Accessibility links

Осыдан 35 жыл бұрын Варшава шартына мүше елдер әскерлері Чехословакияға басып кірді


Осыдан 35 жыл бұрын, дәл осы аптада Варшава шартына мүше елдер әскерлері Чехословакияға басып кірген болатын.

Осыдан 35 жыл бұрын Варшава шартына мүше елдер әскерлері Чехословакия жеріне басып кірген болатын. Ондағы басты мақсаттары сол кездері “Прага көктемі” деген атпен белгілі болған демократиялық реформаларға нүкте қою еді.

Нақтылай айтқанда тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түнде, 1968-ші жылы 200 мыңнан аса солдаттар шекарадан басып кірген болатын. Аз ғана қарсылықтарға кездесе отырып, олар ел астанасы Прагаға да басып кірген еді.

Бұл жөнінде Азат Европа радиосының Мюньхен қаласындағы Чехословакия бөлімі былайша хабар таратқан болатын. “Кеше, 1968-ші жылдың 20-шы тамызында шамамен таңғы 11-лер кезінде Совет, Польша, Шығыс Германия, Венгрия мен Болгария әскерлері Чехословакия республикасының шегарасын қиып өтті. Бұл жағдай ел басының, Парламент төрағасының, өкімет басшысының, Коммунистік партия Орталық комитетінің бірінші хатшысы Александр Дубчектің және де басқа ресми өкілдердің келісімінсіз жүзеге асырылып отыр, - деп хабар таратқан болатын Азат Европа радиосы сол күндері.

Бұл оқиғаларға себеп болған жағдай төмендегідей еді. Жыл басында Александр Дубчектің Коммунистік партияның бірінші басшысы боп тағайындалуымен елде қысқа мерзімге болса да демократиялық жаңаруларға деген талпыныстар зор өріс алған еді. Бұл реформалардың басты мақсаты сол кездері мықтап орнығып қалған цензура мен биліктегі өктемдікті әлсірету еді.

Осыған орай коммунистік партияның ықпалын азайту да басты мүдделердің бірі еді. Осыдан кейін мұндай реформалық ұмтылыстарды тоқтату жөнінде қызыл Кремль бірнеше рет ескерткен болатын. Мұндай ескертулерге ресми Праганың құлақ аса қоймағанын байқаған Совет басшылары шілде және тамыз айларында аталған ел шекараларына Варшава шартына мүше елдер әскерлерін шоғырландыра бастаған еді.

Елге басып кіру жөніндегі бұйрық 17-ші тамызда берілген екен. Баса-көктеп енген әскерлер саны мен олардың әбжіл қимылдары чехословактықтар үшін аспаннан жай түскендей болғаны рас. Тіпті мына болып жатқан оқиғаларға сенер-сенбесін білмеген бірінші хатшы Дубчектің өзі: “Мыналар осының бәрін мен үшін жасап жатыр дегенге сене алар емеспін”-, деген екен өз-өзіне.

Паргаға таңғы мезгілде келіп кірген әскерлер бірінші кезекте Чехословакияның мемлекеттік радиосына оқ жаудырып, оны басып алады. Алайда, ғимарат жертөлесінен хабар бере бастаған журналистерді ешқандай кедергі тоқтата алған емес.

Енді Слава Волни деген журналистің сол сағаттардағы мына бір хабарына құлақ түріп көрелік.

“Вацлав алаңында атыстар үні таңғы 11-ден 15 минут кеткенде естіле бастады. Халық өзге көшелерге қаша бастады. Жедел жәрдем көлігі алаңмен төмен қарай заулап барады. Алаңның жоғарғы жағында танкілер келеді. Солдаттар пулеметтен оқ жаудыра бастады”, - деп ел тұрғындарына оқиғаның болып жатқан жерінен радио журналистері хабар беруін жалғастыра берген болатын.

Әрине, Дубчек және басқа да реформашылар ұсталып, сұраққа алыну үшін Мәскеуге әкетілген еді. Оның орнына кейін бірінші хатшылыққа тіл алғыш Густав Хусак келген болатын. Бұдан кейін ондаған мың чехтар мен словактар шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Тағы бірнеше мыңдаған адамдар қоғамдық салалардан кетуге мәжбүр еді. Осылайша “Прага көктемінен” кейін келген қыс 20 жылға созылған болатын. Бұл оқиға Варшава шартына мүше елдер арасында терең сызаттың пайда болуына, сондай-ақ Совет өкіметінің жеңімпаз күшіне деген сенімсіздікке әкелген еді.
XS
SM
MD
LG