Accessibility links

Саддам Хусейнді сотқа тарту


Саддам Хусейн және оның өкіметінде болған ресми қызметкерлерді адамзатқа қарсы жасаған қылмыстары үшін деп сотқа тарту жолдарын АҚШ өкілдері және ирактықтар қарастыруда.

Саддам Хусейнді және Ирактың бұрынғы ресми қызметкерлерін, қолға тірі түсісімен, адамзатқа қарсы жасаған қылмысы үшін деп сотқа тарту жолдарын қарастыру жөніндегі ұсыныс алғаш Құрама Штаттарының баспасөз беттерінде белгісіз біреулердің атымен жарияланған болатын.

Ал, соңғы әзірде бұл тақырып төңірегіндегі айтыс-тартыстар қыза түсуде. “Нью-Йорк таймыс” газетінде жарияланған мақалаға қарағанда, АҚШ ресми өкілдері аталған адамдарға қарсы сот үдерісін Саддам Хусейн билігі кезінде елден қуылған, шет елдердегі ирактық заңгерлердің жүргізгені жөн болар-, деген пікірде отыр.

Көптеген қылмыстары қатарында Саддам Хусейннің елдің солтүстігіндегі күрдтер мен оңтүстігіндегі ирактықтарға қарсы жасаған қысастықтары да бар-, дейді тілші. Соттың елде өткізілуі ол үдеріске қарапайым ирактықтардың да қатысуына мүмкіндік берер еді. Осы арқылы олар Саддам билігінен кейінгі өтпелі кезеңде елде заңдық тұғырлардың орныға түсуіне көмектесетін болады-, дейді мамандар.

Қарапайым халық сот үдерісін көзімен көріп қана қоймай, сондай-ақ өткен билік тұсындағы қылмыстар жөнінде куәгерлікке де жүре алар еді. Сондықтан да мұндай сот үдерістерінің шет елде жүргізілуі оның қарапайым халық алдындағы маңыздылығын төмендете түспек. Американың Вашингтон университетінде заң бойынша дәріс беретін Диана Орентличер Бағдатта болып, ирактықтар және БҰҰ-ның өкілдерімен кездескен болатын. Оның сөзіне қарағанда, мұндай сот үдерісіне тікелей қатысқан ирактықтар ертеңгі күні елдегі жаңа заң жүйелерінің сәтімен қалыптасуына өз үлестерін тигізетін болады.

Биылғы шілде айының басында БҰҰ Бағдатта Саддам Хусейн және оның әріптестерін жауапқа тарту жолдарын ақылдасу мақсатында арнайы конференция шақырған болатын. Оның жұмысына өзге де шет елдік заңгерлер қатарында Орентличер ханым да қатысқан еді. Оның айтуынша, сол конференцияға шақырылғандар бірнеше тәсілдер жөнінде пікір алысқан екен.

Атап айтқанда, бұрынғы Югославиядағы болған соғыс қылмыскерлерін жауапқа тартып жатқан Гаага трибуналына ұқсас арнайы трибунал ашу, тағы бір тәсіл- Ирактың өз заңгерлерімен қатар басқа да Араб мемлекеттерінен арнайы заң мамандарын шақырып, арнайы сот ашу еді.

Бұл ұсыныстарға қосымша Ирактың өз ішіндегі заңды да жаңа соттық жүйесі құрылғанға дейін күте тұрып, содан кейін ғана бұл істі қолға алу идеясы алға тартылған екен.

Ал, БҰҰ-ның Ирактағы өкілі Сергио Виейра де Меллоның пікірінше, ирактық заңгерлер мен халықаралық сарапшыларды біріктіре отырып, арнайы трибунал ашу тиімді болмақ. Келесі бір мамандардың пікірінше аталған шараларға БҰҰ-ның араласуын тіпті күшейте түскен жөн.

Ал, Құрама Штаттарының ресми өкілдері болса, Ирактың өз ішіндегі заңдық жүйенің қалыптасып болуын күтіп отырмастан, Саддам Хусейн мен оның әріптестеріне қарсы сотты тез арада бастап кету керек-, деген бағытты ұстануда. Бұл орайда Като институтының сарапшысы Тед Гален Карпентер:

“Бұл мәселені Ирак халқы өз өкіметін сайлап алғанға дейін қоя тұру керек. Басқаша жолмен жасалған трибуналдың қай-қайсысы болмасын заңсыз деп табылатын болады. Егер трибунал құрамын Құрама Штаттары не болмасы АҚШ-тың тағайындауындағы өкілдік белгілейтін болса, ондай трибуналдың қаншалықты заңдылығы жөнінде сауал туындайтын болады. Бұл мәселеде күту керек. Бірнеше апталар мен айлар ішінде ол адамдарды сот құрып, жауапқа тарта қоюдың қажеттілігі жоқ-, дейді Карпентер мырза. Мұндай аса нәзік істе ымырашылдық та қажет” -, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG