Accessibility links

Мәслихат депутаттығынан үміткерлердің 19,7 пайызы ғана - әйел


Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметтерге сүйенсек, республика көлемінде жергілікті өкілетті билік органдарына депутаттыққа 7549 кандидат тіркелген.

Облыстық мәслихат депутаттығына 1810 кандидат тіркелген. Тамыздың 13-індегі жағдай бойынша, тіркеу жұмыстары аяқталған соң өз өтініштері бойынша 7 үміткер сайлауға түсуден тізімнен алынған. Олардың ішінде Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан бір-бірден кандидат, ал, Павлодар облысынан үш кандидат бар.

Алматы сайлау комиссиясының шешімі бойынша екі кандидат алынған. Аудандық мәслихаттарға 3669 кандидат тіркелген. Тіркеу жұмыстары аяқталған соң тізімнен алынған кандидаттардың саны 10 адамды құрап отыр. Ал, қалалық мәслихаттарға 2070 кандидат тіркелген.

Тіркеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тізімнен алынған кандидаттардың саны 22 адамды құрайды. Мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген 7549 адамның 19,7 пайызы немесе 1484-і әйелдер, 80,3 пайызы немесе 6065-і ер адамдар. Орталық сайлау комиссияның мәліметі бойынша әр деңгейдегі мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелгендердің 83,3 пайызы жоғары білімді. Жоғары білімі бар кандидаттардың ең басым бөлігін инженерлер мен педагогтар алып отыр.

Кандидаттардың 12,2%-і арнаулы орта білімді, ал 4,4 пайызы орта білімді. Кандидаттардың 34,9 пайызы 35-45 жас аралығында, 38,8 пайызы 45-55 жас аралығында, 6,1 пайызы 30 жасқа дейінгілер, 1,4 пайызы 65 жастан жоғарылар. Кандидаттардың 2804 адам қандайда бір партияның мүшесі болып табылады. Мәселен, 2163 адам "Отан", 236 адам - Аграрлық, 223 адам - Азаматтық, 48 адам -"Ақжол" демократиялық, 41 адам Қазақстанның "Ауыл" социал-демократиялық, 82 адам - Қазақстан коммунистік партиясының мүшелері.

Сондай-ақ, 476 кандидат кәсіподақ ұйымдары, ұлттық мәдени орталықтар тәрізді қоғамдық бірлестіктердің өкілдері болып отыр. Мәслихат депуттаттығына сайлау өткізу осы жылдың 20-сыншы қыркүйегіне белгіленген.
XS
SM
MD
LG