Accessibility links

Мұстақым Төлеев: “Жақиянов жазған хаттың тиісті орынға бармай отыруына Президент әкімшілігінің өзі мүдделі”


Құсмұрынға абақтыға барып келген Ғалымжан Жақияновтың қорғаушысы Елена Ребенчук Жақияновтың рахымшылық жасау туралы өтініші дүйсенбі күні яғни тамыз айының 18-де Президентке жіберілді деп мәлімдеген болатын.

Осыған байланысты хаттың жеткен-жетпегін білу үшін Президент әкімшілігіне, баспасөз қызметіне телефон шалдық. Ондағы баспасөз қызметкері Александр Иванов хаттың әлі түспегендігін айтты. Бірақ хат дүйсенбі күні жіберілген болатын деп қайта сұрағанымызда Астанаға ұшақпен келе салады деймісін, ол әлі поезбен жеткенше қай заман дегенге келтіріп, баспасөз хатшы хат келіп түсісімен хабарласамыз деген деп жауап берді. Алайда Астана мен Қостанайдың арасы поезбенен 9 сағаттық жол екенін ескерсек, дүйсенбіден бері Қостанайға поезбен үш барып, үш келуге болады.

Бұдан кейін хаттың барған-бармағаны жайында Құсмұрындағы түрме бастығы Сергей Жадькоға қайта телефон шалуға тура келді. Бірақ Сергей Жадько “телефон арқылы ешқандай мәлімет бере алмаймын” деген сөзін тағы қайталады.

Осыдан кейін тамыздың 18-күні Ғалымжан Жақияновтың қорғаушысы Елена Ребенчупен Құсмұрынға барып келген Парламент депутаты Зәуреш Батталоваға хабарласқанымызда Жақиянов жазған негізгі өтініш хаттың әлі де абақтыдан шықпай, тиісті орынға жіберілмей отырғандығын айтты. Оның мәліметінше, өткен аптаның соңында Қазақстандағы қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бөлім бастығы Александр Булавин Жақияновпен кездесіп, өтініш хатты басқаша жазуға кеңес берген.

Бірақ Жақиянов өтініш хатты басқаша жаза алмайтындығын айтқан. Ал Елена Ребенчук болса қорғаушысы ретінде Жақиянов жазған хаттың бір данасын өзі Президент әкімшілігіне жолдаған. Түрме бастығы болса мінездеме секілді тиісті құжаттарды жібермей ұстап отырған көрінеді. Сонымен қатар Демократиялық таңдау қозғалысы саяси кеңесінің мүшесі, сенатор Зәуреш Батталова түрмеде Жақияновқа үш адамның қастандық жасамақ болды дегенін расқа шығарады.

“Жақияновтың Президенттің атына жазған рахымшылық жасау туралы өтініш хатының екі жұмадан бері тиісті орнына бармай отыруының себебі, оған Президент әкімшілігініғ өзі мүделлі болып отыр”,–дейді Жақияновтың қорғаушысы, адвокат Мұстақым Төлеев. Оның айтуынша, Жақияновты бостандыққа шығарғанымен ол саяси әрекетінен бас тарта ма, жоқ па, қандай жағдайда қандай шешім қабылдау керек деп Президент әкімшілігі ойланып отыр.

P.S. Ғалымжан Жақиянов бұрынғы Павлодар облысының әкімі, Демократиялық таңдау қозғалысының жетекшісі, өткен жылдың жазында мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген айыппен жеті жыл бас бостандығынан айрылған болатын. Қазір Құсмұрындағы абақтыда отыр.
XS
SM
MD
LG