Accessibility links

Астанада үкіметтік емес ұйымдардың қалалық І конференциясы басталды


Тамыздың 20-күні Қазақстан астанасында үкіметтік емес ұйымдардың бірінші қалалық конференциясы өз жұмысын бастады. Астанадағы оқушылар сарайында ашылған бұл конференция жұмысына қаладағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылыпты. Олардың алдында «Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың өзара әрекеттестігі: азаматтық қоғам институтын нығайту жолында» тақырыбында баяндама жасаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұқамеджанов өз сөзінде мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың арасы әлі күнге дейін алшақ қалпында қалып отырғанын айтты.

- Егер үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік құрылымдарды қоғамдағы қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге дәрменсіз бюрократиялық органға жатқызса, өз кезегінде билік органдары бұл қоғамдық ұйымдарға жеткілікті дәрежеде ұйымдық жағынан да, сондай-ақ қаржылай қолдау ісінде де ешқандай жәрдем танытып отырған жоқ, - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұқамеджанов.

Осы жиын өтер алдында жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 63,3 пайызы үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы роліне мемлекет әлі күнге жеткілікті дәрежеде көңіл аудармай келеді деп санайтындарын білдірген. Ал жауап бергендердің 48,6 пайызы қоғамда үкіметтік емес ұйымдардың дамуына кедергі болып отырған басты себеп ретінде бұл іске мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығын атаған.

Астанадағы «Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закарияновтың пікірінше мемлекет үкіметтік емес ұйымдарды жұртшылық пен билік арасын жалғастырушы дәнекер деп қарауы тиіс.

- Үкімет әр уақытта өз жұмысын қоғамдық ұйымдармен ақылдасып, кеңесіп отырса одан мемлекет ұтылмайды. Мәселен, біздің ұйым 500 адамның мүддесін білдіреді. Сондықтан үкімет қоғамдық ұйымдардың айтқан пікіріне, сынына төзімділікпен қарап, одан тиісті нәтиже шығара білуді үйренуі тиіс, - деді «Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамының төрағасы Қабыкен Закариянов.

Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 100 ден аса үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Алайда осы ұйымдардың қандай қызмет атқарып жатқаны туралы ақпарат жалпақ жұртшылыққа толыққанды жетіп отырған жоқ.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG