Accessibility links

«Жер Ата» апталық хабары


Қазақстан үкіметі республикадағы экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеп қойды.

Бұл жөнінде 11-ші тамыз күні Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Әйткүл Самақованың Қазақстан Президентімен болған кездесуден кейін анық болды. Қоршаған ортаны қорғау министрінің баспасөз хатшысы Ұлан Қасымбековтың айтуынша, бұл тұжырымдаманың бұрынғы тұжырымдамадан ерекшелігі көп.

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің баспасөз хатшысы Ұлан Қасымбеков: - 1996 жылы Экологиялық қауіпсіздік жөнінде тұжырымдама қабылдағанда, біздегі жағдай басқаша еді. Ол кезде Қазақстан инвесторларды тартып жатқандықтан, экологиялық мәселелерге көп назар аударған жоқ. Қазір есімізді жинап, инвесторлардың жағдайы жақсы екенін ескере отырып, экологиялық жағдайды жақсартуға үлкен үлес қосу керек. Сол себептен Экологиялық қауіпсіздік жөніндегі тұжырымдаманы қайта әзірлеу керек болды. Қазір тұжырымдама үкіметпен мақұлданды, енді Президент әкімшілігінде қарастырылып жатыр. Оның басты ерекшелігі заңнаманы, экономиканы экологияландыру. Қандай жұмыс жасалсада барлық экологиялық мәселелер ескерілуі керек.

Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын «Каспий табиғаты» атты үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Махамбет Хәкімов мақұлдап отыр, бірақ ол бұл 10 жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе, деген ойда.

«Каспий табиғаты» атты үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Махамбет Хәкімов: - Бұл бұрыннан бері айтылып келе жатыр, 1992 жылы Риоде-Жанейро қаласында өткен конференцияда экология жөнінде 27 тұжырым шығарған. Сонда халықтың жағдайы өзгермей, экологиялық жағдайды ретке келтіру мүмкін емес, делінген. 10 жыл өткеннен кейін Қазақстан үкіметі де түсінді экология арқылы көп ақша табуға болатынын. Бірақ бұрынғы 1996 жылы қабылданған тұжырымдама қанша айтқанымен іс жүзінде орындалған жоқ.

Сонымен қатар Махамбет Хәкімов экологиялық қауіпсіздік жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру үшін, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек, деген ойда.

«Каспий табиғаты» атты үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Махамбет Хәкімов: - Халықтың жағдайын ретке келтірмей, экологиялық мәселелерді ретке келтіре алмаймыз. Елдегі түрлі кемшіліктер әсер етеді, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жемқорлық, осының барлығы кері әсер етіп отыр.

Қазақстандағы экологиялық мәселелерді ретке келтіру үшін қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек, деген пікіріді Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталықтың қызметкері Шарипа Бисариевада қолдап отыр.

Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталықтың қызметкері Шарипа Бисариева: - Кейде мына ормандарымыз өртеніп жатыр, дейді. Қарап отырсақ, шын мәнінде ғасырлар бойы өскен шыршаларымыз, қайыңдарымыз өртеніп жатады. Оның себебі неде деп ойласақ, біздің экологиялық мәселеміздің түп-тамыры біздің әлеуметтік жағдайымзға байланысты. Халықтың тұрмысы нашарлап кетті, оны жасырмау керек, мекемелер жұмыс істемейді. Сол себептен табиғатта тегін тұрған заттарды алады, орманда бар ағаштырды алады, одан жиhаз жасап сатады, себебі оның басқа амалы жоқ.

Сонымен қатар, Шарипа Бисариева экологиялық заңдар өз деңгейінде орындалса, деген үмітте.

Орталық Азиядағы аймақтық экологиялық орталықтың қызметкері Шарипа Бисариева: - Қоршаған ортаны қорғау жөнінде заңдар көптеп шығып жатыр, бірақ сол заңдар өз деңгейінде орындалмайды. Сол себептен заңдар күшіне енгеннен кейін олардың орындалуын бақылайтын мекемелер болу керек. Бұл мекеме қызметкерлері заңның орындауын талап етіп отырса, біз сонымен қатар экология жөнінде насихат жүргізіп отырсақ.

Алматы қалалық Қоршаған ортаны қорғау басқарма бастыңының орынбасары Мұрат Батырбаев қоршаған ортаны қорғау заңдары орындалмайтынына алаңдаушылықпен қарайтынын жасырмады.

Алматы қалалық Қоршаған ортаны қорғау басқарма бастыңының орынбасары Мұрат Батырбаев: - Қоршаған ортаны қорғау заңдары орындалады, бірақ жоғары деңгейде емес. Біріншіден, бұл заңды құрметтемегеннен болып отыр. Бұл заңдарды заңды тұлғаларда орындамайды, азаматтарымызда орындамайды. Табиғатқа зиян тигізгендер міндетті түрде жауапқа тартылу керек.

Қалай болғанымен республиканың қоршаған ортаны қорғау министрлік мамандары жаңа әзірленген экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы шын мәнінде іске асады, деп үміттенеді.
XS
SM
MD
LG