашыл топты қолдап отыр. Осыған байланысты Парламент депутаты Төлен Мұхамедияұлы күзге қарай Балташ Тұрсынбаев бастаған топ жерге қатысты үлкен жиын өткіземіз деп жоспарлап отырғандығын, өзі бұл топтың пікірін қолдайтындығын айтып кетті.

Кездесу барысында халықтың қойған сауалдарына орай, билікті сынға алып жауап беріп отырған Төлен Тоқтасыновтың пікірлері осы ауылдың әкімі Роза Шаймерденоваға аса ұнамады. Ол халық Үкіметке қарсы сөз айта бастағанда қара халықты сөзімен тиып тастап, ал депутатқа « халық қалаулысы бола отырып, Үкімет тарапындағы кемшіліктерді ғана айтып жатсыз, бірде-бір жетістік айтқан жоқсыз, бүкіл жер жүзі таныған Елбасының жанында жүріп, сіздің танымай жүргеніңізге таң қалам» деген пікірін білдірді.

Алайда ауыл ақсақалдары «ауылдың мүшкіл халін Астанаға жеткізетін азаматтар ауылға күнде келіп жатқан жоқ» деп әкімінің сөзін доғартып, ашынған үндерін жарыса жеткізіп жатты. Бұ ауылдың жастарына әлі күнге дейін полигон зардабына деп бөлінген экологиялық жәрдем ақы қолдарына тимепті.

Біз Белтерек ауылынан аяңдағанда, полигон зардабынан жапа шеккен мүгедек жастардың жасқа тұнған көз жанарларынан өмірінің өксігі өкіріп тұрды. Әсіресе тұла бойында бір мін жоқ, бірақ экологияның әсерінен аяғы ақсап қалған сұлу қыз Қажыгелдиннің ауылына барған біздерді таңқалдырмай қоймады.

«Қазіргі Президентті біз енді сайламаймыз» дейді ауыл ақсақалы

Келесі атбасын тіреген ауылымыз Үржар ауданындағы Шолпан ауылы деп аталады. Мұнда мың жарымға жуық халық тұрады. Мыңға тарта сайлаушысы бар. Бұл ауылда да жастардың ой өресін дамытатын ешқандай мәдениет үйлері жоқ. Тек жалғыз орта мектеп бар.

Бірақ бұл ауыл оңтүстікке жақындау жатқандықтан халқы көбінесе жерді еміп күн көреді екен. Қауын-қарбызды оңтүстіктен тасымайды, өздері егіп, өсіреді. Халқының тұрмыс-тіршілігі оңалып қалған. Бас көтерер ағайындардың дені жоғары білімді сауатты азаматтар екен.

Осы ауылдардан Қазақстан Парламентіне сайланған Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасыновқа Шолпан ауылынан қойылған алғашқы сұрақтардың бірі қазіргі Қазақстан басшысының келесі Президенттік сайлауға қатысатыны ия қатыспайтыны жөнінде. Бұ сауалды 65 жастағы зейнеткер Бекболат Қайранов деген ақсақал қойды.

Оған Мәжіліс депутаты Төлен Мұхамедияұлы «Қазақстан басшысы Канадада болған сапарында 85 пайыз Қазақстан халқының тұрғындары бүгінде маған сенеді деп айтыпты. Сіздер сенсеңіздер, мен өз басым сенбеймін. Мен Конституция бойынша, Президенттің 2006 жылы қайтадан сайлануға құқы жоқ деп ойлаймын»,–деп жауап берді.

Бірақ осы ауылдың тұрғыны Сағадат Серікбаева деген азаматша «мүмкін бұл ауылдың тұрғындары 100 пайыз Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап кетуі мүмкін, сіз де теріс кетесіз, ол дұрыс емес»,–деген пікірін білдірді.

Ал Нұрсұлтан Әбішұлы келесі сайлауға қайтадан түседі ма деген сауалды қойған жоғарыдағы Бекболат деген азамат өзінің сауалына өзі былайша жауап қайтарды: « Қазақстанда бұдан басқа адам жоқ па, Президенттің жақсылығын 12 жыл болды, көрмейміз бе көрсек?! О жағынан Президентке берген бағам дұрыс емес. Халықтың қамын ойлап жүрген жоқ. Өзінің айландырып, топтастырып алған бір тобы бар. Солардың орнын ауыстырады да қояды. Жаңадан, тыңнан келген саясаткер жоқ, қосылған. Басын көтерген Жақиянов, Аблязовтарды түрмеге қамады. Ол енді нағыз қиянат жасап отырғаны. Осының бәрін біз естіп, біліп отырмыз. Жалпы саясатына біз қарсымыз. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді ойлап жүрген жоқ. Немене ойлап жүргенін білмеймін. Сондықтан бұл Президентті біз енді сайламаймыз».
XS
SM
MD
LG