Accessibility links

Қырғызстан: Манас әуежайы маңындағы тұрғындар америка әуе күштерінен өтемақы талап етуде


Қырғызстан елдегі ең ірі Манас әуе жайын Ауғанстандағы соғысқа байланысты Америка әуе күштеріне жалға беріп қойғаны белгілі.

Соңғы күндері ұшып-қонуы жиілеп кеткен ұшақ үнінен мезі болған әуежай маңының тұрғындары Америка әуе күштерінен өтемақы талап етуде.

Бішкек қаласынан 30 км жерде орналасқан Америка әуе базасының яғни американдықтарға жалға берілген Манас әуе жайының маңында негізінен зейнеткерлер тұрады деп жазады Соғыс және Бейбітшілік институтының тілшілері.

Бұл әуежайда Америка және оның еуропалық одақтастарының 1600 жауынгері 30-дан астам қырғиұшағы шоғырланған. Күнде ұшып-қонып жатқан ұшақ үндерінен мезі болған әуежай маңындағы тұрғындар өз қарсылықтарын білдіре бастады. Тұрғындар "әскери әуебаза уақытша орын тепті деп еді, енді бүгінде оның уақытша емес екені белгілі болды" дейді.

Манас әуежайы маңындағы 450 үй өкілі Лидия Булавкинаның айтуынша ұшақ шуына шыдамаған тұрғындар егер шетелдік әуебаза өтемақы төлесе үй-жайларын тастап басқа жаққа көшуге әзір. Тұрғындар Америка әуебазасынан бұл шара үшін 400 мың доллар өтемақы талап етті. Егер, бізге аздап қаржы берсе біз көшуге әзірміз дейді Лидия Булавкинаның ері Борис Булавкин. Егер де, әуебаза біздің бұл талаптарымызды орындамаса онда біз шетелдік ұшақтардың жолына көлденең түсіп жатып алатын боламыз дейді бұл зейнеткер.

Ашулы зейнеткерлер бұл проблеманы өткен жылы Қырғызстан үкімет басы Николай Танаевқа хат жазып мәлімдегенбіз дейді. Одан түк шықпады енді халықаралық сотқа жүгінеміз. "Қырғызстан үкіметіне бір емес, бірнеше хат жазғанбыз. Ол аз болса Қырғызстандағы Құрама Штаттары елшілігіне де жүгінгенбіз. Шетел әуебазасының басшылығына да хат түсіргенбіз, бәрінен де қайыр болмады" дейді зейнеткер Лидия Копулова. Американдық әскерилер бұл талапты орынсыз деп біледі.

Бұл проблеманы Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі тексеріп көрді. Тұрғындар денсаулығының шудан зардап шегіп жатпағаны дәлелденді дейді. Ал, тұрғындар болса шетелдік ұшақтар ылғи да қонарының алдында жанармайын үстімізге төгеді деп зар қақсайды. Үнемі ұшақ қонғаннан кейін төңірегіміз бензин сасып кетеді дейді. Мысалы, шілденің 8 күні Боинг ұшағы қонар алдында 35 тонна бензин төккен.

Америка әуе күштерінің капитаны Ален Херритадж "ондай қонар алдында бензин төгетін төтенше жағдай сирек болады. Ондай жағдайда ұшқыштар бензинді ел тұрмайтын далаға төгеді" деп ақталады. Ал, төрт баланың анасы Анара Шакирова болса үй төбесінен арылдап ұшақ ұшып өткенде балаларым шошып кереуеттің астына кіріп кетеді дейді.

Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігі болса біз бұл аймақтың топырағын тексердік, төгілген бензин таппадық тұрғындар түймедейді түйедей етіп отыр дейді. Жергілікті бір журналис американдықтар тұрғындардың бұл-талап тілектерін орындамайды деп біледі. Егер орындар болса, онда одан бетер арыз-шағымның астында қалады. Өйткені, арызданып ақша тапқысы келетіндер көбеймек дейді.
XS
SM
MD
LG