Accessibility links

Қазақстан Демократиялық оппозициясы өкілдерінің тек 315-і ғана тіркелген


Мәслихат депутаттығына сайлауға түсуге үміткер ретінде өз құжаттарын тапсырған 446 Қазақстан Демократиялық оппозициясы өкілдерінің қазірде тек 315-і ғана тіркелген.

Мәслихат депутаттығына сайлауға қатысуға үміткер ретінде өз құжаттарын тапсырған 446 Қазақстан Демократиялық оппозициясы өкілдерінің бүгінгі күнгі жағдаймен тек 315-і ғана депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген.

Бұл туралы осыған орай сәрсенбі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Республикалық Демократиялық оппозицияның сайлау жөніндегі штаб басшысы Асылбек Қожахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, осылайша, 131 азамат Қазақстанның Ата заңында көрсетілген сайлауға түсу құқын әзірге пайдалана алмай отыр. Ал, тіркелген күннің өзінде, енді олар сайлау алдындағы науқанды билік тарапынан ұсынылып отырған өз қарсыластарынан әлдеқайда кеш бастайтын болады.

Асылбек Қожахметовтың айтуына қарағанда, демократиялық оппозиция санатынан сайлауға түсуге үміткерлерге қазірде билік тарапынан түрлі қысым көрсету әрекеттері орын алуда. Аталған әдіс- амалдардың ішінде, әсіресе, оларға бюджеттік салада жұмыс істейтін жақындары мен тума- туыстары, ұл-қыздары арқылы қысым көрсету әдісі кең қолданыс тапқан.

Негізінен, үміткерлерді тіркемеу жөнінен 37 адамнан тек 26-сы тіркелген Алматы, 12-ден 1 ғана демократиялық оппозиция өкілі тіркелген Ақтөбе және Қостанай мен Атырау қалаларын ерекше атап көрсетуге болады. Мысалы, Алматы қаласындағы Мемлекеттік коммуналдық мекеменің бас маманы үміткер Мамашев пен Атыраулық дәрігер Досмағамбетовты сайлауға қатыстырмау үшін нақ осы жоғарыда аталған әдіс қолданылыпты. Ал, Атыраулық қазіргі депутат Биғалиеваны әкімшіліктегілер тағы да сайлауға түсер болсаң, мектепте істейтін 2 балаңды жұмыстан шығарамыз деп қорқытқан. Сонымен қатар, Демократиялық оппозиция арасында, мәслихат сайлауына үміткер ретінде тіркеле сала, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар да бар.

Сондай-ақ, Республикалық демократиялық оппозицияның сайлау жөніндегі штаб басшысы Асылбек Қожахметовтың айтуынша, жалпы алғанда, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мәслихат сайлауына қазірде өзін- өзі ұсынушы ретінде қатысуда. Өйткені, соңғы бір жарым жыл көлемінде, ҚР Әділет министрлігіне тіркелу үшін 37 мәрте құжат тапсырған бірлестік әлі күнге тіркеуден өтпеген.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, сонымен қатар, сайлау алдындағы науқанға арнайы үміткерлер үшін дайындалған Демократиялық оппозиция өкілдерінің ақпараттық шағын кітапшалары да бүгінде құзырлы органдар тарапынан заңсыз тәркіленіп жатқан көрінеді.
XS
SM
MD
LG