БАҒДАД: БҰҰ-ы өзінің Бағдадтағы өкілдігінде болған жарылыстан жапа шеккендерді Ирақтан алып кетуде. БҰҰ-ының бас хатшысы Кофи Аннан атап көрсеткендей, Ирақтан жараланғандар ғана кетуде, ал ұйымның өзі Ирақтағы жұмысын әрі қарай жалғастырмақ. Сейсенбі күні болған жарылыстың нәтижесінде ең соңғы ақпар бойынша 20-дан аса адам мерт болды. Жергілікті билік пен АҚШ әскерилерінің есептеуінше, құрбан болғандардың саны өсе түсуі мүмкін, өйткені қираған ғимараттың астында әлі де кісілер бар. Құрбан болғандардың бірі – бразильдік дипломат әрі БҰҰ-ның Ирақтағы арнаулы өкілі Сержиу Виейра ди Меллоның қазасына байланысты Ирақта және Бразилияда азнама жарияланды. Ирақтағы Басқару кеңесінің мүшесі Ахмад Чалабидің мәлімдеуінше, қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын аталмыш Кеңес Бағдадта үлкен террористік қастандықтың болуы ықтимал деген ақпар алып, оны АҚШ өкілдеріне хабарлаған. Алайда АҚШ жағы ол жөнінде ләм-мим деп сыр бермей отыр.