Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда “Сайлау туралы” заңға қатысты және тағы басқа саяси-әлеуметтік құбылыстарға орай мақалалар жарық көрді.

“Ертең календарлық жоспарға сәйкес жергілікті мәслихаттарға депутаттарды сайлау аяқталады”, - деп басталапты “Жас алаш” газетіндегі Жұлдыз Әбділданың “Мәслихатта не мән бар, мемлекеттік тілде не жаңалық?” деген мақаласы. Журналистің айтуынша, жергілікті мәслихаттарға үміткерлердің көпшілігі, орта есеппен алғанда, “ақ шашты, сары тісті” кісілер. Тіпті үміткерлер арасында жұмыссыздар да, жоғары білімі жоқ азаматтар да кездеседі.

Ал сайлауға қатысатын үміткерлерді ұсыну жағынан “Отан” партиясы озық тұр. Айталық, Коммунистер партиясы 263 кандидат ұсынса, Аграрлы партия 300, Азаматтық партия 600, ал “Отан” 2577 азаматты алға шығарыпты деп хабарлайды “Ақ жол” партиясына қарасты “Эпоха” газеті. Газет мәліметтеріне қарағанда, “Ақ жол” демократиялық партиясы сайлауға өз-өздерін ұсынған партия мүшелерін қолдаумен шектеліпті. “Эпоха” газеті тілшісінің пікірінше, қазіргі заң аясында билік сайлау процесінің кез-келген деңгейіне араласып, ұнамаған үміткерлерді ысырып тастауға, сайлау нәтижесін қолдан жасауға, тіптен қажет болса, сайлауды заңсыз деп таба алады.

“Новое поколение” газеті қыркүйек айындағы сайлауды келесі жылы өтетін Парламенттің төменгі палатасына сайлауға дайындық деп бағалапты 31 санында. Сондықтан, “Сайлау туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасы өте өзекті деп есептейді газет тілішісі Светлана Грибанова. Бұл тарапта Үкіметтің заң жобасын әзірлеп те қойғаны мәлім. Мақалада Орталық Сайлауком төрайымы Зағипа Бәлива заң жобасы бойынша ұсыныстарды талқылаудың ақтық мәжілісі тамыздың 4-де өткенін хабарлапты.

“Эспресс К” газетінің соңғы санында берген сұқбатында “Қазмұнайгаз” компаниясының қаржы және экономика бойынша директоры Данияр Берлібаев компанияның биылғы жылдың жарты жылдығындағы табысы 30 пайызға артып, таза кіріс 45 миллиард теңгені құрағанын хабарлайды.

Қазақстанның сыртқа шығаратын өнімдерінің 80 пайызын – қазба байлықтар, оның 40 пайызын мұнай құрағанымен халықтың әл-ауқаты жақсарып отырмағанын тілге тиек етеді “Ақ жол Қазақстан” апталығының тілшісі. Оның бір себебін тілші шетел инвесторларымен жасалған келісім-шарттардың ашық еместігінен көреді. Журналистің айтуынша, “Ақ жол” партиясының қазба байлықтарды өндіретін кәсіпорындармен жасалған келісім-шарттарды ашу туралы ұсыныстарын бірқатар шикізаттық компаниялар қостаған. Мысалы, “Лукойл” компаниясының вице-президенті: “Егер Қазақстан Үкіметі немесе оның құзырлы орындары кен орындарын пайдалану туралы келісім-шарттан құпиялық міндеттемені алып тастау туралы бастама көтерсе, бұл мәселені қайта қарауға әзірміз”, - деп хабарлайды.

Ал “Известия Казахстан” газеті жазғы кезеңді пайдаланып, бетті толығымен спорт жаңалықтарына арнапты.
XS
SM
MD
LG