Accessibility links

Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнара Өзбекстан экономикасына масыл болды деп сын айтылып жатыр


Орталық Азия мемлекеттерін тек билік басындағылардың өктемдігі, азаматтық қоғамға жол бермеуі біріктіріп отырған жоқ. Президенттердің жеке бастарына сыбайласқан жемқорлық жөнінде сын көп айтылып келеді.

Онымен қоса, президенттердің балалары ел экономикаларының майлы жіліктерін иемденді, ортақ шаруашылықты ақсаңдатып отыр делінеді.
Мұндай сын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу балалары Рахат Әлиев және Тимур Құлыбаевтың атына, үлкен қызы Дариға Назарбаеваның атына айтылады. Қырғызстан оппозициясы Асқар Ақаевтың күйеу баласы, Қазақстан тумасы Әділ Тойғанбаевқа қатты наразы. Ал Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнараның шатағы тіпті әлемдік деңгейге шығып кетті.

Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнараның аты бүкіл әлемге алғаш рет былтыр күйеуі Мансұр Мақсудимен ажырасқанда шықты. Гүлнара 19 жасында американдық өзбек азаматы, кәсіпкер Мансұр Мақсудимен қосылған болатын. Ислам Кәрімовтың билігі күшейген соң Мансұр Мақсуди Өзбекстанда ақша табайын деп, Тәшкентте әйгілі "Кока Кола" компаниясының бөлімшесін ашады.

"Кока Кола" көп ұзамай Өзбекстанның басты инвесторы атанады, қыруар салық жеңілдіктерін алады. "Кока Кола" сусыны Өзбекстанда арасан суынан да арзан болған соң, қолдан жасалған монополист компанияның қожайындары ақшаның астында қалады.

Алайда, тағдырдың тәлкегімен жастар көңіл суытып, екі жаққа тарағанды жөн көреді. Гүлнара мен Мақсуди миллиондаған доллар байлық пен екі баланы бөлісе бастайды. Әлбетте, "Кока Кола" компаниясы бұл сәтте Өзбекстаннан қуылады, кока кола сусыны Өзбекстан азаматтарының шөлін қандыру мәртебелі құқынан айырылады.

Мансұр Мақсуди Америкасына оралып, Нью-Джерси штатының сотына шағымданады. Гүлнара Кәрімова сотқа келмей қояды, сот дүние-мүлік Мансұр Мақсудиге өтсін деп бұйырады. Ең бастысы, екі баланы шешесі әкесіне қайтарсын деп бұйырады американдық сот. Өзбекстанда жүрген Гүлнара бұл бас талапты мойындамайды, Нью-Джерси штатының соты енді оған халықаралық тұтқындалу талабын жариялайды.

Ислам Кәрімов бұл жайтқа қатты намыстанса керек. "Кока Кола" компаниясы Өзбекстанда бизнес жасағанда ел экономикасын тонапты деген айып тағылып, Өзбекстан бас прокуратурасы президенттің бұрыңғы күйеу баласына халықаралық іздеу жариялайды.

Тек Мансұр Мақсуди емес, оның ағасы Фәрід, әкесі Абдұл-Рауф, яки Кәрімовтың бұрыңғы құдасы Абдұл-Рауф Өзбекстан үкіметі тарапынан алаяқ деп жарияланады. Өзбекстан прокуратурасы әкелі-балалы Мақсудилер салық төлемеді, табыстарын жасырды, аса үлкен мөлшерде пара алды, адам бопсалады деп Америка Құрама Штаттарынан оларды ұстап беруді талап етті.

Сөйтіп, жұбайлардың тату тәтті ажыраспағаны Гүлнараның басындағы екінші халықаралық шатаққа әкеліп соқты. Қуыршақтай сүйкімді қыздың басына түскен сын мұнымен тыйылса әңгіме басқа болар еді. Енді Гүлнараның жеке бизнесі жөнінде ақпарат толқыны бұрқ ете түсті. Миллионер-күйеуінің көлеңкесінде екі баланы тып-тыныш әлдилеген жас келіншек өзі де шіріген бай ретінде суреттеле бастады.

Мәліметтерді негізінен Фарход Иноғамбаев деген азамат жариялап жүр. Ол алдыменен Мансұрдың Біріккен Араб Әмірліктеріндегі есеп-шоттарын жүргізген, сосын дәл осы қызметті ажырасқан Гүлнараға жасады. Фарход Иноғамбаев "Америка дауысы" радиосына берген сұхбатында Гүлнара Біріккен Араб Әмірліктерінде компанияларды ашқанын, оларға Өзбекстанның түрлі мекемелерінен, тіпті мемлекетке қатысы бар кәсіпорындардан миллиондаған доллар келіп тұратынын мәлім қылды:

- Міне, мысалы "HSBC" банкісіндегі 2003 жылдың 14 наурызындағы баланста 1 миллион 400 мың доллар көрсетілген. Стандарт бойынша айтылыпты, бұл баланс емес, келіп түскен ақшаның кірісі деп. 2003 жылы 4 көкекте Гүлнара Кәрімованың атына 198 мың доллар келіп түскен. "Сити банктегі" балансқа қарасаңыз - 7 миллионнан асады.

Фарход Иноғамбаев егжей-тегжейлі айтып отырғандай, Гүлнараның қарамағындағы компаниялар Өзбекстанда барлық салықтардан, кеден және басқа бақылауларынан ада. "Файненшл таймс" газеті осы аптада жазғандай, Гүлнара Өзбекстан ұялы байланыс компаниясы "Уздунробитаның" негізгі қожайыны екен. Гүлнара "Құвасай" деген ірі цемет зауытында өзіне қаратып алған көрінеді.

Ресейдің "Ведомости" газеті 20 тамыздағы санында Гүлнара Кәрімова заңсыз ақша жинап жатқан сәтте Өзбекстан халқының сіңірі шыға түскенін жазады. Өзбекстандағы айлық отыз доллардан төмен, ал мұғалімдер мен дәрігерлер тіпті он доллар айлық алады.

Өзбекстан тарапынан халықаралық іздеуге жарияланған Кәрімовтың бұрыңғы құдасы Абдұл-Рауф Мақсуди "Америка дауысына" берген сұхбатында президенттің қызы халыққа масыл болса, елдің көзі қалай ашылмақ дейді. Ислам Кәрімов бір сөзінде өзі айтқан – бір адамның баласы күнә қылса - әкесі жауап береді деп. Қайда қарап отыр енді президент Кәрімов дейді Абдұл-Рауф Мақсуди:

- Ислам Кәрімов сессиядағы сөзінде өзі айтқан – бір адамның баласы күнә қылса - әкесі жауап береді деп. Қызы осынша жыл жаман іс қылыпты. Қызының істерінен хабарыңыз болса – оқыңыз газеттерді: не қылып жатыр ол, несі бар оның, қай банктерде ақшасы бар. Мұның барлығын біліңіз, сұрастырыңыз!

Міне, Өзбекстан президентінің қызының бір емес, бірнеше хиқаясы осындай. Гүлнараның өміржолына тағы көз салсақ, бір қатар ақпарат бұлағы Гүлнара сыртқы істер министрі Садық Сафаевпен қосылыпты деп өткен аптада жар салды.

Өзбекстан оппозициясы "көрім болды, Кәрімовтың ұлы жоқ, өзі ауыр науқас, билікті алғыр да сенімді Садық Сафаевқа тапсырады" деп, қызылкеңірдек болып жатыр. Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Садық Сафаевтың екінші рет үйленгенін жоққа шығарды. Дегенмен, бұл енді екі азаматтың жеке шаруасы. Ислам Кәрімовтың күйеуден қайтқан бір емес, екі қызы қанша рет неке қиымын деседе өз еріктері.
XS
SM
MD
LG