Accessibility links

Үмiткерлердiң шағым-хаттары қалыңдап барады


Жергiлiктi мәслихаттар сайлауына 40 күн қалғанда, яғни, тамыздың 10-ы күнi үмiткерлердi тiркеу аяқталады.

Орталық сайлау комиссиясының соңғы мәлiметiне қарағанда, әзiрге 6 мың 848 адам тiркелген.

Тiркеу науқанының аяқталуына бiрер күн қалғанын ескерсек, Ақтөбе облысы облыстық мәслихаттар сайлауына түсетiндердiң саны жағынан ең соңғы орында қалатын тәрiздi. Онда бар болғаны 29 үмiткер тiркеуден өткен. «Азаттық» радиосының Ақтөбе облысындағы тiлшiсi Серiк Әбдiрешұлы: «…мұның өзi жергiлiктi билiктiң өзiне жақпайтындарға қысым көрсетуiнiң салдары болуы мүмкiн», - деп хабарлайды. Өйткенi, үмiткерлер тарапынан билiк орындарына наразылық бiлдiрушiлер аз емес көрiнедi. Солардың бiрi-Сырым Әбдiрахманов шiлденiң 28-i күнi «Рика» телеарнасының өтiнiшiмен студенттiк құрылыс қосындары туралы хабарға қатысқан. Мұны алдын ала жасалған насихат деп шешкен 13-сайлау округi оны тiркеуден бас тартқан.

Сырым Әбдiрахманов облыстағы жастар ортасынан облыстық мәслихаттың депутаттығына ұсынылған жалғыз үмiткер. Ол: «Аталған сайлау округiнiң менiң жолымды кесуi--жастардың жолын кесуi, яғни, жастардың саяси, азаматтық белсендiлiкке құштарлығын жоюдың амалы», - дейдi.

Сайлау алдындағы науқан басталғаннан берi Орталық сайлау комиссиясына түскен арыз-шағымдар қалыңдап барады. Орталық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұловтан осы мәселе туралы және Сырым Әбдiрахмановтың шағым-хаты жайында сұраған едiк. Тұрғанқұлов мырза бұл жолы да: «Бұл туралы кейiнiрек баспасөз мәслихатын өткiзгенде айтамыз», - деген әдеттегi жаттанды жауабын алға тартты. Орталық сайлау комиссиясының соңғы деректерiне сүйенсек, тамыздың 8-iне дейiн республика бойынша, 1 мың 668 адам облыстық мәслихаттар депутаттығынан үмiткер ретiнде тiркелсе, тiркеуден өтпей қалғандар саны 69. Ал аудандық мәслихаттар депутаттығына 3 мың 211 үмiткер тiркелiп, 181 адамның жолы кесiлген.

Қалалық мәслихаттардың депутаттығынан үмiткерлер шоғыры әзiрге 1мың 669. Ал 129 адам тiркеуден өте алмаған.
XS
SM
MD
LG