Accessibility links

Оңтүстік Қазақстандағы құрып бара жатқан Қызылкөл құтқарылатын болды


Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы Қызылкөл көлі қайтадан өмірге келетін болды, деп хабарлады 19 тамыз күні ҚазАқпарат агенттігі.

Ұзындығы 10 шақырым болатын арнаның құрылысы аяқталды. Ол арна бойымен көлге Баба-Ата өзенінің суы келіп құяды. Бұл бірегей су қоймасын құтқарудың бірден-бір жолы болып отыр. Соңғы 10 жыл ішінде Қызылкөл – шипалы тұзды көлі – 2 есеге дейін кішірейіп кетті. Мамандардың айтуынша, бұл бұдан ары бетін қайтаруға келмейтін процестер басталатын шектік деңгей болып табылады. Осыны болдырмау үшін арна құрылысы туралы шешім қабылданған болатын. Бұл мақсат үшін Оңтүстік Қазақстан облысы бюджетінен 20 миллион теңге бөлінген.

Темір жолы көпірі астынан өтетін Баба-Ата арнасының соңғы 50 метрін құрылысшылар 2 күнде салмақшы. Жұмысты тамыздың 22-сінде аяқтау жоспарланған.

Мамандардың пікірінше, Қызылкөлді қалпына келтіру үшін бірнеше ондаған жыл қажет болады. Бұл істе қолдан жасалған арнаға ғана үміт артып, қарап отыруға болмайды. Оның үстіне, көлге жетпей құрғап қалатын ұсақ өзендердің де мәселесін шешу қажет. Алайда, Баба-Ата арнасы пайда болғаннан кейін, экологтарда көл аман қалады деген сенім пайда болып отыр.
XS
SM
MD
LG