Accessibility links

Аралда қайтыс болған 4 жасар қызға қойылған «оба» диагнозы дәлелденді


16-тамызда Арал аудандық ауруханасында қайтыс болған 4 жасар қызға қойылған "оба" диагнозы зертханадағы серологиялық және бактериологиялық зерттеулер нәтижесінде дәлелденді.

Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрлігі таратқан хабарламада айтылған. Таратылған ақпаратқа қарағанда, 18-тамыздан бастап, Қызылорда облысының барлық кедендік бекеттерінде, соның ішінде Қызылорда әуежайы мен темір жол бекетінде обаға қарсы карантиндік бөлімшелер ашылған.

Дәрігерлердің пікірінше, індеттің жұғуына қызды осы ауруды таратушы бүргенің шағуы себеп болған. Министрлік ақпаратына сәйкес, Аралда медициналық штаб құрылып, тұрғындар бұл туралы толыққанды хабарланып, қора-жайларға медициналық тексерулер жүргізілуде. Медициналық мекемелерде науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды ауруханаға жатқызуға және оларды дәрігерлік бақылауға арнап, күзетті обсервациялық бөлмелер жабдықталған.

Науқаспен қарым-қатынаста болған барлығы 27 адам тіркеліп, олардың барлығы да ауруханаға жатқызылды. Ауру ошағында облыстық мемлекеттік санэпидбақылау басқармасының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, Арал обаға қарсы күрес станциясының, аудандық медициналық мекемелердің өкілдері жұмыс істеуде.

Карантиндік және жұқпалы індеттер жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институты мен Республикалық санэпидстанциясының мамандары кеңесші ретінде осы аймаққа шұғыл жеткен. Жұқпалы ауруға қарсы шараларға барлығы 70-тен астам маман жұмылдырылыпты. Сондай-ақ, облыстық жұқпалы ауруларға қарсы күрес қорынан обаға қарсы күрес шараларына 1,5 млн. Теңге бөлінген. Әзірге Арал ауданында оба жұқтыруға байланысты басқа оқиға тіркелген жоқ.
XS
SM
MD
LG